Елорда тұрғындары 5 маусымда сайлау учаскелеріне барып, еліміздің болашағы үшін маңызды таңдау жасайтынын, өздерінің конституциялық құқығын пайдалануға дайын екендіктерін білдірді.
«Шақырту алдым, пәтеріме әкеліп, қолыма ұстатты. Әрине, бәріміз барамыз деп дайындалып отырмыз. Қазақстанның барлық азаматы еліміздің ертеңіне әсер ететін шешімге қатысуы керек. Біз алға жылжып, өркендеуіміз керек», деп атап өтті астаналықтар.
Елордалықтардың көбісі конституциялық түзетулерді қолдайтынын жеткізді:
«Кез келген салада өзгеріс қажет, әркім жаңа нәрсе жасауға ұмтылуы керек. Өзгерістер қажет, 30 жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемалар көп, енді үлкен өзгерістерді күтеміз. Жексенбі күні әрине, бүкіл отбасымызбен барамыз».
«Міндетті түрде барамыз, өз пікірімізді айтуымыз керек. Әр адам өз пікірін жасырмай, айта алатын кезең өте маңызды деп есептеймін. Бұл Қазақстанның әрбір азаматы үшін үлкен артықшылық деген ойдамын. Өз құқығымызды пайдалануымыз керек», дейді қала тұрғындары.