Референдум-2022 • 05 Маусым, 2022

Жастар өте белсенді – Зайниддин Низамхожаев

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республикалық референдумдағы байқаушылар қатарында Өзбекстан мен Түркия елінің де өкілдері бар. Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамхожаев дауыс беру процесі кезінде әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары екенін айтады, деп жазады Egemen.kz.

Жастар өте белсенді – Зайниддин Низамхожаев

Зайниддин Махаматұлы қаладағы және ауылдағы учаскелерге де бардық, ұйымдастырылу деңгейі көңіл қуантады, саяси бастамаға халықтың немқұрайды қарамайтынын байқадық дейді. 

«Біз Қазақстанға кеше келдік. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлымен кездестік. Ол кісі референдумға дайындық кезеңдері туралы хабардар етті. Біз барлық өзгерістер жөнінде хабардармыз. Бүгін таңертең референдум учаскелерінің ашылуына куә болдық. Таңерертең біздің миссиямыз оннан астам учаскеге барды. Олардың алтауы – Нұр-Сұлтан қаласында, бесеуі – Ақмола облысында. Барлық учаскеде референдумның жүру барысының куәсі болдық. Бәрі тыныш, жоғары деңгейде өтіп жатыр. Учаске басшыларының айтуынша, сағат 10 шамасында дауыс берушілердің 10-12 пайызы белсенділік танытып, дауыс берген. Халық арасынан жастарды көп байқадық. Қазақстан жастары өз болашағына бей-жай қарамайды екен. Бізді қуантқан бір жағдай – референдум комиссияның мүшелері әрбір мәселені жоғары кәсіби деңгейде қарастырып жатыр. Халықтың Конституцияда жазылған құқығын өтеуі үшін барлық жағдай жасалған. Біз ауылдық жерлерде де үш учаскеде болдық. Елді мекендегі жағдай да, белсенділік те қалалық учаскелермен бірдей. Күннің екінші жартысында басқа да учаскелерге барамыз», дейді Зайниддин Низамхожаев.

Түркия делегациясы сапарын әуелі түрік дүниесінің алтын бесігі – Түркістаннан бастаған.

«Бірінші кезекте түрік халқының Қазақстанға ыстық сәлемін жеткіземін. Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отыр. Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың шақыруымен Қазақстандағы референдумға халықаралық байқаушы ретінде қатысып отырмыз. Әуелі біз Түркістан қаласына ұшып келіп, қаладағы референдумға дайындық барысымен танысып қайттық. Ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жасалғанына көз жеткіздік. Бүгін таңертеңнен бастап бірнеше сайлау учаскесіне бару мүмкіндігіне ие болдық. Қатысу деңгейінің жоғары екенін аңғардық. Референдум жиі қолданылатын құрал емес, бірақ демократияға жол бастаудағы маңызы зор. Қазақстанның соңғы 27 жылда алғаш рет референдум өткізіп отырғанын да білеміз. Өткізіліп жатқан саяси іс-шараның Қазақстанның халқына, еліне және демократиясына орасан пайдасы тиеді деп үміттенеміз», деді Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя.