Қоғам • 07 Маусым, 2022

Бақылаусыз жүрген балалар

4943 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрынғының үлкендері «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп отырушы еді. Ал қазір үлкеннің көңілі балаға емес, басқаға ауатын секілді. Басқа дегеніміз, әрине сан алуан смартфон. Жаңа технологиямен шығарылған смартфондар баршаның көңілін аулап, әлеуметтік желінің қызығына батырып жіберді.

Бақылаусыз жүрген балалар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Рас, жаңа технологияны меңгерген, қоғам тынысынан хабардар болған жөн-ау. Алайда мұның бала тәрбиесіне тигізер орасан зияны да бар. Өйткені ата-ананың тарапынан бақылау болмаған соң баланың көңілі интернет желісіне, көшеге ауатыны анық.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер тарапынан жасалатын әкімшілік құқық бұзушылық азаймай отыр. Мәселен, жыл басынан бері көлік руліне отырған 10-нан астам жасөспірім ұсталған. Оның төртеуі сәуір айында анықталды. Осыған байланысты өткен «Абайлаңыз, балалар» акциясы кезінде патурльдік полиция қызметкерлері түнгі сағат 01:00 шамасында Toyota Camry маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көлік рулінде жасөспірімнің отырғаны белгілі болды.

Ата-анасынан бақылау болмаған, еріккеннен іші пысқан жасөспірімдердің арасында полицияға жалған хабар беретіндері бар. Биылғы 25 сәуірде полицияға Аймұрат есімді тұрғыннан «Жұлдыз» шағын ауданында төбелес болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Суыт хабар алған полицейлер шағын ауданды тексеріп, төбелес болмағанын анықтады. Кейін белгілі болғандай, кәмелетке толмаған үш жасөспірім өзара бәстесіп, ұтылып қалған 15 жастағы бала Аймұрат деген жалған есіммен полицияға хабар берген. Үш жасөспірім хабар берген уақытта, түнгі сағат 23:00-ден кейін үйінен тыс жерде болған. Жасөспірімнің үшеуі де бұрын дәл осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапқа тартылған екен.

Мұнайлы шаһардағы орта мектептің 10-сынып оқушысы бір айда полицияға төрт рет жалған хабар берген. Бұл оның кешкі мезгілдегі үйреншікті «ісіне» айналғаны байқалады. Алғаш рет 28 нау­рызда полиция қызметкерлерін пәтерге шақырған. Ал 26 сәуірде №31 мектеп жанындағы футбол алаңында жасөс­пі­рім­дер төбелесіп жатқанын хабарлаған. Бұдан кейін 29 сәуірде ойын алаңында бел­гісіз адамдар автокөліктерге тас лақ­тыратынын айтқан. Төртінші рет 30 сәуір­де жасөспірімдердің электрошокер мен бөтелке ұстап, төбелескелі жүргені жөнінде хабар берген. Полицейлер аталған деректің бәрі де жалған екеніне көз жеткізді.

– Полиция қызметкерлері жазғы каникул басталған кезде жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа ұрынбауына баса көңіл аударып отыр. Осыған орай 26 мамыр мен 2 маусым аралығында өткен «Каникул» іс-шарасының мақсаты – балалардың құқықтарын бұзу дерегін анықтау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу. Сон­дай-ақ балалар еңбегін пайдалану, кәме­летке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәме­лет­ке толмағандармен және оларға қар­сы жасалатын қылмыс пен құқық бұзу­­шылықты болдырмау көзделді. Юве­налды полиция бөлімшесінің учас­келік полиция инспекторлары үш күнде түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде қы­д­­ырып жүрген 70-ке жуық жасөс­пі­рім­ді анықтады. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір жасөспірімнің қоғамдық орында алкогольдік ішімдік iшкен күйде жүргені, тағы біреуінің ұсақ бұзақылық жасағаны белгілі болды. Ал үшеуі супермаркеттен ұсақ-түйек заттарды жасы­рын түрде ұрлап, сөмкеге салып жат­қан кезде ұсталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 20 оқушының қылмыстық құ­қық бұзушылық жасағаны анықталып отыр. Оның ішінде 13 ауырлығы орташа, 7 ауыр қылмыс бар.

