Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 2010 жылы туған ең үздік жас спортшылар былтырғы әлем чемпионатының төртінші орын иегерлері және Еуропа чемпионатының қола жүлдегерлерімен терезесі тең ойын көрсетті. Бас бапкер Какау бастаған, қақпашы Игита мен алаңдағы ойыншылар Альберт Ақбалықов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Шыңғыс Есенаманов, Эдсон сынды саңлақтар қоштаған жұлдыз футзалшылар жас өрендерден айласын асыра алмады. Аса тартысты өткен ойында 16 гол соғылып, матч тең есеппен аяқталды.
Ойын жолдастық кездесу ретінде болғанымен, алаңда қос тарап бір-біріне дес берген жоқ. Ешкім де аянып қалғысы келмеді. Игитаның алыстан тепкен добынан кейін есепті бірінші болып ашқан ұлттық құрама ойыншылары бірінші таймда 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Екінші таймда да ойын қарқынды басталып, кездесу әдеттегідей алма-кезек шабуылға ұласып жатты. Бірақ болашақ чемпиондар да қарап қалған жоқ. 1:5 есебімен жеңіліп жатып, матч соңына дейін таразы басын теңестіріп кетті. Кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда Альберт Ақбалықов таблодағы көрсеткішті 8:7-ге жеткізгенімен, ұлттық құрама ойыншылары жеңісті уысында сақтай алмады. Соңғы шабуылдарын сәтті өткізген жас өрендер есепті теңестіріп үлгерді. Қорытынды есеп – 8:8.
Жолдастық кездесу аясында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев футзалдан Еуро-2022 доп додасында 7 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанған Біржан Оразовқа марапатын ресми табыстап, ҚФФ футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаевты алғыс хатпен марапаттады.
Ал ойынға қатысқан кішкентай балаларға ұлттық құрама мүшелері естелік сыйлықтар табыстап, көрермендер мен жанкүйерлер футзал жұлдыздарымен естелік суретке түсті.