Театр • 07 Маусым, 2022

Мәскеуден жүлдемен оралды

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәскеуде дүркіреп өт­кен «Нано-Опера» V Ха­лық­аралық жас опера ре­жиссерлері бай­қауынан «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойке­нов жүлдемен оралды.

Мәскеуден жүлдемен оралды

Дүбірлі додаға 200-ден астам жас режиссер қатысып, солардың арасынан 10 үміткер іріктеліп алынды. Байқау үш кезеңнен тұрды: қатысушылар біріншісінде ариямен, екіншісінде дуэтпен, үшіншісінде көпшілік көрініспен жұмыс істеді. Іріктеу кезеңінен өту үшін Еренбақ Тойкенов Дж.Пуччинидің «Турандот» опералық спектаклінің мазмұнын өз пайымымен парасатты жеткізе білді. Ал бірінші кезеңде ол Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигароның каватинасын, екінші кезеңде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Хозе мен Эскамильоның дуэтін, үшінші кезеңде көрнекті француз композиторының хор мен музыкалық шығармасын ұсынды. Сондай-ақ өнер сайысы бастан-аяқ «Россия-К» телеарнасында тікелей эфирден көрсетілді.

Айта кетейік, мәскеулік «Нано-опера» байқауына көрнекті режиссер Дмитрий Бертман төрағалық етсе, оның құрамына халықаралық опера театрларының көркемдік жетекшілері, директорлары мен режиссерлері, таны­мал театр менеджерлері мен про­дю­серлері енді.

Сонымен соңғы мәреде бақ сынаған он үміткердің арасынан бірінші орынды ресейлік Мария Фомичева жеңіп алса, екінші орын біздің жерле­сі­мізге бұйырды. Үшінші орынды да ресейлік Ирина Гаудасинская ие­ленді. Сонымен қатар Еренбақ Той­кеновке медиа төрешілердің құра­мындағы ірі басылымдардың басшылары тағайындаған «Көрермен көзайымы» сыйлығы табыс етілді. Байқау соңы гала-концертке ұласып, онда жүлдегерлердің үздік деген жұмыстары көрерменге тарту етілді.

Айтпақшы, жерлесіміз жақында Digital Opera фестивалінің соңғы додасына қатысады. Оған шақыртуды фестиваль продюсері әрі бас директоры Надежда Абрамова тапсырды.