– Мәселен, кәмелет жасына толмаған оқушының бірі Telegram интернет-қосымшасынан жұмыс тәжірибесі жоқ болса да жалақысы жоғары жаяу курьер қажеттігі туралы хабарландыруды тапқан. Ол осы хабарландыруға қызығушылық танытқан. Курьердің жұмысына психотроптық заттарды жа­сырын орындарға жеткізу кіретінін біле тұра материалдық тұрғыдан тез баю мақсатын көздеген. Оның аса ірі мөл­шер­дегі есірткіні, психотроптық заттарды, сол тектестерді сақтау, тасымалдау, өткізуге бағытталған электронды ақ­параттық ресурстарды пайдалану ар­қылы қылмыстық ниеті анықталған. Заңсыз әрекеті үшін мектеп оқушысы 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, 25 сәуір­де №36 мектептің 10-сынып оқу­шы­сы соққыға жығылған. Осыған байланысты дене жарақатын қасақана келтіру дерегімен Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлігінің 8-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

– Жедел тергеу шаралары күдікті ретінде 11-сынып оқушысын анықтады. Оқиғаның барлық куәгерінен жауап алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері, оның ішінде сот-медициналық сараптама жасалып жатыр. Кәмелетке толмағандарға қа­тыс­ты заңға қайшы әрекеттерді хабар­ла­мағаны үшін мектеп директоры Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 127-1-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылды, – дейді Аршат Тайтуллин.

Оқушының соққыға жығылғаны жұртшылықты әрі-сәрі күйге түсірді. Өйткені жарақаты бар оқушы облыстық балалар ауруханасына түскен. Аурухана директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің дерегіне сүйенсек, науқас лор бөліміне жатқызылған. «Науқасты шұғыл опера­ция­лық көмекті қажет етпейтініне байланысты Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жіберу келі­сілді. Алайда ата-анасы 26 сәуірде ба­ла­сын қолхатпен шығарып алып, Орал­ға ұшақпен алып кетті» дейді Нұрқабыл Айтмұхамбетов.

Дәл осы аурухана директорының орынбасары Орындық Сиплованың айтуынша, былтырғы төрт айда 137 баланы күйік шалса, биылғы қаңтар-сәуір айларында осындай 185 дерек тіркеліпті. Оның ішінде 88 бала термиялық, 9 бала химиялық күйік жарақатын алған. Ал 6 бала қайтыс болған. «Мұндай оқыс оқиға ата-аналардың телефонға алаңдауынан туындап отыр. Өйткені ата-аналар телефон қоңырауына жауап беру, WhatsApp мессенджеріне хабарлама жазу кезінде балаларын қараусыз қалдырады», дейді балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің аға медбикесі Қымбат Дүйсенғалиева.

Балалар арасында балконнан құлау дерегі де тыйылмай отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қо­ғам­­мен байланыс тобының ақпара­ты­на сүйенсек, былтыр 2-7 жас ара­лы­ғындағы 5 бала терезеден құлаған. Оның ішінде бір отбасының егізі бар. Екі бала жантәсілім етті. Ал 3 бала ауыр жарақат алды. Биылғы мамыр­да Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданындағы көпқабатты үйдің 2-қаба­ты­нан құлаған екі жасар бала ауыр жа­рақатпен ауруханаға түсті. Оның бас сүйегі екі жағынан сынған.

Ал 4 маусымда «Береке» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары 9-қабаттағы балконнан екі жасар баланың тұрмыстық бұйымдарды лақтырып тұрғанын байқаған. Бұл туралы патрульдік полиция экипажына жедел хабар берілген. Полиция инспекторлары Еламан Төлешов пен Нұрбол Бағытов 9-қабатқа эвакуациялауға ар­нал­ған баспалдақ арқылы көтеріліп, балкондағы баланы құлау қаупінен құтқарып қалды. Ювеналды полиция қыз­метінің инспекторлары баласын үйінде жалғыз қалдырған 37 жастағы әйелді анықтады.

Дәл осындай деректің бірі 5 маусымда Мақат ауданында тіркелді. Тұрғын үйдің 2-қабатында ашық қалған терезеден 2-3 жасар екі бала қарап тұрған. Оқиға орнына жедел жеткен полиция майоры Тойғожа Әзбергенов, полиция аға лейтенанты Ренат Исемғалиев, полиция аға лейтенанты Аслан Мұсаевқа жергілікті Қайрат есімді тұрғын көмек қолын созған. Олар 2-қабаттағы пәтер терезесіне өрмелеп шығып, балаларды құлау қаупінен құтқарды. Полиция инс­пекторлары анықтағандай, бақылаусыз қалған екі баланың ата-анасы жұмыста болған.

Біреуге бармақ тістетіп, енді біреу­ді өкінішке ұрындырған осындай де­рек­тің бәрі балаларға қадағалаудың жоқ­ты­ғы­нан болып отыр. Әр ата-ана тарапынан мейірімге толы жанашырлық болса, бауыр етіне балаған ұрпағы оспадар әрекетке де, қылмысқа ұласар құқық бұзушылыққа ұрынбас еді.

 

Атырау облысы