Әлем • 02 Маусым, 2022

Дағдарыс жайлаған Ұлыбритания

560 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сарапшылар аузын айға білеген Ұлыбританияның соңғы 10 жыл­дықтағы саяси, әлеуметтік, демографиялық жағдайына сараптама жасады. Олардың айтуынша, қазірде Корольдік тұрғындарынан маза кеткен. Әлеуметтік көмек бұрынғыдай берілмейді, жәрдемақы көлемі қысқартылған. Ал елдегі дағдарысқа ел Үкіметі не дейді?

Дағдарыс жайлаған Ұлыбритания

«Премьер-министр Борис Джон­сон жақтастарымен бірге елдегі кедейлік деңгейінің өсуіне COVID-19 пандемиясы мен Украи­надағы соғысты кінәлі деп есептейді. Өйткені екеуі де инфляцияның өсуіне себепші болды. Алайда елдегі дағдарыс бірте-бірте соңғы он жылда басталып, қазірде шырқау шегіне жетті», дейді сарапшылар.

Ұлыбритания мұндай жағдайға қалай келді? Лейбористердің би­лік құрған кезінде 1997-2010 жыл­дар аралығында «жәрдемақы алаяқ­тығын» ауыздықтауға және бри­тандық әл-ауқат жүйесін қатаң­датуға ерекше көңіл бөлінді. Бі­рақ Блэр мен Браун үкіметтері са­лық жеңілдіктері есебінен балалар арасындағы кедейлік деңгейін кем дегенде 1 миллионға азайтуға уәде берді. Уәдесін орындады да. Ал Дэвид Кэмерон, Ник Клегг және Джордж Осборнның үкіметі мүлдем басқаша болды. Әлеуметтік жеңілдік, кедейлік, жұмыс туралы айтқан жетекші саясаткерлердің үні бұрынғыдан да зор болып, елдің «әл-ауқатын» түбегейлі өзгертуге жол ашты.

Жоғарыда айтқан «жәрдемақы алаяқтығын» елдің бұрынғы пре­мьер-министрі Дэвид Кэмерон «Әділет тек үкіметтің көмектерін кім алатыны тұрғысында ғана емес, теңдеудің басқа бөлігі салық арқы­лы оларға көмек берушілерде жатыр. Мәселен, көрші отбасы жұмыс істемей-ақ жәрдемақыға күн көрсін деп, күн сайын аянбай жұмыс істейтін адамнан көбірек ақша алады – бұл әділдік пе? Егер сіз жұмыс істей алатын жағдайда болсаңыз, бірақ жұмыс істеуден бас тартсаңыз, біз сізге өзгелердің тер төгіп тапқан еңбегімен өмір сүруге жол бермейміз» деп түсіндіріп, 2010 жылдың қазан айында премьер-министр болғаннан кейін бес ай өткен соң осылай деп мәлімдеген болатын. Осылайша, билік үнемдеуге көшті. «2010-2021 жылдар аралығында жәрдемақыға жұмсалатын шығындардан шамамен 37 миллиард фунт стерлингке қысқартылды» дейді сарапшылар. Осы жерде сарапшылар биліктің бұл саясатын қолдағандай болды. Бұлай дейтініміз, жұмысқа жарамды Британияның тұрғындары арасынан жалақыны місе тұтпай жәрдемақы алу әлдеқайда тиімді деп Үкіметтен ақша алып келгендер табылды. Ал билік оны біле тұра заңмен бекітілген қағидаға қарсы шыға алмай, ай сайын жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы төлеуге мәжбүр болды. Билікке Кэмерон келіп «өзгерістер» орнатты. Со­дан бері сарапшылар елдегі әлеуметтік жағдайды жіті бақылап келді. «Ақырында, үкімет өздері қолдан жасаған қысымнан жеңіліп, мұқтаж адамдарға ауқымды көмек пакетін жариялады. Бірақ бұл іс-шаралар уақытша қолға алынды. Жұмыспен қамту орталығының мә­лі­меті бойынша, 40 мыңға жуық адам­ның жәрдемақысы қиылған немесе қысқартылған.

2013 жылы жәрдемақы көле­мі жылына 26 000 фунт болып белгі­ленді. Жалғызбасты тұрғындар үшін бұл аптасына 350 фунт стер­лингті құрады. Үш жылдан кейін бұл қаржы Лондондағы отбасылар үшін жылына 23 000 фунт стер­лингке және жалғызбастылар үшін 15 410 фунт стерлингке дейін қысқартылды. Елдің басқа бөлік­терінде бұл көрсеткіштер £20,000 және £13,400 болды. Дункан Смит, бұл өзгерістерді «жұмыстағы еңбек адамына қарағанда жәрдемақы алатын адамның көбірек жалақы алуы әділетсіз», деген идеямен бай­ланыстырды. Мұның кері салдарын әсіресе балалары бар отбасы­лар көрді. Ұлыбританиядағы мүмкіндігі шектеулі отбасының 85%-ының балалары бар, ал барлық мүмкіндігі шектеулі шаңырақтың 65%-ы жалғызбасты ата-аналар – нағыз жәрдемақыға мұқтаж адамдар.

«Жалпы алғанда биліктегілер экономиканың қанаушы салаларына араласқысы келмейді, сондықтан дағдарыс жалғасуда», дейді сарапшылар.

