22 Сәуір, 2014

Жүрегіміз ашық, жолымыз түзу

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тварионас В.Жүрегіміз ашық, жолымыз түзу – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Литуаник» облыстық литван этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Тварионас тілдескенімізде

– Виталий Ионович, Ассам­­­блеяның ХХІ сессиясы жұ­мы­­­сынан түйген ойыңыз қандай? – Өте зор десем, артық айтпа­ғандығым болар. Ең бастысы – Елбасымыздың бейбітшілік пен келісімге негізделген сараб­дал саясатының бәрімізге қым­бат мақсатты одан әрі ны­ғай­ту­ға бағытталған жаңа шара­ла­ры қуантты. Өмірдің өзгеріс­те­ріне, талаптарына сәйкес қазақ­стандықтардың үлкен мерейі мен мақтанышы – достықтың, бірліктің іргетасы беріктігін, өсу мен өркендеудің жолына тығыз топтасуын ұйыстырушы ұйым қызметінің маңызы арта түспектігі көңілге жылы әсер етті. Президент Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде толеранттылық пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдау қажеттігін атаса, соның ішінде Ассамблеяның өңірлік деңгейіндегі құрылымын күшейтуді, бірнеше облыстарда кіші ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасын қабылдау керектігі туралы тапсырмасын қолдаймыз. 100-ден астам этнос мекені, 74 этномәдени бірлестік ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, түсіністік пен тұтастықты үй­лес­тіру бағытында жұмыс жүргізетін аймақта мұндай ұйымның орны бір төбе болары сөзсіз. – Осы орайда жағымды жаңа­лықтың басын айтсаңыз. – Президентіміз басқа облыстар орталықтарындағыдай, Қарағандыда да «Достық» үйін салуды тапсырып, құрылысын бақылауда ұстайтындығын айтты. Шынында, бұл біздің күткен тілеуіміз еді. Барлық этномәдени бірлестіктер бір шаңырақ ортасында басы қосылып, татулықты тереңдетіп, тұрақтылық тұғырын биіктетіп жатуы тамаша-ақ үрдіс қой. Бәрімізге ортақ ыстық ұя болар үйдің көп күттірмей есігі ашылуын естіп, қуанудамыз. – Сіздің шетелдерде болып тұратыңызды білеміз. Бәлкім, этносаралық қатынас жағынан салыстырулар болар? – Әрине, олай болып қалады. Қазақстанның бұл ретте шын мәнінде қай елге де өнеге тұтылуға лайықтығы байқалады. Мұны тарихи отаным Литвада болуымда әрдайым мақтанышпен айтамын. Ондағы таныстарым, туған-туысқандарым Қарағандыға келіп-кетіп жүрулерінде сый­лас­тығымызға, ниет-мүдде жа­растығымызға қызығып, сүйсініп қайтады. Жүрегі ашық, жолы түзу адамның өмірі шуақты болмақ емес пе. Сүйікті Қазақстаным солай көрінеді. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.