Футбол • 06 Маусым, 2022

Жеңіспен бастады

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан құрамасы екінші жыл қатарынан Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады. Жерлестеріміз 2020/2021 жылғы доданың тұсаукесер кездесуінде сырт алаңда Латвияны 2:0 есебімен жеңген болса, өткен аптада жалауы желбіреген аталған турнирдің үшінші маусымындағы алғашқы матчта Әзербайжан құрамасын да дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Бұл – жуырда ғана ұлттық құрама тізгінін ұстаған жаттықтырушы Магомед Адиевтің бас командадағы алғашқы матчы болды.

Жеңіспен бастады

Осыдан бірер ай бұрын М.Адиев ұлттық құрамаға бас бап­кер болып тағайындалғаннан кейін жанкүйерлер шетелдік маманнан аса үлкен өзгеріс, жаңашыл футбол күткен болатын. Алайда Адиевтің негізгі командадағы алғашқы ойыны көптің көңілінен шыға қоймаса да, бапкер бастысы нәтиже көрсетті. Өткен ойында да, алдағы матчтарда да ұлттық құрамаға тәжірибелі ойыншылардың кө­мектесе алмайтыны белгілі. Сол футболшылардың жоқ болуына байланысты Адиев бұл жолы жастарға және ұлттық құрама қатарына біраздан бері шақырту ала алмай жүрген футболшыларға мүмкіндік берді. Атап айтар бол­сақ, Елдос Ахметов, Бауыр­жан Байтана, Рамазан Ора­зов, Максим Самородов, Ар­ман Кеңесов, Бекхан Шайзада се­кілді футболшылар негізгі командаға қайта оралса, Эльхан Астанов, Абылайхан Жұмабек және Михаил Габышевтар алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алды. Дебютанттар арасынан Әзербайжанмен өткен ойында тек Эльхан Астанов қана бірінші минуттан бастап жасыл алаңға шығып, жақсы ойынымен жанкүйерлердің де, футбол мамандарының да көзіне түсті. Сондай-ақ екінші таймда алаңға тыңнан қосылған Рамазан Оразов та ұлттық құраманың ойынына қан жүгіртіп, өз шеберлігінің арқасында құраманың жеңіске жетуіне сүбелі үлесін қосты.

Ал Әзербайжан құрамасының бас бапкері Джанни Де Бьязи болса алаңға кіл мықты әрі тә­жі­рибелі ойыншыларын шы­ғарды. Соның арқасында да қонақ команда бірінші кезеңде үстемдікке көп ие болды. Қар­сыластар бірінші таймда Игорь Шацкий қорғаған қақпаға 11 соққы жасады. Оның алтауы­н қақпаға дәл бағыттады. Әсіресе бірінші кезеңнің соңына қарай қонақтар өте белсенді бол­­ды. Алдымен 30-минутта Ренат Дадашев қапталдан тепкен еді. Оны біздің қақпашы қайтарып алды. Кейін 36-минутта Азар Салалхи соққы жасаған болатын. Абырой болғанда доп Әзербайжан ойыншысына тиіп, қақпадан қиыс кетті. Жа­сыратыны жоқ, ойынның ал­ғашқы 45 минутын Қазақстан ұлттық құрамасы өте нашар өт­кізді. Тіпті қарсыластар қақ­па­сына бірде-бір соққы жасай алмады. Мұны матчтан кейін бас бапкердің өзі де мойындады: «Ойынның басы біз үшін жаман болған жоқ. Біз допқа көп иелік етіп, ойынды өз бақылауымызда ұстадық. Бірақ 25-минуттан кейін көп қателесіп, концентрацияны жоғалтып алдық. Нәти­жесінде, қарсыласымыз қауіпті шабуыл жасап, ойын тізгінін өз қол­да­рына алды».

Екінші таймда М.Адиев Бауыр­жан Байтананың ор­ны­на жас футболшы Рамазан Ора­зовты алаңға шығарып, так­ти­калық өзгеріс жасады. Нә­тиже де көп күттірген жоқ. Алаң ортасында өте белсенді ой­­­наған біздің жігіттер 50-минутта есепті ашты. Абат Айым­бе­товтің қарсыластың айып алаңына жақын жерден қақпаға қақырата тепкен добы алдымен қорғаушыға, кейін бағытын өзгертіп маңдайшаға тиіп, қақпа торынан табылды. Арада бірер минут өткенде Рамазан Оразов та өз мүмкіндігін тиімді пайда­ланып, құраманың екінші голын соққан еді. Алайда ВАР кө­мегіне жүгінген төреші бейне­қайталаудан кейін Оразов ойыннан тыс қалды деп, оның голын есептемей қойды.

Дегенмен шабуылын одан сайын үдеткен жерлестеріміз Әзербайжан қақпасына бәрібір екінші голын соқты. 58-минутта Абат Айымбетов айып алаңына асырылған допқа бірінші жетті де, есепті еселеді. Бұл сәтте де төреші бейнеқайталауға жүгінді. Ұзақ уақыт талқылаудан соң төреші шабуылшымыздың голын есепке алды – 2:0. Матч соңына дейін қарсыластар біздің футболшыларды қыспаққа алып, есеп айырмасын қысқартуға ты­рысқанымен, онысынан түк шықпады. Төрешінің соңғы ысқырығына дейін таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осы­лайша, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады.

Ал біздің топтағы екінші ойында Словакия сырт алаңда Беларусь құрамасынан басым түсті – 1:0. Сербиядағы бейтарап алаңда өткен кездесудегі жал­ғыз голды 50-минутта 19 жас­тағы Томаш Суслов соқты. Әзер­байжан қақпасына екі гол салған жерлестеріміз доп айыр­масы бойынша «С» лигасының төртінші тобында көш бастады. Жерлестеріміз бүгін Ұлттар лигасының екінші тур аясын­да сырт алаңда Словакия құра­масымен кездеседі. Матч Трнава қаласындағы «Сити Арена» стадионында елорда уақытымен 00:45-те басталады. Өкінішке қа­рай, бұл ойынға жарақатына бай­ла­нысты команда капитаны Ас­хат Тағыберген қатыса алмайтын болды.