Үкімет • 07 Маусым, 2022

Мемлекеттік қолдау аясында 500 мың адам жұмыспен қамтылады

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тұрғындарды жұмыспен қамту үшін мемлекет қандай шаралар жүргізетінін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік қолдау аясында 500 мың адам жұмыспен қамтылады

«Тағы бір бағыт – азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету. Оның ішінде мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге мемлекеттік субсидия бөлу көзделген. Биыл осындай 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылды», деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Сонымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау да қарастырылған. Осындай 20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге көзделген. Қазірге дейін 1400-ден астам азамат грант иегері атанған.

«Технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру де мемлекет назарында. Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Одан бөлек бос жұмыс орындарына жолдама беріледі. Бұл шара Электронды еңбек биржасының базасында жүрзілуде. Биылғы меже – 350 мың, соның ішінде 91 мың адам осы тәсіл бойынша жұмысқа орналасты. Жоғарыда атап өткен мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделген», деді Еңбек министрі.