Парламент • 08 Маусым, 2022

Референдум «Жаңа Қазақстанға» жол ашты – Ерлан Қошанов

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Референдум қазақстандықтардың басым көпшілігі Президенттің жаңғыру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Референдум «Жаңа Қазақстанға» жол ашты – Ерлан Қошанов

«Өткен референдумның қорытындысы қазақстандықтардың басым көпшілігі Президенттің жаңғыру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Азаматтарымыздың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруі – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына деген сенімінің жарқын көрсеткіші. Шынын айту керек, үлкен іс атқарылды. Ел болып жұмылып, референдумды абыроймен атқардық. Осы жұмыстың бел ортасында өздеріңіз де жүрдіңіздер. Депутаттар күніне 250-ге жуық кездесу өткізді. Сіздер Президент реформаларын халыққа түсіндіруге зор үлес қостыңыздар», деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол бұл референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екенін, халқымыз өз тағдырын өзі айқындағанын атап өтті.

«Бірлігі бекем ел екенін күллі әлемге паш етіп, болашаққа нық сеніммен қадам басты. Бірлік пен сенім – «Жаңа Қазақстанның» негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім бар, ауызбірлік бар, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте, Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Алға қойған биік мақсаттардың бәріне бірге қол жеткізуіміз керек. Референдум – «Жаңа Қазақстанға» жол ашты. Оны халқымыз жақсы қабылдағанын көрдік. Халықаралық және отандық сарапшылар да науқанның әділ әрі ашық өткенін айтып, жақсы пікір білдіріп жатыр. Бұл – үлкен істің басы ғана. Бізді бұдан да маңызды әрі ауқымды жұмыс күтіп тұр», деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан соң, ол конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру кезеңіне көшетінімізді айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі үндеуінде атап өткендей, Конституциялық реформа құқықтық жүйені толық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сондықтан депутаттар әлемдік тәжірибені ескере отырып, тиімді құқықтық және сот жүйесін құру үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізуі қажет. Президент заңнамада мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін нормалар болмауға тиіс екенін ерекше атап өтті. Осы мәселеге депутаттардың назарын аударғым келіп отыр. Жалпы алдағы уақытта Конституциялық реформаларды іске асыру үшін біраз жұмыс атқарылады. Көптеген заңнамалық актіге өзгеріс енгізу керек. Сондықтан Мемлекет басшысының сенімін ақтап, саяси өзгерістерді заңнамалық тұрғыда сапалы әрі жедел іске асыруымыз қажет», деді Е.Қошанов.