Экономика • 02 Маусым, 2022

Сәуір айындағы сауда-саттық

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәуірдің соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы (АІХ) компаниялардың жалпы нарықтық капиталдандыруы 24,9 млрд доллардан асты. Биржадағы сауда-саттық көлемі 21 599 206 долларды құрап, наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,8 есе артты. Сәуірдегі нарықтық белсенділік бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (22 910 467 доллар) сәл төмен болып шықты.

Сәуір айындағы сауда-саттық

Сәуірдің соңындағы жағдай бойынша, АІХ-тің ресми тізіміне 84 эмитенттің 126 бағалы қағаздар шығарылымы кірді. Оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) пен 17 ETN (Exchange traded notes) бар. 18 қазақстандық және 12 халықаралық брокер АІХ-тің сауда мүшелері болып саналады. АІХ-тің Орталық депозитарийінде инвесторлардың 306 мыңнан астам шоты ашылды. Шоттардың саны Jusan Invest брокерінің 128 мыңнан аса шот ашуы есебінен айтарлықтай ұлғайды.

Сәуірдің соңында АІХ-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың («Қазатомөнеркәсіп», Polymetal, «Халық банк», Ferro-Alloy Resources Limited, «ЦентрКредит Банкі», Kaspi.kz) жалпы нарықтық капиталдандыруы 24,9 млрд доллардан асты.

2022 жылғы сәуірде АІХ-тің ресми тізімі «Халық банктің» жалпы сомасы 200 млн долларды құрайтын, ку­пон­дық мөлшерлемесі 2,5 пайыз үш жылдық облига­ция­ларының листингімен толықты. Отандық банк секторы көшбасшысының облигацияларын шығару 500 млн доллар сомасындағы облигациялық бағдарламасының бірінші траншы болып саналады.

AIXQI индексі 932.51 пункттен 863.49 пунктке дейін, яғни 7,4 пайызға төмендеді. 9 компанияның үшеуі ғана айды оң нәтижемен аяқтады. Ең жақсы өсімді Kaspi.kz акциялары көрсетті, олардың өсуі 22,4 пайызды құрады. Kaspi.kz құнының өсуіне компания қызметінің оң нәтижесі қозғау салды. 2022 жылдың 1-тоқсанындағы таза пайда 117 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың 1-тоқсанына қарағанда 49 пайызға көп. Бұған қоса Kaspi.kz компаниясының директорлар кеңесі Лондон қор биржасында 100 млн доллар сом­асына ғаламдық депозитарлық қолхаттарды сатып алу бағдарламасын бекіткенін хабарлады.

Central Asia Metals акцияларының бағасы аздап өсті (+1,7 па­йыз). Базалық металдарға өскен сұраныс компания биз­несінің ұзақ мерзімді келешегіне оң әсерін тигізуде. «Банк ЦентрКредиттің» акциялары сәуірді жасыл аймақта аяқ­та­ды (+1,41 пайыз). Банк сәуірде «Альфа-Банкпен» қаржы инс­ти­ту­тының Қазақстандағы еншілес банкін сатып алу бойынша түбе­гейлі уағдаластыққа қол жеткізді. Соған сәйкес «Банк ЦентрКредит» ресейлік банктің еншілес ұйымының 100 пайыз жай акцияларын сатып алып, оның жаңа акционеріне айналады.

«Қазақтелеком» акцияларының құны аздап төмендеді (-0,64 пайыз). «Халық Банк» акциялары сәуірді құлдыраумен аяқтады (-6,32 пайыз). Акционерлердің жиналысында қабылданған 2021 жылға дивиденд төлемеу туралы шешімді нарық теріс қабылдады. Сонымен қатар сәуірде «Халық Банк» 330 млрд теңге көлеміндегі «Сбербанк» портфелінің бір бөлігін сатып алғанын атап өткен жөн.

Сәуірдің қорытындысы бойынша Kcell акциялары -17,64 пайызға төмендеді. Компания басқармасының төрағасы телеком-оператор акцияларының құнына ықтималды әсер ететін факторлар болуы себепті нарықтың мұндай жауабын негіздеудің қиын екенін атап өтті. Олардың қатарына іргелі макроэкономикалық көрсеткіштер мен геосаяси тәуе­келдерді жатқызуға болады. 2022 жылдың 1-тоқсаны бо­йынша жарияланған есептілікке сәйкес, қаржылық көрсеткіштер тұрақты болып қалыптасты.

KazTransOil-дың жарияланған есептілігі мен дивидендтер төлеу жөніндегі жарияланған шешімі нарықтың күткеніндей болмады. Айдың қорытындысы бойынша мұнай құбыры компаниясының акциялары айтарлықтай төмендеді (-21,13 пайыз). Жоғары геосаяси шиеленістің Polymetal акцияларына қысымы жалғасуда. Ол сәуірде -27,08 пайыз жоғалтты. Нарық сонымен бірге Ресейге қарсы қолданылған санкциялардың «Қазатомөнеркәсіпке» әсер ету әлеуетін де жоғары бағалап отыр. Оның акциялары сәуірде -14,05 пайызға төмендеді. Санкциялық режім әзірге уран саласына әсер еткен жоқ. Алайда «Қазатомөнеркәсіп» орын алған жағдайдың барлық ықтималды тәуекелдері мұқият бағаланып отырғанын ресми хабарлады. Компанияда тәуекелдерді барынша азайтуға және өз акционерлерінің мүддесін қорғауға күш салынатыны аталып өтті.