Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, барлық ұлттық экономиканың өсуі мен дамуы білім, ғылым жүйелерінің жаңаруымен, халыққа білім беруді инновациялық тұрғыдан дамытумен, кәсіптік білім беруде заман талабына сай мамандықтар ашу, халықты оған кеңінен тарту арқылы сапа жағын да үйлестіре отырып, жүргізілгенін байқаймыз. Өйткені, білім берудің экономикалық тиімділігі ұлттық экономика жүйесінің құрылымының қарқынды дамуының негізгі көзі болып табылатыны және экономиканың барлық саласында сапалы кәсіптік кадр әлеуетін қалыптастырудағы үлесінің зор екенінен көрсетеді.
Мысалы, Әлемдік банктің мәліметіне сүйенсек, адам капиталы әр мемлекеттің жалпы ұлттық байлығының 64%-ын құрайды, ал АҚШ-тың ІЖӨ көлемінің 45%-ы білім, ғылым және жоғары ақпараттық технологияны пайдалану жүйелерінің үлесіне тиеді екен.
Осы орайда халықаралық стандарттарға сәйкес үлгідегі жоғары білім беру, оның мазмұны мен сапасын жақсарту арқылы білікті, білімді жаңа тұрпатты мамандар даярлауды инновациялық негізде жүзеге асыруға басымдық беру қажеттігі туындап отыр. Яғни, кәсіпорындардың сұранысына сай мамандар даярлау мақсатында көп деңгейлі жоғары білім беру түрлерін, кәсіби біліктілігі жағынан талаптарға сай мамандар әзірлеу үшін жаңа стандарттар мен бағдарламалар жасау, жаңа мамандықтар ашу әлеуметтік-экономикалық жүйенің қажеттілігіне байланысты оқу үдерісіне инновациялық сипаттағы жаңа пәндерді енгізу, ақпараттық технологияларды пайдалану аясын кеңейтуді жақсарту мен мамандар дайындау жүйесін әртараптандырудың маңызы зор болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның аса ірі оқу-әдістемелік және ғылыми орталығының бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ұжымында да нарықтық экономиканың тетіктері мен тәсілдерін терең меңгерген жаңа тұрпатты жоғары білімді мамандар шығару жөнінде жауапты, әрі жан-жақты игілікті істер атқарылуда.
Университеттің экономика кафедрасының ұжымы экономикалық білім берудің үздіксіздігін қалыптастыру мен дамытуды одан әрі жақсарту, білім берудің әлемдік озық технологиялары мен түрлерін оқу үдерісіне енгізу, кәсіптік білім беруде ел экономикасының әр түрлі салаларының сұранысына байланысты жаңа мамандықтар ашу, оларға арнап арнаулы оқу стандарттары мен бағдарламалар жасау, дамыған елдердің тәжірибесін және әртараптандырудың төмендегідей тетіктері мен үлгілерін кеңінен пайдалана отырып жұмыс жүргізуде.
Бірінші үлгі – жаңа мамандықтар мен мамандандырулар ашу. Қазақстаннның ұлттық экономикасының бәсеке қабілеттілігінің деңгейін арттыру қажеттілігі туындап отырған жағдайда адам капиталын ұтымды түрде қалыптастыру, дамыту және оны пайдалану өзекті мәселенің бірі болып отырғаны белгілі. Экономикаға әсер ету жағынан адам капиталының басқа ресурстарға қарағанда ең маңызды және пәрменді рөл атқаратыны мәлім. Яғни, экономиканың инновациялық дамуы, өндірістің экономикалық тиімділігінің артуы, ғылым, техника саласындағы және елдің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі жетістіктерге қол жеткізу көбінде адам капиталына байланысты болып отыр.
Қазіргі таңда адам капиталын пайдалануда еңбекті ұйымдастыру және нормалау саласындағы мамандар өзінің дәрежесі және кәсіби маңыздылығы бойынша әлемдік экономика жүйесінде де, еліміздің ұлттық экономикасының аясында да аса жоғары cұранысқа ие екені белгілі. Мысалы, олар экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда, әр түрлі бизнес, коммерциялық және қаржылық құрылымдарда да, мемлекеттік орталық және жергілікті басқару органдарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, т.б. жүйелерде үлкен сұранысқа ие болып отырғаны анықталып отыр.
