22 Сәуір, 2014

Электронды қалдықтар қалай залалсыздандырылады?

658 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Электронды, соның ішінде ұялы телефондар секторындағы қалдықтарды қауіпсіз түрде кәдеге жаратуға байланыс­ты мәселелерді шешуге бағытталған ел Үкіметі, БҰҰДБ және «Самсунг электроникс» компаниясының «Электронды қалдықтарды басқару» жаңа бірлескен жобасы іс жүзіне асырыла бастамақ. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі дәстүрлі брифингте айтылды. Басқосудың бұл жолғы қонақтары Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның тұрақты өкілі Стивен Тулл мен «Самсунг электроникс» компаниясының президенті Сын Сик Чой болды. «Жобаның негізгі мақсаты электронды қалдықтарды басқару механизмдерін құру. Атап айтқанда, ұялы телефондарды қауіпсіз тәсілдермен кәдеге жарату мәселелерін шешу болып табылады. Қалдықтарды екінші айналымға түсіру мен кәдеге жарату бүкіл әлем үшін маңызды мәселе. Аталған жоба шеңберінде электронды қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату сызбасын жасап, электронды техникаларды сататын жерлерде ұялы телефондарды жинауға арналған эко-қорапшаларды орнату, сонымен қатар электронды қалдықтардың зияны мен оларды кәдеге жарату жолдары туралы халықты ақпараттандыру жоспарланған», деді Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанға 2000-2010 жылдары 3 миллион компьютер әкелінсе, оның жартысы электронды қалдыққа айналған. Елдегі компьютерлердің өсуі 26 пайызды құраса, ал сатылатын ұялы телефондар саны 120-дан 140 мыңға дейінгі аралықты қамтитын көрінеді. Соңғы жиырма жыл ішінде компьютерлер, ұялы телефондар, баспа платалары, мониторлар, теледидарлар, принтерлер мен алуан түрлі өзге де электрониканы қоса алғанда «электронды қоқыстың» көлемі ондаған есеге өскен. Елімізде жарамсыз техника елді мекендер маңындағы полигондар мен қоқыс тастайтын жерлерге орналастырылады. Бұл қалдықтар құрамындағы ауыр металдар мен тұрақты органикалық ластағыштар қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянын тигізеді. Мәселен, мамандардың айтуынша, арасына қорғасын, сынап, сурьма, кадмий, алты валентті хромның қоспасы сынды басқа да элементтер енетін қауіпті заттар ағза ішінде жиналып қалуға қабілетті болады. Сондықтан олардың аздаған мөлшері де қауіпті болып саналады. Сонымен бірге, жерасты сулары, топырақ пен атмосфераны ластай отырып, адамдар денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді. Күн өткен сайын көлемі артып келе жатқан электронды қалдықтарды қауіпсіз жолмен кәдеге жарату мәселелерін шешу үшін Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қолдауына сүйеніп, БҰҰДБ электронды қалдықтарды басқару жөніндегі жобаға мұрындық болып отыр. Қазіргі таңда электрониканы сату бойынша отандық нарықтың көшбасшыларының бірі болып саналатын «Самсунг электроникс» жобаға қаржылық қолдау көрсеткен. Жобаның ресми түрде іс жүзіне асырыла бастауы БҰҰДБ мен «Самсунг электроникс» арасындағы өзара түсіністік жайындағы меморандумға қол қою арқылы бекітіле түспек. Бұл құжат аталмыш брифингте тараптардың қол қоюларымен жалғасын тапты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».