Қоғам • 08 Маусым, 2022

Балалар театры фестивалі

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында биылғы Балалар жылына және ТМД халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылына орай «Театрдың ғажайып әлемі» Батыс аймақтық театр фестивалі өтуде.

Балалар театры фестивалі

Орал қаласындағы Мәдени-ағарту бірлестігі мекемесі ұйымдастырған бұл театр тойы Қазақстанның халық әртісі, «Отан» орденінің иегері, кино және театр актрисасы Х.Бөкееваның 105 жылдығына да арналып отыр.

Театр фестиваліне Ақтөбе облысынан Нұрпейіс Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйінің жанынан құ­рылған «Аманат» жастар театр­ы, Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Ақтөбе» балалар театры, Ақтөбе облысы Құрайлы мәдениет үйінің АLL-Art балалар және жасөспірімдер театры, Атырау облысы Құр­манғазы ауданынан Өнерпаз ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Орлы» халық театры ұжым­дары арнайы келді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығының театры, Ақжайық аудандық мәдени-де­малыс орталығының театры, Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығынан Oscar балалар мен жасөспірімдер театр­ы, Орал қаласынан Мақашева театры, Дина Нұрпейісова атындағы бала­лар музыка мектебінің үлкен және кіші топтары, «Алтын Орда» балалар мен жас­өспірімдердің қоғам­дық театры, бар­лығы 150-ден аса балғын өнер­паз қаты­сып жатыр.

Театр фестиваліне қатысушы ұжым­дарды Орал қаласы мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Кайырлиев қабылдап, жетекшілерге сәт­тілік тіледі. Ал фестивальдың ашылу сал­танатында «Жастар мәдениет сарайы­ның» «Ұлы дала тойы» «Алаш» этно­фоль­клорлық ансамблі, «Салтанат» би ан­­самблі өнер көрсетті.

– Мұндай өнер додасы қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бас­тамамызды қолдағаны үшін Орал қа­ласы әкімдігі мен Батыс Қазақстан об­лыстық мәдениет басқармасына алғыс айтамыз. Театр өнері көрерменді сиқыр­лы қиял әлеміне тартып қана қой­май, халықты эстетикалық талғамға, адам­гершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы екені сөзсіз. Жас ұрпақ әлеуметтік желіге кіріптар болған қазіргі заманда осындай белсенді өнердің маңызы өте үлкен. Біздің мақсатымыз – балалар шығармашылығын дамытып, көршілес облыстар арасында мәдени байланысты тереңдету. Фестивальға қаты­сып жатқан барлық ұжымға сәт­­тілік тілейміз, – деді Орал мәдени-ағар­ту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмәмбетов.

Фестиваль екі күнге созылады. Са­йысқа Ғ.Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ак­тері, «Құрмет» орденінің иегері Еділ Рама­занов бастаған қазылар алқасы төрелік етуде. Болашақта бұл өнер сайысын екі жылда бір мәрте өткізіп тұрамыз дейді ұйымдастырушылар.

 

Батыс Қазақстан облысы