Астана қаласының тұрғыны Әлішер Құдайбергенов қала маңынан табиғатта өте сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» енгізілген сабаншы ұстап алды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Ескерте кетейік, сабаншы деп жұрт манулды, яғни жабайы мысықты атайды.
Астананың шетінде тұратын Әлішер Құдайбергенов өз үйіне жақын орналасқан екпелі ағаштарды жиі аралап тұрады екен. Ол орманға соңғы барғанында жыртқыштар тобына жататын мысық тұқымдас ірі, салмағы 6 килограмдай сабаншыға тап келеді. Әлішердің соңынан ерген итті көргенде әлгі мысық қаша жөнелмей, айбат шегіп, қарсы шабуылдайтындай сыңай білдірген. Сол кезде жігіт саспай, жіті қимылдап, ебін таба қолындағы қабымен әлгі жабайы мысықты тырп еткізбей ұстап алады.
Әлішердің «олжасын» бүкіл көршілері көріп, қызықтап, оны етпен қоректендіріпті.
– Мен бұл сабаншыны үйімде асырағым келген, бірақ оның «Қызыл кітапқа» енген жыртқыш екенін білгендіктен, жүрген жеріне қайтадан апарып тастадым. Оны босатып жібергенімде, менің жанымнан ұзауға асыға қоймады, – дейді Ә.Құдайбергенов.
Сабаншы – өте сирек кездесетін жыртқыш. Оның жер бетінде қаншасы қалғаны әзірге белгісіз. Шетелдік көптеген ғалымдар бірнеше рет осы жабайы мысықты табу мақсатында Қазақстан аумағында арнайы экспедиция ұйымдастырған. Бірақ оны кездестіре алмапты.
Дегенмен, кейінгі жылдарда Қазақстан аумағында дала тышқандары көбейе түскендіктен, сабаншылардың да саны арта бастапты. Өйткені, манулдың негізгі қорегі – тышқандар.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Zakon.kz.
Фото: Bigmir.net.