22 Сәуір, 2014

«Дастарқандық патриотизм»

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Белгілі жазушы Естай Мырзахметовтің ұлы Абай марқұм елге танымал кәсіп­­кер еді. Бірде сол кісімен сұхбат­тасқанымда: «Біздің көбіміз үй ішінде ғана патриотпыз. Әдемі сөйлеп, әдемі тілек айтамыз. Ал іс жүзіне келгенде, бұрау басын сындыратынымыз некен-саяқ. Біздікі – «дастарқандық патриотизм» ғой...», деген еді. Әкесінен шешендік дарыған біртуар азаматтың жадымда жатталып қалған сөздері Қызылжар өңірінде өткен сенбіліктен соң есіме қайта түсті. Рас, еңбек ұжымдарының бәрі өз басшыларының бас­тауымен қолдарына тырнауыш пен күрек ұстап, көшеге шығып, мекемелерінің маңайын тәртіпке келтірді. Ал тұрғын үйлердің маңы ше? Облыс орталығының өзім тұрып жат­қан тұсындағы көп пәтерлі үйлер­дің көбінің маңына адам қолы тимей, қыстан кейінгі былыққан күйінде жатқандығын байқадым. Ал өзім болсам, мекемеде өткізілген сенбіліктен кейін облыстық мәслихаттың депутаты деген дардай атағым бар екенін ойыма алып, өзімнен өзім ұялғандықтан, көп пәтерлі үйімнің маңындағы қыстан қалған қоқысты жалғыз өзім тазалауға кірістім. Шамасы, менің бұл ісімді өз пәтерлерінің терезелерінен көрген болулары керек, біраздан соң бірнеше жас жігіт сыртқа шығып, жүргіншілер жолының екі жағында шашылып жатқан бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтарды жинай бастады. Әп-сәтте үйіміздің маңайы тазарып шыға келді. ...Той-томалақтарда жұрттың алдына шығып, аузымызды толтырып: «...Еліміз көркейе берсін!» деп көсілетініміз бар. Ондай сөз айтуға моральдық құқымыз болуы үшін ең әуелі үйіміздің маңын көркейтіп алғанымыз жөн емес пе?!. «Дастарқандық патриотизм» деген, міне, осы екен, ағайын. Кәрібай МҰСЫРМАН, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. ПЕТРОПАВЛ.
Соңғы жаңалықтар