Сол себепті 2009 жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің экономика кафедрасында еліміздің жетекші ғалымдары мен кәсіпорындардың мамандарын қатыстыра отырып “Еңбекті ұйымдастыру және нормалау” бағдарламасы аясында жаңа мамандық бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты әзірленді. Мамандықты бітірген азаматтарға Экономика және бизнес бакалавры деген академиялық дәреже беріледі. Бұл мамандық бойынша 2010 жылы оқу орнына студенттер қабылдауға жан жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл мамандық бойынша магистратура мен ғылым докторының (Ph.D) бағдарламасы бойынша стандарттарды жасау жұмыстары да жүргізілуде.
Екінші үлгі – магистранттарды даярлауды әртараптандыру. Кафедра ұжымы қалыптасқан экономикалық мамандық бойынша кадрлар-бакалаврларды дайындауды да одан әрі жақсартумен қатар, магистранттарды даярлауды да әртараптандыру тұрғысынан жақсартуға басымдық беріп отыр. Мысалы, кафедра негізінде белгілі ғалымдар мен шаруашылық жүйесінің мамандарын қатыстыра отырып, 2008 жылы “Экономика” мамандығы бойынша қазіргі заман талабына сай магистратураның жаңа стандарты дайындалып, оқыту жүйесіне енді. Бұл стандартта магистратура деңгейінде кадрлар даярлауды инновациялық тұрғыдан ұйымдастырумен қатар, еліміздің әр түрлі жүйесіне аса қажетті кадрларды әртараптандыру тетіктерін пайдалану арқылы жүргізуге де кең мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, экономика мамандығының аясында нарықтық жүйеге аса қажетті деген мамандандырулар ашып, жоғары білікті кадрлар дайындау жолға қойыла бастады.
Осы тұрғыдан алғанда, жоғары білімді экономистерді даярлауда соңғы жылдары олардың нарықтық экономика тетіктерін игеріп қана қоймай, шаруашылық жүргізудің алуан түрлі құқықтық негіздерін білудің қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Сондықтан кафедрада бейіндік магистратура бойынша Экономика және құқық мамандандыруы ашылды. Бұл бағыттағы магистерлерді даярлау кезінде стандартқа сай міндетті пәндермен қатар элективтік (таңдау) пәндер ретінде магистерлер конституциялық құқық, азаматтық құқық, қаржылық құқық, салықтық құқық, т.б. пәндерді тереңдетіп оқып-үйрену көзделген.
Атқарылған жұмыстардың негізінде, ағымдағы оқу жылында “Экономика” мамандығы бойынша магистратураға 94 адам құжат тапсырып, оның 69-ы оқуға түсті. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылына қарағанда 4 еседен астам өсті.
Үшінші үлгі – ғылыми кадрларды даярлауды халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізу. Университет 2006 жылдан бастап, экономика мамандығы бойынша жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар дайындаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін ғылым докторларын (Ph.D) дайындауды тәжірибелік негізде жүзеге асырып келеді. Ағымдағы жылы докторантураны 10 адам ойдағыдай аяқтады.
Төртінші үлгі – оқу бағдарламасын инновациялық тұрғыдан жетілдіру. Бакалаврлар мен магистранттарды даярлауда, еліміздің экономикасының дамуының басым бағыттарына қажетті инновациялық экономикалық жүйені оқып үйрену мақсатында, мемлекеттік стандарттарға сәйкес міндетті пәндерді оқыту мен элективті пәндерді анықтау, олардың баламалығын қамтамасыз етуде шетелдің озық оқу үлгісін пайдаланумен қатар, еліміздегі білім берудің оң тәжірибесін ұлттық экономикамыздың ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа пәндерді оқу үдерісіне енгізу мәселесі бойынша да істер атқарылуда. Мысалы, соңғы жылдары оқу үдерісіне инновациялық бизнес, кәсіпорынның экономикалық қауіпсіздігі, кәсіпорынның дағдарысқа қарсы саясаты, инновациялық жобалардың бизнес жоспары, агробизнестің әлеуетін экономикалық бағалау, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі, экономика және кластерлерді ұйымдастыру, технологиялар рыногы, ұлттық инновациялық инфрақұрылым, т.б. пәндер енгізілді. Студенттер мен магистранттар жаңадан оқу үдерісіне енгізілген пәндерге үлкен қызығушылық танытуда. Мәселен кластерлер экономикасы мен ұйымдастыруы пәнін оқудың негізінде студенттер кластерлер жүйесіне енетін кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде.
