21 Мамыр, 2010

ІСКЕРЛІК ФОРУМ ІРІ ЖОБАЛАРҒА БАСТАЙДЫ

671 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 19 мамырда жұмыс сапарымен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына келді. Сол күні Қазақстан Үкіме­тінің басшысы Белоруссияның Жоғары технологиялар паркінде (ЖТП) болды. Минск қаласында қоныс тепкен парк Беларусь Республикасы Президентінің арнайы декретімен 2005 жылдың 22 қыркүйегінде құрылған екен. 2020 жылға дейін жұмыс істейтін ЖТП қызметінің негізгі мақсаты отандық экономика салалары­ның әлемдік рынокта бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елде жаңа жоғары технологиялар не­гізін жасау болып табылады. Сол сияқты заманауи технология­лар­ды өндіріске кеңінен енгізу ар­қылы экспортқа шығарылатын тауарлар тасқынын арттырып, бұл салаға отандық және шетел инвестициясын тарту парк жұ­мысының басты бағыттарының бірінен саналады. ЖТП шеңберінде жұмыс іс­тейтін резиденттер 15 жыл мер­зімге табыс салығынан, қосымша құн салығынан, сонымен бірге республикалық және жергілікті бюджеттерге төленетін барлық салық түрлерінен босатылады. Парк әкімшілігінің директоры Валерий Цепкалоның айтуынша, Беларусь ЖТП-сы әлеуметтік-экономикалық және құқықтық ар­тықшылықтар тұрғысынан ал­ғанда Батыс Еуропа мемлекет­те­рі, Ресей, Қытай және басқа әлемнің бірқатар елдеріндегі осы тектес ЖТП-лардың жағдайынан көш ілгері тұрған көрінеді. Беларусь Республикасында тір­келген заңды және жеке тұлғалар ЖТП резиденті бола алады. Қазір мұнда 84 резидент жаңа және жоғары технологиялар саласында бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыруда. Оның бары­сын­да 8000 адам жұмыспен қам­ты­лып отыр. ЖТП жұмыс істей бастаған уақыттан бері бұл елдің экспортқа шығаратын компью­терлік бағдарламалары он есе артқан екен. Минск қаласындағы парк шеңберінде бүгінде әлемге танымал Бритш Телеком, Лон­дон қор биржасы, Газпром және басқа компаниялар жұмыс істеуде. Тек үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жоғары технологиялар паркі 98,1 млрд. рубльдің өнімін шығарып, қызмет түрлерін көрсеткен, 243 жаңа жұмыс орнын ашқан. Қазақстан Үкіметінің бас­шы­сы ЖТП жұмысымен жан-жақты таныса келіп, парк жетекші­лері­мен өзара тәжірибе бөлісу жө­нінде пікір алмасты. Парк қыз­метімен танысып шыққаннан кейін Қазақстан Премьер-Ми­нистрі қазақстандық және жер­гілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистер қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Ол өз сөзінде беларустік әріптестермен ақпараттық жүйені автомат­тан­дыру, тұрғындарға “жалғыз те­резе” қағидаты бойынша қызмет көрсету, электрондық үкімет жүйесін дамыту салалары бой­ын­ша кеңінен тәжірибе алмасу мә­селесінде бірқатар келісімдер жа­са­латындығын атап көрсетті. Со­ны­мен бірге жергілікті жур­на­лис­тердің Қырғыз Республикасындағы оқиғаларға байланысты қойған сұрақтарына жауап бере келіп, бұл елге Қазақстан тарапынан қомақ­ты гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанын, Қырғызстанның Уа­қыт­ша үкіметінің сұрауы бойынша Қазақстан Президенті 20 ма­мыр­дан бастап екі ел арасындағы үш өткізу бекеті бойынша шекараны ашу туралы тапсырма беріп, Үкі­мет шешім қабылдағанын мәлім етті. Кеше Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Сидорскиймен ке­ңейтілген екіжақты кездесу өт­кізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-эконо­ми­калық байланысты