«Бүгін біз жылдың ең маңызды саяси оқиғасының куәсі болып отырмыз. СІМ өз өкілеттіктері шеңберінде бүгінде Отанынан тыс жерлердегі қазақстандықтардың өз сайлау құқығын іске асыруына қажетті жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар, СІМ бүгінгі референдумдағы дауыс беру барысын халықаралық бақылауға жағдай жасайды», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Спикер 52 шет мемлекетте дауыс беруге арналған 65 учаске ашылғанын еске салды.
Референдум өткізілетін күні шетелдегі дауыс берушілердің тізіміне біздің 11 350 азаматымыз енгізілді. Нұр-сұлтан уақытымен 19:00-дегі жағдай бойынша шетелде 5100-ге жуық отандасымыз дауыс беріп үлгерді, бұл тиісті тізімдерге енгізілген сайлаушылар санының 45%-ын құрайды», деді Роман Василенко.
Оның айтуынша, Азияда, Қытай, Корея, Жапония және басқа елдерде орналасқан учаскелер өз жұмысын аяқтап, дауыстарды санауға кірісті. Олардың кейбіреулеріне келу 100% құрады.
Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава және Бразилия сияқты қалалардағы учаскелер екі сағат бұрын ашылды және әлі тоғыз сағат жұмыс істейді
«Дауыс беру нәтижелері шығарылғаннан кейін қорытынды құжаттардың түпнұсқалары кейіннен біздің шетелдегі барлық референдум учаскелеріміз тіркелген «Есіл» ауданының сайлау комиссиясына беру үшін СІМ-ге жедел жеткізіледі», деп қосты Роман Василенко.