Бесінші үлгі – оқудың инновациялық түрлерін енгізу. Соңғы жылдары университет деңгейінде және кафедра аясында мамандар даярлаудың инновациялық жаңа түрлерін, тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу қарқынды түрде дамып келеді. Мысалы, 2007 жылы университетте бірінші рет тәжірибе ретінде экономика мамандығы бойынша қашықтықтан оқыту басталған болатын. Қазіргі кезде осы тәсіл бойынша университетте 4 мамандық экономика, қаржы, есеп және менеджмент) бойынша кадрлар даярлануда.
Шетелдің және университеттің білікті ғалымдары мен ұстаздарын жұмылдыра отырып ағымдағы оқу жылында ағылшын тілінде оқитын экономика мамандығының 22 студенті бірінші рет оқуын ойдағыдай бітіргелі отыр. Қос диплам алу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның Каннам университетімен жасалған келісім-шарт негізінде аталған мамандықтың 12 студенті Қазақ елі мен Корея мемлекеттерінің оқу орындарының дипломдарын алатын болады.
Алтыншы үлгі – бизнес жүйесіне мамандар даярлауда жоғары оқу орындарының, кәсіпорындардың сұранысына байланысты мамандар даярлау. Халықаралық тәжірибеде дамыған елдердің кадрлық әлеуетінің қалыптасуы білім беру жүйесі мен жұмыс берушілердің күш-әлеуетінің мүмкіндіктерін біріктіру есебінен қамтамасыз ететіні белгілі. Мәселен, Германияда кәсіби білім берудің екі жақты әдісі кең дамыған. Яғни, жұмыс беруші болашақ кадрлардың білім алуын тұрақты назарда ұстап, олардың теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде толықтырып отыруға жағдай жасайды.
Сондықтан еліміздің экономикалық дамуын одан әрі жақсарту үшін аса қажет болып отырған білікті мамандар даярлауда жоғары оқу орындары мен жеке кәсіпкерлік жүйесі – бұл проблемаға зор жауапкершілікпен араласуы қажет сияқты. Яғни, олардың арасында білімді мамандар даярлауда тиімді әріптестікті қалыптастыру мен дамытудың болашағы зор екені байқалды.
Жоғарыда аталған іс-әрекеттердің нәтижесінде экономика мамандығын бітірген жастар ұлттық экономиканың нақты секторында, коммерциялық және қаржылық құрылымдарда, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарында және басқа да салаларда сұранысқа ие болып отыр. Мысалы, 2008 жылы оқу бітірген 146 түлектің 85-і (58,2%), ал 2009 жылы сәйкесінше – 311 түлектің 172-і (55,3%) өндірістік тәжірибеден өту кезіндегі жақсы нәтижелері бойынша жұмысқа орналасты.
Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдағы Жолдауында жоғары білім сапасының халықаралық стандарттарға жауап беруге тиісті екені, бұл үшін жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингісіне енуге ұмтылуы міндетті екені атап көрсетілген. Сондықтан Отанымыздың 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген “Жоғары білім берудің мақсаты – қоғамның, мемлекеттің және жеке тұлғаның сапалы білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру” деген қағидасын басшылыққа ала отырып, экономикалық білім беруді инновациялық тұрғыдан даму қажеттілігін өтеу және оны әртараптандыру мен жедел жаңарту жолындағы аса маңызды іс-шараларды басымдықпен жүзеге асыру үшін игілікті жұмыстарды одан әрі жүргізу қажет.
Алпысбай СЕЙДАХМЕТОВ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің экономика кафедрасының меңгерушісі, профессор.