одан әрі дамыту мәселелері туралы жан-жақты пікір алмасты. Екіжақты кездесуде сөйлеген сөзінде Кәрім Мәсімов Минск қа­ласында өткелі отырған Қазақ­стан-Беларусь іскерлік форумына Қазақстаннан  140-тан астам кә­сіп­керлер мен бизнес қауымдас­ты­ғының өкілдері келіп отырған­дығын айтып, бұл форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беретіндігін атап көрсетті. Екі елдің үкімет басшылары Минск қаласында тұңғыш рет өткізіліп отырған Қазақстан-Бе­ларусь іскерлік форумының пле­нарлық отырысына қатысты. Оты­рыста Қазақстан және Беларусь елдерінің үкімет басшылары Кә­рім Мәсімов пен Сергей Си­дорский сөз сөйледі. Екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвес­тициялық мүмкіндіктері және Қазақстан мен Беларусь рес­публикаларының өзара эконо­ми­калық ынтымақтастығын одан әрі дамыту туралы Қазақстан тарапы­нан Индустрия және жаңа тех­нологиялар вице-министрі А.Рау, Беларусь тарапынан Экономика министрі Н.Снопка баяндама жасады. Екі ел арасындағы сауда-эко­номикалық байланыстың серпінді қарқын алуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қа­раша айында Беларусь Респуб­ликасына жасаған ресми сапары­ның тың қуат бергендігі анық. Сол сапар шеңберінде Қазақстан-Беларусь екіжақты ынтымақтас­ты­ғының 2010-2011 жылдарға ар­налған “Жол картасы” бекітілген болатын. Онда осы мерзім ішінде өндірістік кооперация саласында жүзеге асырылатын кешенді жо­балардың кестесі жасалынды. Бұл жобаларды жүзеге асыру бары­сын­да Қазақстан аумағында бірнеше жоғары технологиялық өндірістік кәсіпорындар құ­рылмақ. 2009 жылы екі ел арасындағы өндірістік кооперация жақсы же­тістіктерге жетті. Мәселен, елі­мізде 2008 жылы 40 беларустік трактор шығарылса, 2009 жылы 380 трактор болды. 2008 жылы 52 комбайн шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 200-ге жеткен. Өт­кен жылы елімізде беларустік трак­тор тіркемелерін, лифтілер, жиһаз және сүт өнімдерін шыға­ратын жаңа бірлескен кәсіпорын­дар ашылды. Тараптар өткен жылы әлемдік дағдарыс қиындықтарына қара­мас­тан өзара сауда айналымының өсу динамикасын сақтап қалды. 2009 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 388 млн. АҚШ долларын құрады. Өткен жылы Қазақстанға Беларусь елінен ауыл шаруашылығы мәшинелерін, кір жуатын мәшинелер, дәрі-дәрмек және басқа тауарлар жеткізілу көлемі едәуір ұлғайды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында екі елдің сауда айналымы 107 млн. долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 40 пайызға артты. Форумның жалпы отыры­сынан кейін Кәрім Мәсімов пен Сергей Сидорский БАҚ өкіл­дерімен кездесті. Олар екі ел арасындағы экономикалық ын­тымақтастық биылғы жылдың басынан сапалы әрі жоғары қарқын алғанын атап көрсетіп, қол жеткен осы үрдісті алдағы уақытта да дамытатын­дықтарына сенім білдірді. Оған 2010 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақ­станның  ішкі жалпы өнімі өсімінің 7,6 пайызға, Беларусь елінде бұл көрсеткіш 6 пайызға жетіп отырғандығы басты тұғыр болмақ. Сапалы қарқынмен дамып келе жатқан екіжақты сауда-эко­номикалық байланысты төмен­детпеу мақсатында  қыр­күйек айында дәл осындай кең көлемдегі отырыс Астана қала­сында өткі­зілетін болды. Сол күні түстен кейін Қазақ­стан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының астанасы Мәс­кеу қаласына келді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.