Әмбебап несиенің салдары

Ұлыбританияның жәрдемақы жүйесіне бірқатар өзгеріс 2012 жы­лы Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау туралы заңмен енгізіл­ді. Үкімет еңбек жасындағы тұрғын­дарға әдеттегідей апта сайын емес ай сайынғы бір реттік төлемге құ­рылған әмбебап несиені енгізді. Бұл несие 6 жәрдемақының орнын басты. «ХХІ ғасырда өркениетке жетудің уақыты келді. Бізге кейінге емес, алға жылжып, жетістіктерге жетелейтін жүйе қажет», деді Ең­бек және зейнетақы министрі Ян Дункан Смит. Ал апта сайын жәр­демақы алып үйреніп қалған халыққа айына бір рет ақшалай көмек алу қиындық туғызды. Мәсе­лен, балаларға берілетін жәрдемақы үй шаруашылығына төленетін бірың­ғай төлемге қосылып, отба­сылық бюджеттің қомақты бөлігі ер адамдардың мойнына ілінді. «Бұл отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларына алып келді. Сонымен қатар балалар жәрдемақысы 10 жыл ішінде төрттен бір бөлігін жо­ғалтты», дейді Балалар кедей­лі­гімен күрес жөніндегі топтың (CPAG) атқарушы директоры Элисон Гар­нхэм. Сондай-ақ әмбебап несиеге өтініш беру және оны алу арасындағы бес апта немесе одан да көп кешіктіруге байланысты күрделі мәселелер туындады. «Бұл адамдарды қарызға батырды», деп қосты ол. Ал осы кезде Trussell Trust қайырымдылық өндіріс банкі 2017 жылы әмбебап несие алушылардың саны 30 пайызға өскенін айтты. Мұндай әлеуметтік реформа әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай әсер етті. «Ұлыбританиядағы 13 миллион мүгедектің 30 пайызы, яғни 3,8 миллион ересек пен 300 мың ба­ла кедейлікте өмір сүріп жатыр» дейді Ұлттық статистика агент­тігіне сілтеме жасаған сарапшылар. Әмбебап несиені енгізу аясында үкімет мүгедектік бойынша қосымша төлемді алып тастаған, атап айтсақ мүгедек адамдар немесе олардың қамқоршысы аптасына шамамен 58 фунт стерлингтен айырылды. Бұрын Вестминстер мен Уайтхоллдан мемлекетке бөлі­нетін қаржы мөлшері бірнеше есе қысқартылғандықтан, көптеген жергілікті билік мүгедектерге әлеу­меттік көмек көрсету үшін төлемдер енгізді немесе көбейтті. «Олардың барлығы адамдардан неғұрлым көп ақша алудың жолдарын қарастыра бастады. Бұл көптеген мүгедектер әлеуметтік көмек үшін әлдеқайда көп ақша төлеуге мәжбүр екенін білдіреді. Ал бұл қадам олардың күнкөрістерін одан әрі нашарлатты. Мүгедектерге қандай да бір қосым­ша қаржы бөлінсе, билік соны бірден қайтарып алуға тырыс­ты», дейді мүгедектер құқығын қорғаушы және «Мүгедектерге қарсы соғыс» кітабының авторы Эллен Клиффорд.

Тұрақты жалақының «тұрақтылығы»

Статистикалық мәліметтер көрсеткендей 1992-2008 жылдары британдықтардың жалақысы 36%-ға өскен. Ал 2008-2024 жылдар аралығында елдің Бюджетті жоспарлау басқармасы жалақы 2,4 пайызға ғана өсуде деген болжамды мәлімдеді. «Мемлекеттік секторда қызмет істейтін 5,7 мил­лион адам үшін жалақының нарық­тағы бағаға сәйкес келмеуі – саналы түрде жасалған саясат», дейді есеп-қисап сарапшылары. 2009 жылы лейбористер мемлекеттік сектордағы жалақының өсуін 1%-ға дейін қысқартты, олардың бұл сая­саты 2017 жылға дейін сақталған. 2020 жылдың қарашасында билік мемлекеттік қызметкерлер үшін тағы да ереже енгізді. Бұл мұғалімдер, полиция, өрт сөндірушілер, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері үшін қиынға соқты. Соңғы дерек­тердің көрсеткіші бойынша мемле­кеттік сектордағы орташа жылдық сыйақы 2022 жылдың наурыз айында небәрі 1,4%-ды (жеке секторда ол 2,2%) құраған.

Демографиялық шектеу

2017 жылы елде бала туу көрсет­кішіне екі балаға дейін шектеу ен­гізілді, «егіздер мен үшемдерге айып­пұл салынбайды» деген шартпен балаларға салық несиелері мен әмбебап отбасылық несие төлемдеріне қатаң шектеу қойылды. Оны Еңбек және зейнетақы министрі Дункан Смит «ата-аналарға бала­лардың ақшаға тұрарлық екенін ұғындыру» үшін жасалған саясат екенін түсіндірді. Алайда Нуффилд қоры қаржыландырған зерттеу кедей отбасылардағы балалардың саны өзгеріссіз қалғанын айтады, әдетте мұндай отбасыларда 3 немесе одан да көп бала туылады. «Дегенмен екі балаға шектеу қою балалар кедейлігінің ең үлкен драйверіне айналды, бұл үш баласы бар отбасыларды айына 250 фунт стерлинг немесе жылына 3000 фунт стерлингтен айырды», дейді сарапшылар.

Қорытындылай келе, «Он жылдай уақыт бойы үкімет адамдарды жәрдемақылардың қысқартуымен қорқытып, кез келген жұмысты істеуге итермеледі, адамдар жалақы мөлшеріне де қарамастан екі қолға тиген бір күректен айрылып қалмау үшін барлық еңбек шартына келісім берді. Мұның бәрі адамдарды төмен жалақы алатын жұмысқа тарту­дың бір жолы еді», дейді CPAG қыз­меткері, сарапшы Гарнхэм.