Есту қабілеті нашар жеткіншектер бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерге мұқтаж
Елбасы қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктерді белгілегенде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына ерекше маңыз берді. Қазақстанның небәрі екі онжылдықта «нөлден» бастап құрған елі, бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз бен жеңісіміз талантты, еңбекқор, толерантты халықтың арқасы екені, демек, күшті де мықты мемлекеттің іргесін белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтардың құрайтыны ешқандай талас тудырмаса керек. Елімізде табысты болашағымыздың негізі – халық денсаулығы бәрінен қымбат. Нұрсұлтан Әбішұлы сол себепті дәстүрлі Жолдауында адами капиталдың сапалы өсуін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық, әлеуметтік, басқадай да қызмет көрсетудің қолжетімді болуын, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуын атап көрсетті. Иә, бүгінгідей жан алып, жан беріскен алмағайып заманда қол-аяғы балғадай адамдарды белсенді қоғамдық өмірге, пайдалы еңбекке тарту әлеуметтік бағдарламаларға енгізіліп жатқанда жоғарыдай санаттағылар үшін ерекше басымдықтардың берілуі әбден құптарлық. Сонда ғана олар өздерін қоғамның тең құқылы мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Мұның ел ертеңі саналатын балғындарға да толық қатысы бар. Әртүрлі себептерден немесе тумысынан мүгедектікке ұшыраған балалардың қатары елімізде жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Өз қатарластарынан бір мысқал төмендетіп тұрған аянышты тағдырды олар Алла тағаладан сұрап алмаса керек. 9 ай көтерген шаранасын жер-бесікке шыр етіп келген күннен бастап ыстық құшағына алып, тәрбиелеп, оқытып, азамат қатарына жеткізу ананың міндеті болса, қызығын көруі де заңды. Мені есту қабілетінен айырылған, не нашар еститін балалардың ата-аналарының «Улыбка» балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренконың атына жазған хаты қатты мазасыз күйге түсірді. Хат иелері 23 саңырау балаға кохлеарлық имплантациялық ота жасау арқылы есту қабілеті жүйесінің зақымданған бөлігі жасанды затпен алмастырылғанын, нәтижесінде, есту қабілеттері жақсарып, сөйлеуге де біршама үйреніп қалған қуаныштарын бөлісе келіп, ендігі мәселе квоталық кезектің ұзынсонарлығы мен құлаққа тағылатын арнайы аппаратты ауыстыру және жөндеу жайына тіреліп тұрғанына шағымданған. Бұрындары мұндай операция Алматыда жасалса, енді тек астаналық дәрігерлерге ғана жүктелген. Тегін болғанымен, квотаны сарыла күтуге тура келеді. Әрбір мың баланың үшіншісі осындай кемістікпен туатынын ескерсек, аймақаралық бөлімшелер ұйымдастырудың, болмаса Алматыда қайта ашудың, мезгілі жеткен сияқты. Бұл – бір. Облыста бұл топтағы балалармен сурдоаудармашылардың, психологтардың жұмыс істеуі дұрыс жолға қойылғаны байқалады. Есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаттар мен ауруханаларда арнайы кабинеттер құрылған. Осы саланың маманы Оксана Рудакованың айтуынша, құлағы мүкіс балалардың сөйлеуінде елеулі қиындықтар кездеседі. Сол себепті күнделікті жаттығуларды еш доғаруға болмайды. Құлақ құрылғылары уақтылы ауыстырылып, жөнделіп отырса, есту қабілеттерінің жақсара түсеріне күмән жоқ. Енді көп жылғы тынымсыз жұмыс зая кете ме деген қаупін де жасырмайды. Бар гәп мынада болып тұр: бала дыбыстарды ажырату үшін арнайы мамандар құлаққа тағатын құрылғыларды жарты жыл сайын ретке келтіріп, дұрыстап отыру керек. Сөйтсе, оларды қалыпқа келтіретін мамандар елімізде жоқ! Сол себепті қызылжарлық ата-аналар Ресейге, оның ішінде Санкт-Петербург қаласындағы медициналық орталыққа қайырылуға мәжбүр. Аппараттың процессоры сынса, оны жөндету құны 6-8 мың доллар тұратын көрінеді. Немересі үшін ойға да, қырға да сабылып жүрген