Ахмет Байтұрсынұлы • 06 Маусым, 2022

Ақтеректе Ахаң бала оқытқан

839 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарқаралы ауданындағы Ақтерек дейтін ауылда тарихы тылсым деуге болатын бір қабатты ағаш үй бар. Неге десеңіз, ғимараттың қай жылы салынғанын, кім салдыртқанын осы уақытқа дейін тап басып ешкім айта алмай келеді.

Ақтеректе Ахаң бала оқытқан

Ал енді, осы үйге қатысты та­­рихтың бір парасы Ұлт ұс­тазы Ах­мет Байтұрсынұлы есімімен тығыз байланыс­ты. Атақты ғалым Ақ­жан Ма­ша­нидің жазуы бо­йынша, бұл аядай ғана ғи­марат­та 1904-1909 жылдар ара­лығында Ахаң бала оқытқан екен.

Қарқаралы аудандық мә­де­ниет және тілдерді дамыту бө­лі­мінің маманы Дана Әлиева бұл үйдің әбден ескіргенін айтады.

– Бір кездері бұл үй мектеп бол­ған, ал өткен ғасырдың 90-жылдары ғимаратта байла­ныс бөлімшесі мен тау-кен байыту ком­бинатының шаруа­шылық кең­сесі орналасты. Содан кейін біраз уақыт бос тұрды, – дейді ол.

Ағаш үйді қираудан аман алып қалған ауыл ақ­са­қал­дары екен. Ғимарат 2002 жылы «Жібек жолы» бағдар­ламасының аясында қалпына келтіріліпті және оның сырты шарбақпен қоршалыпты. Ал 2008 жылы облыстық мәде­ниет басқармасы жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізген. Қазіргі уа­қытта ауылдың кітап­ха­на­сы мен шағын орталық ор­налас­қан бұл үй Қазақстан Рес­пуб­ли­­касының тарихи-мә­дени ес­керт­­кіштер тізіміне еніп, мемле­кеттің қорғауына алын­ған көрінеді.

Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынның айтуынша, 2021 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау инспек­ция­сы 5,3 млн теңгеге ғима­рат­тың сырт­қы-ішкі әрлеу жұмыстарын жүр­­гізіп, жылу жүйесін ауыс­тыр­­ған екен.

– Қазіргі уақытта мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өзі­нің ба­лансына алып, 1,5 млн тең­ге қара­жатқа ғимараттың бір бөл­месін арнайы жабдықтап жатыр. Жұмыс барысында та­қырып­тық стендтер әзірленеді. Ахмет Бай­тұрсынұлына қатыс­ты құжаттық жәдігерлер қойы­латын сөрелер орнатылды, – дейді аудан әкімі.

Бұдан бөлек Ахаңның дәріс берген кезеңін суреттейтін үлкен пано дайындалу үстінде екен. Кітапхананың кітап сө­релері де жаңартылған.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Ақтерек ауылы