22 Сәуір, 2014

Ынтымақ бастауы

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ПетроваМен Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руха­ният және келісім мәдениеті» ат­ты тақырыпта өткен Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ХХІ сессия­сынан қанаттанып оралдым. Мұн­дай беделді жиынға алғаш қа­тыс­қандықтан, Елбасының сөзін үл­кен толғаныспен тыңдап, кө­­ңі­ліме тағылымды ойлар түйдім. Біз, Тәуелсіз елдің ұрпақтары, Қазақстанның бірлік пен тұрақ­тылықтың тал бесігіне айнал­ға­нын әркез мақтан етеміз. Қара ­ша­ңы­рағымыздың шайқалмауын тілейміз. Елба­сымыз ел бір­лі­гінің бастауы тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүре­гі бір ұлттар мен ұлыстардың өз­ара жұдырықтай жұмылған тату­­лығында, ортақ мақсат жолын­дағы ауызбірлігінде екенін үнемі айтып, жол сілтеп келеді. Осы жолы да ғасырлар бойы жалғасып, қасиетті құндылықтар мен ұлттық ұлы мұраттарға жетелеп келе жатқан бейбітшілік, руханият, келісім сессияның басты арқауына айналып, ХХІ ғасырдың ең басты заңдылығы ретінде көлденең тартылды. Еліміздің әр қиырынан келген түрлі этнос өкілдері мен сан алуан мамандық, кәсіп иелері толеранттылық, достық, бауырластық идеяларының қаншалықты қымбат та қастерлі екенін жан жүректерімен ұғып, Президентіміздің сындарлы ұлттық саясатына, Қазақстан халқы Ассамблеясының Отанымыздың өркендеуінің сенімді тірегіне айналғанына бірауыздан қолдау білдірді. Мемлекет басшысы өз сөзінде біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең екенін қадап айтты. Оның жарқын үлгісін барлық қазақстандықтар іс жүзінде айқын сезініп отыр. Облыста бүгінде 40 мыңға жуық украиндық тұрады. Ұлттық дәс­түрлерімізді қастерлеп, ана тілі­мізді біліп-үйренуге бар­лық жағдай жасалған. 2050 Стра­те­гиясының талаптарын орын­дауға бағытталған шараларға белсен­ділікпен қатысып келеміз. Өзіме келетін болсам, орыс мектебінің 11-сыныбында оқимын. Соған қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойып жүрмін. Қазір жетік үйреніп қалдым. Өйткені, Қазақстан – Отанымыз, тағдырымыз бір. Туған еліміз, кіндік қанымыз тамған жеріміз Қазақстан болғандықтан, онсыз келешегімізді, болашағымызды елестетудің өзі қиын. Бәріміз де біртұтас Тәуелсіз елдің біртекті балаларымыз. Елбасы біз сияқты жас ұрпақ­­қа үлкен сенім артып, келі­сім мәдениетін дәстүр ретін­де ұрпаққа мұра ету аманатын, экономикамыздың дамуы, халықтың әл-ауқатының жақса­руы үшін ортақ жауапкершілік, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру талаптарын жүк­­теді. Бір-біріміздің жақсы қасиет­терімізді білуге шақырды. Осылайша, қазақстандық бей­бітшілік, руханият пен келісім мә­дениетінің жеті арқаулық қағи­даттарын бойымызға сіңіріп, сессиядан рухтанып қайттық. Наталья ПЕТРОВА, украин этномәдени бірлестігінің мүшесі. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы.