22 Сәуір, 2014

Сессияға қатысушылар лебізі

305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
КХА-1 DSC_5011Артуш КАРАПЕТЯН, армян этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Ассамблея сессиясы баршамыздың басымызды қосатын  үлкен мереке іспетті. Әрине, Ассамблея жұмысын айтар болсам, оның халқымызды жұдырықша жұмылдыра алатын беделге ие болып отырғаны күмәнсіз. Кейбір алыс-жақын шет мемлекеттердегі жағдайға қарап, Президентіміздің сарабдал саясатына көз жеткізесің. Халықтың бірлігі кез келген қаруыңнан, тіпті, сырттан келетін қауіптен де күшті. Баяғыда Наурыз мерекесін бұрыш-бұрышта өз бетімізше тойлайтынбыз, қазір еліміздегі барлық этнос өкілдері болып бірігіп тойлайтын күнге жеттік. Соңғы армян қоғамы ұйымдастырған Наурыз мерекесіне көптеген этнос өкілдерінің келуі сол сөзімнің растығын білдіреді.   DSC_5040Ергешбай ҚОЛМЕТОВ, Қостанай облыстық тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Өңірімізден сессияға 27 делегат келсе, соның 18-і ҚХА мүшесі болып табылады. Жалпы, облыс­та 18 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Оның барлығы да Елбасының алға қойған міндеттеріне ерекше ықылас танытып келеді. Және де сессияның «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті»  деп аталуының өзі еліміздің ең өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатынан туындап отырғандығына еш күмән жоқ. Әрине, ең алдымен бейбітшілікті сақтай білуіміз қажет. Ол болған жерде береке де боларын уақыттың өзі айналамыздағы жағдайлардан талай дәлелдеді де. Менің айтпағым, әртүрлі этностан болсақ та, тілегіміз бар. Әртүрлі тіліміз болғанымен, жүрегіміз бір. Сондықтан да бірлікте, татулықта өмір сүрудеміз.   DSC_5066Зере КИІКОВА, Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы: – Ассамблея еліміздегі тұрақтылықты, татулық пен достықты қалыптастырып келеді. Жалпы, бұл қасиеттердің барлығы біздің қанымызда бар. Аналар кеңесіне сайланғалы бері қыздардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келемін. Біз өңіріміздегі көптеген этномәдени бірлестіктермен байланыс орнатып, жақсы дәстүрлерді қыздарымыздың бойына сіңіруге атсалысып жүрміз. Бұдан өзге, облыста «Шаңырақ» деген мектеп жұмыс істесе, онда әртүрлі этнос өкілдері өз ана тілдерімен қатар,  мемлекеттік тілді де еркін меңгеруге талаптанып жүр. Тіл арқылы қазақтың тарихы мен мәдениетін терең білуге болатынын жақсы түйсінуде. Еліміздегі тыныштық пен татулық, міне, осындай игі шаралар арқылы орнайтынына көз жеткізіп келеміз.   DSC_5071Юсуп ШАХШАЕВ, Маңғыстау облыстық «Халықтық келісім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Тек келісім мәдениеті мен бейбітшілік арқылы біз Елбасы алға қойған міндеттерге қол жеткізе аламыз. Қазіргі меже етіп отырған 30 алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан ғана емес, тіпті, ондықтың ішінен көрінсек те оның барлығы өз қолымызда. Қазақтар «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаса керек. Оны біз алыс-жақын шет мемлекеттердегі жағдайлардан анық көріп отырмыз. Сондықтан да, біз өз өңірімізде «Халықтық келісім» қоғамдық бірлестігін құрып, оған 20-ға жуық этномәдени бірлестікті тарта білдік. Сөйтіп, біз өскелең ұрпаққа өркениетті елді қалдыруды мақсат тұтып отырмыз. Бұл ретте қазақ халқының барлық этнос өкілдерін біріктіруші діңгек екенін ерекше айта кеткім келеді.   DSC_5036Магомед ЛОРСАНОВ, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Егер бірлік болмаса, онда ол елде тәртіпсіздік орнайды. Кейбір шетелдердегі  жағдай соған мысал бола алады. Бұрындары бүгінде ұлтаралық жанжалдар ушығып тұрған көптеген елдер татулық пен бірлікте өмір сүрген жоқ па еді, енді барлығы да қайда кетті. Сондықтан да біз татулығымызды сақтай білуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасымыздың туындысы десек, сол институтымыз қазір бізді татулықта тіршілік кешуге бастап отыр. Президентіміздің көреген саясаткер екеніне осындайда көз жеткізе түсесің. Қазақстандағы бейбітшілік, руханият және келісім мәдениетінің қалыптасуы осындай сындарлы саясаттың арқасы. Сондықтан да барымызды қадірлей білуіміз керек.  

ЕЛБАСЫ СӨЗІ  ЕРТЕҢГІ ҰРПАҚҚА ДА ҰЛАҒАТ

DSC_5171Шамсулла ХАЙБУЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы «Солтүстік Соманион» тәжік қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. Елбасының сессияда айтқан сөзін бар зейінімді салып тыңдадым. Мен бүгін ел боламыз деген жұрттың қандай тіршілік кешуінің бағдарламасын естідім. Осыны өзіміздің бірлестіктерге, жұмыстастарыма, барлық таныстарыма айтуға асықпын. Ол кісінің «Келісім мәдениеті–мәңгілік болуы тиіс» деген сөзі бүгінгі Қазақстан азаматтарына ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да арналып, соларға да бағытталып айтылған ұлағат. Қазақстанда қазір қай этностың өкілі жоқ, бірақ бәріміз бір Отанымыздың өсіп-өркендеуіне еңбектенудеміз. Мен осыған мақтанып, осыны ауыз толтырып айта аламын. Күнделікті өмірден байқағаным, біздер, қазақстандықтар патриотпыз. Ал елді осындай бірлікке ұйытуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар рөлі ерекше. Мен сессияға алғаш рет қатыстым. Алған әсерімді ауыз жеткізіп айта алмайтын шығармын. Бүгінгі атмосфера, бүгінгі патриоттық сезім көңілді тасытып жібергендей. Елге барған соң көрген-білгенімді, естігенімді, Елбасының есті сөзін бар жан-тәніммен жеткіземін.  

ҚАЗАҚСТАНДЫ ДА, ӨЗІН ДЕ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ

DSC_5228Александр ВИКТОРЕНКО, Ресей азаматы, ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, сессия қонағы. Мен Солтүстік Қазақстанда туып-өстім. 18 жыл табаным қазақ топырағын иіскеп, ұшқыш боламын деп арман қуып, Орынборға оқуға аттандым. Ұшқыштықтың соңы ғарышкерлікке ұласты. 4 рет ғарышта болып, 1,5 жыл планетамызды ғарыштан тамашаладым. Қазір зейнеткермін. Елге жыл сайын қыдырып келіп тұрамын, осы жолы досым Анатолий Башмаковтың шақыруымен Ассамблеяның сессиясына қатыстым. Жалпы, Қазақстанға қатысы бар сырттағы әрбір жан елге құлағын түріп жүреді. Сол тәрізді менің де жүрегімнің бір бұрышында туған Отаным – Қазақстан тұрады. Мен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс жасайтынын бұрыннан білетінмін, ал осы жолы оның жұмысына қатысып, көзбен көргеніме қуаныштымын. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты өте құрметтейтін жанмын. Әрқашан оның айтқан сөздерін үлкен сүйсініспен тыңдаймын. Ол елді қиындықтардан алып шығып, қуатты мемлекет құрды, өзін де, Қазақстанды да әлемге танымал етті. Қазақстандықтар осы 22 жылдың ішінде өздерінің еңбексүйгіш, достықтың туын көкке көтерген рухы мықты халық екенін әлемге әйгіледі.  

БҮГІНГІНІҢ БАҒАСЫ УАҚЫТ ӨТЕ КЕЛЕ АРТА БЕРЕДІ

DSC_5247Юрий ИВЛЕВ, Қостанай облыстық орыс қоғамының төрағасы. Мен шетелдерге, көрші Ресейге жолсапармен барғанымда ондағы жұрт біздегі табысқа қызығып, оның сыры не деп сұрап жатады. Қа­зақстандықтардың өзгелерден ерекшелігі – алдымен шаруаны қолмен істеп, сөзді екінші кезекке қоятыны болса керек. Елбасымыздың «Алдымен– экономика, сосын барып саясат» деуінде осындай сыр бар ғой. Сол секілді біздің бірлестігіміз де бірінші кезекке істі қояды. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тәжірибесі үлкен мектеп. Мұнда да сөз емес, алдымен нақты жұмыс жатады. Батыс әлемі енді айтып жүрген әңгіме Қазақстанда 19 жыл бойына жемісті іс жасап келеді. Меніңше, Қазақстанның осы жылдар ішіндегі алған асуларында Ассамблеяның үлесі мол. Біздің бүгінгі атқарған істеріміздің нақты бағасы 50-60 жылдан кейін беріледі. 20 жылға жуық уақыт ішінде біз неден бастадық, қандай жетістіктерге жеттік, ол жарты ғасырдан кейін зерттеушілердің мұқият зерделер нысаны болады деп ойлаймын. Біз дәл қазіргі күні қандай тарихи кезеңде өмір сүргенімізді сезінбеуіміз де мүмкін, ал келер ұрпақ оның жемісін жеп, аға буынға ризашылығын айтады деп шамалаймын.