Білім • 06 Маусым, 2022

Білім бақытты болашаққа бастайды

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жария­лап, балалардың болашағын қалыптастыру мақсатында нақты міндет жүктеген болатын. Президент тапсырмасына орай, Тараз қаласында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне жиналған көпшілік әуелі ғимаратты аралап көрді. Сондай-ақ оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Білім бақытты болашаққа бастайды

Жиынға Жамбыл облысы­ның әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, бүгінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғы­лы­ми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосым­ша білім беретін 75-тен ас­там мектептен тыс ұйым ашыл­ғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде бі­­лім алуда. Білім беру сапасын арттыру мәселелерімен қатар, балалардың бос уақы­тын ұйымдастыру да назардан тыс қалған емес. Жаңа оқушылар сарайында жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ел Президенті атап өткендей, балалардың әл-ауқа­ты – мемлекетіміздің табысты болашағының се­німді кепілі», деді Нұржан Нұржігітов.

Ал еліміздің Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім бе­ру­дің республикалық оқу-әдістемелік орталығының ди­ректоры Раиса Шер жаңа оқу­шылар сарайы балалар үшін де, педагогтер үшін де инновациялық алаңға айналатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта еліміз­де барлығы 1 523 мектептен тыс ұйым жұмыс істей­ді. Бұл өте жақсы көрсет­кіш. Оқушылардың кәсі­би даярлыққа дейінгі тыңғы­лықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс», деді Раиса Шер.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаева, Ресейдің Челябі қаласынан келген «Кванториум» технопаркінің басшысы Иван Шмидт, «R4 Technology & Research Center» білім беру және зерттеулер орталығының директоры Айдын Түсіпжанов, Lakeview school Almaty директоры Гүлнар Қарамендинова, Тараз сервис және технология колледжінің түлегі Бағлан Жақсыбеков және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Азамат Нәмелбек сөз сөйлеп, педагогтер мен оқушыларға табыс тіледі.

Оқушылар сарайының ашылуына орай мектептен тыс ұйымдардың бейіні бойынша педагогтер мен мамандарға арналған «Қосымша білім бе­рудегі инновациялар: идея­дан бастап іске асыруға дейін» тақырыбында респуб­ли­ка­лық құрылымдық диа­ло­­гы өтті. Қатысушылар пікір алмасып, ой бөлісті. Жал­пы, «Бақытты болашақ» оқу­шы­лар сарайында робот­тех­ника, 3D-модельдеу, авиа­модельдеу, кеме модель­деу, қазақ және қазіргі за­ман­ғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн каби­неттері мен сәулет және дизайн мектебі, коворкинг орталығы бар. Сонымен қатар мұнда барлығы 81 үйірме жұмыс істейтін болады.

 

Жамбыл облысы