Ведомство дерегінше, Халықаралық бюджеттік серіктестік есептейтін бюджет ашықтығы индексінде Қазақстан мүмкін болатын 100 ұпайдан 63 ұпай жинаған. Сөйтіп, 120 елдің ішінде 37-ден 28-орынға көтерілген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 58 ұпайды құраған екен. Қаржы вице-министрі Данияр Жаналиновтің айтуынша, азаматтық бюджет – азаматтардың бюджет процесіне қатысуының шарты, сондықтан бюджеттің ашықтық индексі Үкімет жұмысының стратегиялық индикаторларының біріне айналды.
«Министрлік қажетті ақпаратты қолжетімді ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы жылдарда қоғаммен тығыз байланыс орнатып, ашық бюджет индексін жақсарта түсуді көздеп отырмыз», деді Д.Жаналинов.
Халықаралық бюджеттік серіктестік зерттеушісі Жанар Жандосованың айтуынша, негізі ел бюджетінің әлеуеті бұдан да жоғарырақ.
Ең маңыздысы – бізге қоғамдық қатысу, қоғамдық диалог қажет. Инфрақұрылымдық жобалар секілді нәрселерді қоғам болып талқылап, талап етуді үйренген жөн. Мысалы, LRT жобасы жақсы талқыланған болса қазіргідей қиындық тумас еді. Біз еш себепсіз, қазір бюджетке салмақ түсіріп тұрған осы жобаны бастап кете салдық.
Оның айтуынша, баға қойылатын негізгі құжат – бюджет жобасы. 110 сұрақтың 55-і соған қатысты. Бұл – азаматтық қоғам нені жоспарлап отырғанын, қандай әлеуметтік-экономикалық саясатты, қандай инфрақұрылымдық саясатты, нені өзгертетінін бағалай алатын ең маңызды құжат.
«Өкінішке қарай, дәл осы құжат бойынша бізде ең төменгі ұпай – бар болғаны – 49. Ал басқалары, мысалы, айлық және жартыжылдық есептілік бойынша жақсы ұпай жинадық. Сондықтан бізге азаматтық бюджет жобаларын қолжетімді ету бойынша көбірек жұмыс істеу керек. Қоғам қарауына берілген кезде онда өткен жылдардың ақпараты – осыған дейін қанша ақша бөлінді деген дерек көрсетілмейді, тек келешекке қатысты деректер енгізіледі. Сондықтан бұл қаржы көлемі аз ба, көп пе деп салыстыру қиынға соғады. Азаматтық бюджетте әлеуметтік саясат пен нақты қаржылық емес көрсеткіштер арасындағы байланыс жарияланбайды. Мәселен, көлік пен инфрақұрылымға қанша қаржы бөлінетіні жазылады, бірақ нәтижесінде қанша жол салынғаны жайлы дерек жоқ. Осындай қаржылық емес көрсеткіштер де бюджетте болуға тиіс», дейді сарапшы.
Ол жиын барысында тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, мәселен, компанияларға экологиялық айыппұл салынған кезде ол айыппұл ортақ қазанға түсіп, кейін басқа шараларға жұмсалып жатады. Негізінде айыппұл қаржысы экологиялық проблеманы түзетуге жұмсалуға тиіс. Жылдамдықты асырғаны үшін салынған айыппұл транспорттық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталуы керек. Бізде әлі ондай түсінік қалыптаспады, соған көңіл бөлуіміз керек, дейді Ж.Жандосова.