90 мың жанкүйер сыятын әйгілі «Уэмбли» стадионында өткен матчта Оңтүстік Америка өкілдерінің мерейі үстем болды – 3:0. Матчтың 28-минутында аргентиналық Лаутаро Мартинес есеп ашса, бірінші таймның соңында Анхель Ди Мария таблодағы есепті еселеді. Ал екінші таймның соңында Италия чемпионатындағы үздік сұрмергендердің бірі Пауло Дибала Доннарумманы қапы қалдырып, ойынның нүктесін қойды. Осылайша, алғаш рет ұйымдастырылған Финалиссимада Аргентина құрамасы топ жарды. Ал Лионель Месси матчтың үздік ойыншысы атанды.
Айта кетейік, Еуропа чемпионы мен Оңтүстік Америка кубогының иегерлері бақ сынайтын Финалиссима матчын өткізу 2021 жылдың 15 желтоқсанында бекітілген болатын. Енді келесі жолғы турнир 2028 жылы ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.