«Халық партиясы бірден қоғамдағы идеялық күреске қосылып, референдумды қолдау үшін ауқымды үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Біз нәтижеге ризамыз және бұл – барлық қазақстандықтың жеңісі деп санаймыз. Қазақстандықтар іс жүзінде Президент Қ.Тоқаевқа зор сенім білдірді. Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік конституциялық іргетасы қаланды деп айтуға болады», деді партия төрағасы сөз басында.
«Қазақстан Халық партиясы жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі мемлекет емес, халық болуы керек деген бастамасын ресми түрде жариялап, Конституцияға енгізілетін түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жолдады. Халық партиясының түзетуі қабылданды. Бұл түзетудің әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін маңызы зор. Референдумнан кейін қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – Конституцияның қабылданған нормасын заңнамалық және тәжірибелік тұрғыда іске асыру», деп атап өткен ол халықтық партия барлық мемлекеттік компанияны, бірінші кезекте «Самұрық-Қазына» қорын шенеуніктердің қолынан тікелей және дереу халықтың меншігіне беру қажет деп санайтынын атап өтті. Өйткені «Үкімет мемлекеттік активтерді тиімді басқара алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының дивиденд төлегеннен бюджеттен ақша алғаны әлдеқайда көп. Біз, Қазақстан Халық партиясы «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі», деген конституциялық норманы іске асыру жөніндегі халық заңын жария түрде әзірлеудің басталғанын мәлімдейміз. Біз бұл бастамаға бейжай қарамайтын азаматтарды, әсіресе заңгерлерді, экономистерді, қаржыгерлерді заңның жазылуына атсалысуға үндейміз. Біз Amanat, «Ақ жол» партияларын, сондай-ақ парламенттік емес, оның ішінде әлі тіркелмеген партияларды да халықтық заңды әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысуға шақырамыз. Нәтижелі жұмыстың қорытындысында әрбір қазақстандық халық меншігінен тікелей кіріс, атап айтқанда, мемлекеттік компаниялардан дивиденд алады деп санаймыз. Заң әділетсіз жекешелендірудің нәтижелерін қайта қарау механизмін және мұндай активтерді олигархтардың қолынан халықтың меншігіне қайтаруды қарастыруға тиіс», деген Е.Ертісбаев өзге партияларды жұмыла жұмыс атқаруға шақырды.
Сонымен қатар ол: «Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты және жаңа заң әзірленгенге дейін біз Үкіметтен мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді тоқтатуды талап етеміз. Биыл және алдағы жылдары «ҚазМұнайГаз», Air Astana, QazaqGaz және т.б. қоса алғанда «Самұрық-Қазына» қоры шамамен 40 кәсіпорынды жекешелендіруге шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі жағдайда олар арзан бағамен сатылады. Бұл халықты шығынға ұшыратады. Халықтың активі қайтадан олигархтарға оралмауы керек. Бұған қоса жыл соңына дейін шетелге заңсыз әкетілген, халықтың меншігі болуға тиіс қаражатты елге қайтару қажет. Бұл шамамен 140 млрд АҚШ доллары», деп мәлімдеді. Сөз соңында «Әрбір қазақстандық еліміздің байлығынан пайда табуы үшін Әділетті Қазақстанды бірге құрып, халық меншігін бірлесіп басқарайық», деді партия төрағасы.