Бақытжан Файзулина жан күйзелісін былай бөліседі: – Немеремнің 9 жасында есту қабілеті нашарлап, ота жасатуға тура келді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында 80 пайыз еститін дәрежеге жетті. Алайда, аппарат орнатылғанымен, оны ауыстыру, жөндеу жағы Қазақстанда ойластырылмаған. Жуырда құрылғының бір бөлшегін жөндету үшін Ресейге жолдап, 25 мың теңге төледік. Келуін 2-3 ай сарыла күттік. Мұндай жағдайда құлағы ести бастаған баланың қайтадан саңырау болып қалуы ғажап емес. Ата-аналарды осы жайт қатты алаңдатып отыр. Жалпы, операциядан кейінгі бар ауыртпалықты ата-аналарға арта салу дұрыс емес. Үмітжан Өтенова да баласына ота жасатқан аналардың бірі. Аппараттың сынған бөлшегін жөндету үшін Мәскеуге жіберіпті. Ол үшін 33 мың теңге төлеген. Баласы естіп, тілі жеткенше сөйлеп, оңалып келе жатқанда мынандай оқыс оқиға салын суға кетірген. Құлақ құрылғыларын ауыстыратын, жөндейтін орталық ашу, арнайы мамандар даярлау соншалықты күрделі емес шығар дейді арызданушылар. Олар жергілікті денсаулық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының есігін қаққанмен, өз өкілеттіктеріне жатпайтынын айтып, шығарып салған. Бұл мәселе Парламент Сенаты және Мәжіліс депутаттарының, облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің назарларына жеткізілгенімен, сөз жүзінде қалып отырған жайы бар. Жуырда маскүнемдерді және есірткімен уланғандарды емдейтін дәрігермен әңгімелесе қалдым. «Ағай, сізге өтірік, маған шын, олардың өмірі жұмаққа бергісіз. 4 мезгіл тамақ, жатын орын, ем-дом – бәрі тегін. Бейне өздерін санаторий-курортта дем алып жүргендей сезінеді. Мас күйінде жоғалтып алған заттарын бізден даулайтындары да жоқ емес. Туған-туыстарының тарапынан дұрыс қарамайсыңдар деп дүрсе қоя беретін жайттар да кездеседі. Жаман әдеттерінен арылып, адам қатарына қосылып жатса, кәнеки? Қайта оралып жатқандары қаншама», деді дәрігер келіншек әлдекімге өкпелі үнмен. Шынында да, арақ үшін арын сатып, бар ақшасын сарқыған ішкіштерге келгенде мырзамыз. Кеңес уақытында мастықтан айықтыратын орынға түскен жан бір түнеп шыққаны үшін жамбасақы төлейтін. Бұдан кейін аяғын аңдап басатын. Осылай жазалау тәрбиенің бір түрі болатын. Бүгінде абақтыға түскен сотталушының күтіміне бюджеттен жылына 580-600 мың теңге жұмсайды екенбіз. Кісі қанын мойнына жүктеген қаныпезер 15-20 жыл жазасын өтеу үшін қанша қаражат қажеттігін есептей беріңіз. Ал, дімкәс балалар үшін сараңдық танытатынымыз қалай? «Улыбка» балалар қайырымдылық қорының жетекшісі Г.Бондаренконың сөзіне қарағанда, есіл уақытты сарп етіп, жүйкесін жұқартып, баласын жетелеп, шетел асуға мәжбүр ата-аналар қып-қызыл шығынға батып жүр. Онсыз да денсаулығы кеміс балғын үшін бұдан асқан үлкен қасірет жоқ шығар. Енді ғана сауығып келе жатып, өмірге үлкен үмітпен қараған кішкентай жанның келешегіне балта шапқанмен бірдей ғой. Осы мәселе бойынша шыр-пыры шығып, ешкімнен қайыр болмағаннан кейін ол аймақ басшысы Самат Ескендіровтің қабылдауына жазылған. Самат Сапарбекұлы құлақ қондырғыларын жөндеу, қалпына келтіру үшін Ресейден арнайы мамандар шақырту туралы ұсынысын қолдаған. Мұндай бір реттік шарамен проблеманың шешілмесі анық. Мемлекеттің саңырау балаларға кохлеарлық имплантация операциясын тегін жасауға мүмкіндік тудырғаны дұрыс. Алайда, күрделі ота жасауға тегін квота бөлдіртуге құдіреті жете тұра, шешімнің әрі қарай жартыкештеніп кеткені түсініксіз. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмысты күшейтуді тапсырғаны мәлім. Олай болса, біз сөз еткен мәселелерді жаңа Үкімет ескерер деген үміттеміз. Өйткені, баладан асқан бақыт та, байлық та жоқ! Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. Солтүстік Қазақстан облысы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32