22 Сәуір, 2014

Жағалаудағы жарасымдылық үшін

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жағалауында Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Әзербайжан және Ресей секілді бес мемлекет орналасқан Каспий теңізі осынша мүддені тоғыстырған су айдыны болып тұр. Теңіздің мәртебесін анықтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның достық теңізі ретіндегі рөлін сақтап қалу – бүгіннің басты тақырыптарының бірі. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет, яғни Каспий теңізінің тұтас аймағы Еуразиялық кеңіс­тікте зор маңызға, сондай-ақ әлемдік геосаясат пен геоэко­номикалық тұрғыда айрықша сипатқа ие. Бұл маңыз келелі мәселеден сыртқары, бейтарап қалуды қаламайды, қайта теңіз төңірегіндегі болуы мүмкін әңгімелер мен әрекеттердің дер кезінде ымырашылдықты ұстан­ған түсіністікпен алдын алуды, әрбір істі үйлестіруді қажет етеді. Ақтауда «Caspian bridge» ақпараттық-сараптамалық талдау орталығы ашылып, көпшілік алдында тұсауын кесті. Аталмыш орталық өкілдерінің айтуынша, орталық мақсаты Каспий маңы мен оған шекаралас орналасқан елдердің даму жолын қайта ай­қындау. Нақтырақ айтсақ, Каспий теңізінде мүлдем бар деп есептейтін елдердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын анықтап, оған алдын ала оң ықпал ету, сондай-ақ, білікті сарапшыларды қатыстыра отырып теңіз төңірегіндегі мәселелерге болжам жасап, баға беру және халыққа ақпар жеткізіп отыру. Осы мақсатты арқалаған орта­лықтың сарапшылар санатында Қазақстан, Өзбекстан, Иран мен Ресейдің, өзге де бір­неше елдердің саяси қыз­меткерлері, зерттеуші ғалым­дары, әлеуметтанушылар мен журналистер бар. Орталық директоры Д.Уә­лиханов орталық аясында тұ­сауы кесілген ақпараттық-сараптамалық сайт туралы айтып, оның қызметін теңізбен шектесетін мемлекеттердің алуан түрлі мәселелеріне те­рең үңіліп, астары мен жай-жап­сарын анықтау, ашық пікір алаңында азаматтық ұста­нымдарын жеткізе алатын бел­сенді орта қалыптастыру және мәселеге қатысты долбарлар мен қыжыртпа әңгімелерге дәлелді деректермен тойтарыс беру қажеттігімен түсіндірді. Ақпараттық-сараптамалық талдау орталығы халықаралық эксперттік тобының жетекшісі, шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Орыс география қоғамының мүшесі А.Князев алда атқаруға межелеп отырған жоспарларымен таныстырды. Каспий теңізі мәселелеріне арналған халықаралық конференцияны ұйымдастырушылардың бірі ретінде ол алдағы уақытта Ақтаудан ашылған орталықпен бірлесіп жұмыс жасамақ. Ал биыл төртінші рет өткізілетін «Каспийдегі халықаралық ынтымақтастықтың парадигмалары» атты халықаралық кон­ференцияның көтеретін тақы­рыбы Каспий ай­мағындағы әскери-саяси қа­уіпсіздік мәсе­лелеріне ар­налмақ. Каспий теңізі – жағалай отырған жұрт қол салған ас толы алып ыдыс тәрізді. Бұл әдемі бейнені іс жүзінде өз­ара татулықтың тізбегі ғана тұтас­тырып ұстап тұра алады. Сараптамалық орталықтың ой-мақсаты – осы береке-бірліктің баяндылығына үлес қосу. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.