Үкімет • 08 Маусым, 2022

Пеш түтіктерін маманданған ұйымдар жөндеуі керек – Роман Скляр

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында жер үйде жиі кездесетін өрттердің негізгі себебін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пеш түтіктерін маманданған ұйымдар жөндеуі керек – Роман Скляр

«Иіс тиюге байланысты, соның ішінде балалар арасында қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуінің себебі газды тұрмыста дұрыс пайдаланбаудан болады. Желдету каналдары мен түтік жүйесіне қойылатын талаптарға тұрғындардың көбі немқұрайды қарайды», деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға жолдаған жауабында.

Вице-премьер «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының 7-бабы бойынша газды тұрмыста пайдаланудың қауіпсіздігін жергілікті атқарушы органдар бақылайтынын айтады. «Бүгінгі таңда өңірлерде ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №241 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй инспекциясы туралы үлгілік ережеге сәйкес газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын тұрғын үй инспекциялары құрылды. Сонымен бірге газбен жабдықтау обьектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында тұрғын үй инспекциялары Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 729-бабына сәйкес әкімшілік істерді қарайды», делінген Роман Склярдың жауабында.

Оның айтуынша, газ тұтынушы жүйелерге көрсетілетін қызметтің ішіне түтіктер мен желдету каналдарының, аралық құбырлардың ақаусыз жұмыс істеуін, пешке ауаның жеткілікті кіруін тексеру шаралары да кіреді. Бірақ түтіктер мен желдету каналдарын тазалау бұл қызметтің ішіне кірмейді.

«Үй ішіндегі газ қондырғысын жөндеу жұмыстарын және типтік келісімшартта көзделмеген жұмыстарды тапсырыс берушінің өтінімі бойынша мамандандырылған ұйым ақылы негізде атқарады», деп түсіндірген Үкімет басшысының бірінші орынбасары.