Ұлттар лигасының жеребесі тартылған сәттен бастап кешегі күнге дейін Әзербайжан мен Беларусь құрамаларының бас бапкерлері де, барша футбол мамандары да Словакияны «С» лигасының негізгі фавориті екенін айтқан болатын. Кешегі матч алдындағы баспасөз мәслихатында Магомед Адиев те Словакия құрамасының ойынын жоғары бағалап, кездесу қазақстандықтар үшін өте қиынға соғатынын мәлімдеген еді. Дегенмен М.Адиев Еуропаның ТОП-5 чемпионаттарында өнер көрсететін тәжірибелі футболшылардан жасақталған Штефан Таркович шәкірттерін жеңіп, өзінің мықты мотиватор, стратег екенін көрсетті.
Бір елден екінші елге ұшу, 90 минут бойы алаңда жүгіру футболшылар үшін оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан М.Адиев кешегі ойында негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасады. Алғашқы турда жарақат алған Асхат Тағыбергеннің орнына Исламбек Қуат шықса, қорғаушылар Тимур Досмағамбетов, Михаил Габышев, Сергей Малый бірінші минуттан бастап негізгі құрамнан орын алды. Сондай-ақ Әзербайжанмен өткен ойында мамандар көзіне түскен Рамазан Оразов та кешегі кездесуде сол қапталдың шабуылына жауапты болды. Олар Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Ян Вороговский және Бағдат Қайыровты алмастырды. Негізгі құрамның өзге ойыншылары өзгеріссіз қалды.
Ал Словакия сапында Италия чемпионатында доп тебетін алып денелі қорғаушы әрі құрама капитаны Милан Шкриньяр («Интер») мен жартылай қорғаушы Станислав Лоботка («Наполи»), АПЛ клубтарында өнер көрсететін қақпашы Марек Родак («Фулхэм») пен «Уотфордтық» жартылай қорғаушысы Юрай Куцка секілді тісқаққан футболшылар ойын барысында Игорь Шацкий қорғаған қақпадан саңылау табуға тырысты.
Трнавадағы «Сити Арена» стадионында өткен матчың алғашқы минуттарында Қазақстан құрамасы алаң иелерін әбден састырды. Кездесудің небәрі екінші минутында қорғаушы Сергей Малый айып алаңының ішінен қақпаға баспен соққы бағыттап, қақпашы Марек Родактың қырағылығын бір тексеріп көрді. Арада бірер минут өткенде алғашқы турдың қаһарманына айналған Абат Айымбетов кезекті мүмкіндікті мүлт жіберіп, гол соға алмады. Оның соққысы қақпадан биік кетті. Словакиялықтар да алғашқы таймда Игорь Шацкий қорғаған қақпаға әлсін-әлсін шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, 45 минут бойы бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Есесіне, кездесудің 26-минутында ұлттық құраманың жас футболшылары Рамазан Оразов пен Эльхан Астановтың шығарған пасынан кейін Аслан Дарабаев гол соғып, ойынның есебін ашты – 0:1. Алаң иелері бірінші таймның соңына дейін таразы басын теңестіруге тырысқанымен, Альмаши мен Руснак шабуылдарын нәтижелі аяқтай алмады.
Үзілістен кейін Штефан Таркович құрамасының шабуылын күшейтіп, алаңға екі жартылай қорғаушының орнына бір шабуылшы мен бір жартылай қорғаушы шығарды. Сөйтіп, алаң иелерінің ойыны біраз жанданғандай болды. Тіпті екінші таймның бел ортасынан ауа словакиялықтардың шабуылы үдей түсті. 77-минутта Ладислав Альмаши гол соғып, есепті теңестірген еді. Бірақ кездесудің бас төрешісі Кристо Тохвер гол соғылардан бұрын алаң иелерінің бірі Самат Жарымбетовке қарсы ойын ережесін бұзды деп есептеп, ВАР жүйесіне жүгінді. Бейнеқайталаудан кейін төреші фол тіркеп, Словакияның голын есепке алған жоқ. Қалған 10-15 минутта словакиялық футболшылар қауіпті ештеңе істей алмады. Осылайша, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словакия құрамасын сан соқтырып, сенсация жасады. Бір айта кетерлігі, бұл екі құрама арасындағы алғашқы ресми кездесу болатын.
Ал біздің топтағы екінші матчта Беларусь пен Әзербайжан құрамалары тең ойнап (0:0), екеуі де алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Сөйтіп, екі турда 100 пайыздық нәтижемен Қазақстан құрамасы өз тобында жеке-дара көш бастады. Екі матчта үш ұпай алған Словакия екінші орнын сақтап қалса, Беларусь пен Әзербайжан бір-бір ұпаймен соңғы екі орындарды өзара бөлісіп тұр.
Могамед Адиев шәкірттері келесі кездесуін 10 маусым күні Сербияның Нови-Сад қаласында Беларусь құрамасымен өткізеді. Бұл матчтан кейін ұлттық құрама елге оралып, 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.