Қоғам • 08 Маусым, 2022

Қант неге қат?

892 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде кәдімгі қанттың қат дүниеге айналар түрі бар. Супер­мар­кеттер мен дүкендер сөресінен әлсін-әлсін «жоғалып» кетеді. Енді оның бағасы 70 па­йыз­ға қым­бат­та­ға­лы тұр.

Қант неге қат?

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің айтуынша, сәуір айынан бері 536 тонна қант жеткізіліпті. Оның 408 тоннасы «Идеал Маркет» ЖШС-нің сауда желілеріне, ал 128 тоннасы өзге супермаркеттерге берілген. Енді Алматы облысындағы «Көксу қант» зауытынан 408 тонна қант жеткізуге келісім жасалған.

– Супермаркет желілерінде қант әр адамға үш килодан сатылады. Өйткені жеке дүкен иелері немесе басқа да тұты­нушылар қантты бір мезетте төмен бағамен көп мөлшерде сатып алуы мүмкін. Сөйтіп, қант бағасына үстеме қосып, қымбатқа сатады. Сондықтан, су­пермаркеттерде қант белгілі бір мер­зім­де ғана сөреге шығарылады, – дейді Н.Жаңабеков.

Сауда орындарындағы азық-тү­лік баға­сына рейд жүргізіліп жатыр. Мұндай мони­то­рингті аптасына бір­не­ше рет жүргізу көзделген. «Бұл азық-түлік бағасының тұрақтылығын, не­­гіз­сіз өсуіне бақылау үшін қолға алын­ды. Мақсат – тұрғындарға азық-тү­лік­­тің қолжетімді бағамен ұсы­ны­луын қа­да­ға­лау», дейді басқарма басшысы.

«Идеал маркет» ЖШС қойма логис­ти­касы бекетінің директоры Қуаныш Әлімбетовтің мәліметінше, осы аптада Алматы облысындағы «Көксу қант» зауытынан 2 вагонмен 66 тонна қант жеткізілген. Бұл тауар «Идеал» және «Лидер» супермаркеттерінің 35 сауда нүктесіне сатылымға шығарылады.

– Қазір Атырауда бөлшек саудадағы қант­тың бағасы – 385 теңге. Енді са­­ты­лымға шығарылатын қанттың
1 килосы 500-517 теңгеден басталады. Бұған тасымалдау құнының қым­бат­та­уы себеп болып тұр. Жақын күндері отан­дық зауыттан тағы екі вагонмен қант жеткізу көзделіп отыр, – деп мәлім етті Қуаныш Әлімбетов.

 

Атырау облысы