«Ата Заңға енгізілетін өзгерістің бірі тек Конституциялық соттың құрылуына ғана байланысты емес. Сонымен қоса адам құқықтарын қорғаудағы тетікті нығайту көзделеді. Айталық, өлім жазасын алып тастау, сол секілді адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мандатына байланысты.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы өзгерістерге тоқталсақ, ең әуелі ол құқығы бұзылған азаматтардың хақы мен бостандығын қалпына келтіруге ықпал етуі тиіс. Мұндай міндеттерді орындау кезінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік немесе басқа органдарға тәуелді болмауы керек екені белгілі. Осыған байланысты «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заң қабылданады және ауыр қылмыс жасалған жағдайда немесе кез келген қылмыспен байланысты басқа да мәселелерге байланысты қылмыстық іс жүргізу шараларын қолдану үшін Сенаттың ғана келісімі жеткілікті болмақ. Бұл омбудсменнің еркіндігін қамтамасыз етеді», деді Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова.