22 Сәуір, 2014

Әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған бірінші кезектегі шараларының жол картасы

377 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының биылғы жылы экономикалық өсуді 6% деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі «Әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған бірінші кезектегі шараларының жол картасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірледі. Жол картасы биылғы жылы экономиканы дамыту үшін қазіргі уақытта орын алып отырған ішкі және сыртқы қауіптерді ескере отырып әзірленді. Осы Жол картасының мақсаты – Қазақстан Республикасында экономикалық өсу тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Экономикадағы өсу қар­қынының төмендеуіне жол бермеу мақсатында мынадай негізгі міндеттерді шешу қажет: 1) Экономикалық өсуді ынталандыру және экономиканың нақты секторына қолдау көрсету; 2) Шағын және орта бизнесті қолдау және тұрақты кредит берілуін қамтамасыз ету; 3) Банк секторын сауықтыру және экономиканы кредиттеуді, оның ішінде Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының қара­жатын тарту арқылы кредит беруді кеңейту; 4) Жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу, тарифтік саясатты реформалау, көлеңкелі экономиканы азайтуды қоса алғанда, жеке секторды кеңейту және жаңа инвестициялар тарту үшін экономикада құрылымдық сипаттағы реформалар жүргізу. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша экономиканың өсуін ынталандыру үшін 2014-2015 жылдарға арнап Ұлттық қордан 1 трлн.теңге бөлу негізгі қаржыландыру көздерінің біріне айналады. 2014 жылы 500 млрд. теңге бөлінетін болады, оның 100 млрд.теңге сомасы шағын және орта бизнесті қолдау мен кредиттеуге, 250 млрд. теңге – банк секторын сауықтыруға, 150 млрд. теңге – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бағытталатын болады. Жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасы жұмыспен қамтудың өсуін ынталандыру мен қолдаудың маңызды құралы болып табылады, оны қаржыландыру 2014 жылға 97,7 млрд. теңге көлемінде көзделген. Жол картасы мынадай негізгі шараларды көздейді. 1. Макроэкономикалық тұ­рақ­­тылықты қамтамасыз ету. Жоспарланған дәлізде инфля­циялық үдерістерді ұстап тұру үшін ұлттық валюта бағамына жүргізілген түзетуден кейін инфля­цияның өсуін тежейтін шаралар қабылданатын болады. 2. Экономикалық өсуді ынталандыру және экономиканың нақты секторына қолдау көр­сету. Экономиканы әртарап­тан­дыруды және жаңғыртуды қам­тамасыз ету үшін ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасын үдемелі индус­триялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзір­леу аяқталатын болады. Қазақстандық өнімдерді Оң­түстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия, сондай-ақ Ресей елдеріне жеткізуге арналған қолданыстағы келісімшарттарды сақтау, жаңа келісімшарттарды іздестіру және жасау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Қолданыстағы заңнама шең­берінде рентабельділігі төмен және аз дебетті кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өн­діруге төмендетілген салық мөлшерлемесін ұсыну бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Мұнайды өндірудің жоспар­ланған көлемін қамтамасыз ету үшін ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнайды өндіру мен экспорттауды ықтимал ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 3. Шағын және орта бизнесті дамыту Шағын және орта бизнес жобаларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету үшін қолжетімді және ұзақ мерзімді негізде 2014 жылы 100 млрд. теңге бөлінетін болады. Үкімет Ұлттық қор қара­жа­тынан шағын және орта кәсіп­керлік жобаларын қаржы­лан­дыруды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті іс-қимылдар жос­парын қабылдайтын болады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша же­тіспейтін индустриялық инфрақұрылымды және индус­триялық аймақтарды салуды және қайта жаңғыртуды қаржыландыру ұлғайтылатын болады. 2014 жылғы 1 шілдеге дейін өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың қаражатын қайта бөлу және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің 22,5 млрд. теңгеден астам сомаға асыра орындалуы есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы, әлеуметтік мақсаттағы нысандарды жөндеу және қайта жаңғырту саласындағы жергілікті жобаларды қаржыландыру ұлғаятын болады. 4. Қаржылық секторды дамыту. Банктерден «нашар актив­терді» сатып алуды қаржылық қамтамасыз ету үшін Ұлттық қор қаражатынан 250 млрд. теңге мөлшерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жа­нындағы «Проблемалы кредиттер қоры» акционерлік қо­ға­­мын капиталдандыру көз­деледі. «Проблемалы кредиттер қо­ры» акционерлік қоғамының жұмыс істеуінің жаңа тұжы­рымдамасы және Екінші дең­гейдегі банктер жанындағы стресті активтерді басқару бойынша компаниялардың өкілеттіктерін кеңейту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады. Ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін Зейнетақы активтерін (Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорының активтерін) бас­қару тұжырымдамасы қа­был­­данатын болады. Ағымдағы жылғы маусымда Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы қабылданатын болады. 5. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Ағымдағы жылғы 15 сәуірге дейін Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін қаржылық са­у­ық­­тыру қағидалары қабылданады және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, екінші деңгейлі банк­термен, агрохолдингтермен бір­лесіп осы кәсіпорындарды сауық­­тыру жоспарын дайындау үшін бірлескен кредиторлар комитеттері құрылатын болады. Нәтижесінде ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін жалпы берешек сомасы 140 млрд.теңге Агроөнеркәсіп кешенінің 140 субъектісі Агроөнеркәсіп кеше­нінің субъектілерін қаржылық сауықтыру шеңберінде мем­лекеттік қолдау шараларын алатын болады. Ағымдағы жылғы 1 мамырға дейін Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері жаңа және/немесе жұмыс істейтін өндірістік қуаттылықтар құру кезінде шеккен шығыстарының бір бөлігін өтеу көзделген Инвестициялық субсидиялау қағидалары қабыл­данатын болады. Ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін Агроөнеркәсіп кешенінде 12,5 млрд. теңге сомаға 11 инвес­тициялық жоба пай­далануға енгізіледі деп күтілуде. 6. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, көліктік жә­не логистикалық инфра­құры­лымды әртараптандыру бойынша және Қазақстанның тран­зиттік әлеуетін ұлғайту бойынша шаралар қабылданатын болады: Ақтау теңіз портының өткізу қуатын кеңейту үшін 3 құрғақ жүк терминалының құрылысын бастау; – «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында құрғақ порт салу; – Жезқазған-Бейнеу теміржол желісін салу жалғастырылады және 2014 жылғы 1 желтоқсанға дейін қозғалыстың ашылуы қамтамасыз етілетін болады. 2015 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының «Алматы – Қорғас» учаскесі пайдалануға енгізілуіне байланысты Қытаймен шекарада қосымша өткізу пункттерін салу мәселесі пысықталатын болады. 7. Жекешелендірудің екін­ші толқынын бас­тау және «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыру 2014 жылғы сәуірде жеке­шелендіруге жататын (рес­публикалық меншіктегі 32 ұйым, коммуналдық мен­шік­тегі 779 нысан және холдинг­тердің құрамына кіретін 191 ұйым) квазимемлекеттік сектор ұйымдарының тізбесі айқындалатын болады. Нормативтік-құқықтық ак­тілер қабылданғаннан ке­йін квазимемлекеттік сектор ұйымдарын даярлау және бәсе­келес ортаға беру үдерісі басталады. Сондай-ақ 2014 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін мемлекеттің мен­шігінде қалатын ұйымдар үшін бірыңғай ұйымдастырушылық-құқықтық нысанды анықтау бойынша тұжырымдамалық тәсілдер әзірленетін болады. «Халықтық IPO» бағдар­ламасын іске асыру жандандырылады және «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіретін шектеулерді алып тастау бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады. 2014 жылғы маусымнан бас­тап қор нарығына 2014 жы­лы «КЕГОК» акционерлік қоға­мын, 2015 жылы «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамын, «ҚазТрансГаз» акцио­нерлік қоғамын шығару бойынша дайындық жұмыстары басталады. 8. Инвестициялардың жаңа толқынын тарту. 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Парламентіне мемлекеттік қол­даудың жаңа шаралары бар (инвестициялық шығындарды 30 %-ға дейін өтеу, 10 жыл мерзімге дейін корпоративтік табыс салығын төлеуден босату, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыс) инвесторлармен ке­лісім­шарттардың жаңа пішімін көздейтін Инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заң жобасы енгізілетін болады. Өзге жаңалықтар салық және экология салаларында және тарифтік саясатта 10 жыл­ға заңнама тұрақтылығы қағидатын, инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын іске асыруды, инвестициялық омбудсмен институтын енгізуді және инвесторлардың халықаралық коммерциялық төрелікке қол жеткізуін кеңейтуді қамтиды. 9. Тарифтік саясатқа жаңа тәсілдерді қалыптастыру және бәсекелі қатынастарды дамыту. Ағымдағы жылдың маусым айында Табиғи монополиялар салаларындағы 2020 жылға де­йінгі тарифтік саясат жөніндегі бағдарлама қабылданатын болады, ол табиғи монополия­лар субъектілері көрсететін қыз­меттерге қолданылу мерзімі 5 және одан астам ұзақ мерзімді шекті тарифтерді бекітуге өтуді көздейді. Тауар нарықтарын дамыту мақсатында табиғи монополиялар субъектілеріне рет­телетін қызмет көрсетулерге (тауарларға, жұмыстарға) оларды бәсекелес ортаға шығару тұрғысынан кешенді талдау жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетін болады және көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін мемлекеттік бағалық реттеуден шығару мақсатында реттелетін нарықтарға тексеру жүргізілетін болады. 10. Экономиканың қо­сым­ша өсу көзі көлеңкелі эко­номиканың көлемін төмендету болып табылады. Көлеңкелі экономикаға қар­сы күрес жөніндегі көкейкес­тілендірілген жоспар көлеңкелі экономиканың үлесі неғұрлым жоғары экономика салаларында оны азайтуға назар аудара отырып іске асырыла бастайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жыл­дың 1 маусымына дейін қар­жы капиталын заңдастыру бойынша заңнама әзірленетін болады. Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақ­ша алуға шектеулер белгілеу бо­йынша ұсыныстар әзірленетін болады. Ағымдағы жылғы қыркүйекке дейін «қазіргі заманғы сауда нысаны» ұғымы анықтамасының нақты критерийлерін айқын­дайтын, 2018 жылдан бастап осы критерийлерге сәйкес келмейтін сауда объектілерін пайдалануға тыйым салуды енгізе отырып, заң жобасы әзірленетін болады. Инфографика каз Инфографика каз 3 Инфографика каз 2