22 Сәуір, 2014

Экономика этносқа бөлінбейді

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этнос­тар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінен. КХА Амирханян А.Р.-1Мені Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың әр кезеңдерде жаңа мемлекет пен егемен ел азаматтары алдында тұрған қадау-қадау міндеттерге қатысты нақыл сөзге бергісіз қысқа да нұсқа, дәл де нақты айтқан сөздері әркез тәнті етеді. Кешегі өткізілген Ассамблея сессиясында да ойлы образға бөлей отырып айтқан Елбасының терең тұжырымға толы қағидаттарын сүйсіне тыңдадым. Айталық, бірлік «Қазақстан-­ 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы екенін көрсеткен Елбасы бұдан кейін: «Біздің экономикамызда ешкім этносына қарап бөлінбейді», деп түйін түйді. Бұл жүректерге бірден жол таба алатын бейнелі де бедерлі сөз екеніне отандастарымыздың бәрі де келісетін шығар. Мемлекет басшысының бұл ойлы сөз тіркесін мен сол сәтте қойын дәптеріме түртіп алдым. Иә, қазіргі күні қазақстандық­тар­дың дені көп этносты ұжым­дарда еңбек етеді. Солардың бірі – біздің «Айдана» ЖШС. Алайда, осыған қарамастан, олар­дың қай-қайсысына да этностық жіктелушілік үрдісі мүлдем жат. Біз мұны ұжымдық және өндірістік тәжірибемізден көріп жүрміз. Ел экономикасының дамуы және өмір сүру деңгейі мен сапасының артуы үшін олардың бәрі де ортақ жауапкершілік арқалайды. Барлық жердегідей біздің Орал өңірінде де шағын және орта бизнесті өркендету ісінде қол жеткен табыстар аз емес. Соның бәрібір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауызбіршілік пен ынтымақтастықтың нәтиже­сі. Ең жақсы дамыған мемлекет­тер­дің отыздығына ену – барша қазақстандықтардың ортақ мақ­саты десек, бұған да жұмған жұдырықтай жұмыла кіріскен іс керек. Біздің осындай бірлік пен тірлік үлгісін көрсетіп жүргеніміз де жай айтыла салатын сөз емес. Қазақстан экономикасы – бөлшектелмейтін, бөлінбейтін біртұтас экономика. Оның деңгейі де осындай сипатына орай рес­публика азаматтары бірлесе, тізе қосып қимылдаған кезде ғана одан әрі тұлғаланып, дами түсетініне күмән жоқ. Сессияда сөйлеген сөзінде, экономика этносқа бөлін­бейді деп тұжырым жасаған Нұрсұлтан Әбішұлының ойлы да образды сөзінің қадір-қасиеті мен құндылығы да осындайда одан әрі биіктей береді деп ойлаймын. Сондай-ақ, барлық қазақ­стан­дықтар мен республикадағы барлық этностар Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру кезінде де бір тұғырдан табылса, бұл қоғамның бәсі соғұрлым арта түседі. Әрі мұндай фактор елдегі тұрақтылық пен келісімнің ойдағыдай іске асуының да бас­ты бір көрінісі. Осылайша Пре­зи­дент бірлік пен «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру ұғым­дарын бір, өзара тең қатарға қоя­ды. Сонымен бірге, Елбасы осы үндестікті тереңдеткен алтын­шы тармақта бүкіл Қазақстан еңбек, жауапкершілік және тәртіп арқы­лы ғана дами алады деп ой түйді. Біраз жылдардан бері өндіріс, шағын және орта бизнес саласында қызмет атқарып жүргендіктен, осы мәселелерге қатысты Мемлекет басшысының сессияда айтқан сөздері қанат бітіргендей күй кештім. Әрі осындай өршіл сезім күйі жетегімен көкейге келген кейбір ой-пікірімді Отанымыздың бас газеті оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім. Аветик АМИРХАНЯН, Орал қаласындағы «Айдана» ЖШС-нің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты. ОРАЛ.