Хоккей • 07 Маусым, 2022

Қазақстан «В» тобында ойнайды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден элиталы дивизионның келесі жылғы әлем чемпионаты бірден екі елде – Латвия мен Финляндияда ұйымдастырылатын болды. Сәйкесінше топтық кезеңнің ойындары да Хельсинки мен Ригада өтеді деп жоспарланған.

Қазақстан «В» тобында ойнайды

Бірер күн бұрын Халық­аралық шайбалы хоккей феде­рациясының (IIHF) баспасөз қызметі жариялаған мәлімет бойынша, 2023 жылы өткізілетін жаһандық доданың «А» тобында биылғы әлем чемпионы әрі жарыс қожайыны Финляндия құрамасынан бөлек, Швеция, Чехия, Германия, Дания, Фран­ция, Аустрия және бірінші ди­визион­да үздік нәтиже көрсеткен Мажарстан құрамасы өнер көрсететін болды. Ал «В» тобына әлем чемпионатын қабылдаушы Лат­вия құрамасы жетекшілік етеді. Сонымен қатар бұл топта Қазақстан, Канада, АҚШ, Швей­цария, Словакия, Норвегия және төменгі топтан жоғары топқа қо­сылған Словения хоккейшілері де бақ сынайды.

Әлемдегі саяси жағдайға бай­ланысты Финляндиядағы әлем бірін­шілігінен шеттетілген Ресей мен Беларусь құрамалары келесі жылғы чемпионатқа да қатыс­тырыл­майтын болды. Сондықтан 2023 жылы Ресейдің Санкт-Пе­тербург қаласында өтуге тиіс бол­ған чемпионат Латвия мен Финляндияда елдерінде өтетін болды.

Әлем чемпионатының күнтіз­бесіне сәйкес, жаһандық дода  2023 жылдың 12 мамырында бас­талып, 28 мамырында мәресіне жетеді. Қазақстан құрамасы IIHF ұсынған ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингінде 16-шы орынға ие болды. Бір қызы­ғы, Ресей (3-орын) және Бела­русь (14-орын) құрамалары халық­аралық матчтар мен турнирлерден шеттетілгеніне қарамастан рей­тингтен шығарылмайды. Қазір­гі уақытта әлемдік рейтингте биылғы әлем чемпионы – Фин­ляндия құрамасы көш бастап тұр.

Айта кетейік, Финляндия аста­­насы – Хельсинки мен Там­пе­ре қалаларында ұйымдас­ты­­рылған шайбалы хоккейден эли­талы дивизионның әлем чемпио­натында жарыс қожайын­дары финалда Канададан басым түсіп (4:3), өз тарихында төр­тін­ші мәрте әлем чемпионы атан­ған болатын. Ал үшінші орын үшін өткен сайыста Чехия хок­кей­шілері АҚШ құ­рамасын 8:4 есе­бімен жеңген еді.

«А» тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы топтағы жеті ойынның алтауында жеңіліп (Дания – 1:9, Франция – 1:2, Швейцария – 2:3, Канада – 3:6, Словакия – 3:4, Германия – 4:5), соңғы турда Италия құрамасынан айласын асырды – 5:2. Осылайша, Юрий Михайлис шәкірттері жалғыз жеңісінің арқасында үш ұпаймен сегіз команданың ішінде жетінші орынға табан тіреп, элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын.