Өкінішке қарай, облыс әкімдігінің ақпараттық ресурстары мен тиісті салалық басқармасы өңір бойынша ғана емес, ел деңгейіндегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі туралы толыққанды деректі жұртшылыққа жариялы түрде жеткізбеді. Яғни бұл жобадан облыстың, халықтың көретін пайдасы қандай? Жұмыс орындарынан бөлек, бюджетке салық түрінде қанша қаражат түсетіндігі туралы болжамдар, қоршаған орта үшін эмиссиялар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөнінде және күтілетін өзге де көрсеткіштер бойынша қолжетімді мәлімет жоқ.
Бизнес өкілдерінің бостан бос ақша салмайтынын бесіктегі бала да біледі. Еселеп пайда таппайтын болса, ешбір кәсіпкер есепсіз инвестиция құймайды.
Жамбыл облысының әкімдігі жетістік санайтын жобаны жүзеге асыру мерзімі 2049 жылға дейін екен. Айтуларынша, немістің Monterra Group компаниясы 1 кезеңді жүзеге асыру аясында жылына 1 тоннаға дейін, екінші кезеңде – 5 тонна, ал үшінші кезеңде жыл сайын 10 тоннаға дейін Доре қорытпасында алтын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл құрамында кемінде 70 пайыз алтын бар бағалы шикізат. Енді есептеп көрейік, әлемдік нарықта аталған алтынның килограмы 2017 жылдың өзінде 39 мың долларды немесе қазіргі курспен 17 млн теңгені құрайды. Демек тоннасы 17 млрд теңгеге тең. Жыл санап өндіру көлемі ғана емес, алтынның да құны өсе түсетіндігін ескерсек, шетелдік компания инвестиция ретінде құйған 832 млрд теңгені он шақты жылда оп-оңай қайтарып алады. Ал жобаның ұзақ мерзімге жоспарланғанын ескерсек, келешекте қызығын халық емес, келімсек кәсіпорын көреді. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан инвесторға преференциялар (жеңілдіктер) берілген, яғни компания Қазақстанға кіргізген қымбат құрал-жабдықтары үшін кедендік алымдардан босатылған. Мұның сыртында инвестициялық жоба болған соң кәсіпорынның қалыпты қызмет атқаруы үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де мемлекет мойнында.
Осы көрсетілгендер негізінде, Қазақстан Республикасының азаматы, жергілікті тұрғын және салық төлеуші ретінде Жамбыл облысы әкімінен мына сұрақтарға жариялы түрде жауап беруді талап етемін:
– бюджетке төленетін салық пен басқа да міндетті төлемдердің шетелдік үлесі бар жекеменшік кәсіпорынның қыруар пайдасымен салыстырғанда үлес салмағы қандай?
– өнімді өзара бөлу туралы келісім бар ма, шарттары қандай?
– өндірілген (алынған) алтынды сатудан түскен қаржыда (кірісте) мемлекет, не жергілікті бюджеттің үлесі қанша?
– шетелдік компания инвестор болу құқығын қалай иемденді және қандай шарттарда?
– компанияға қандай әлеуметтік міндеттемелер жүктелді?
– жер қойнауын пайдаланушы ретінде барлау мен өндіру мерзімдері қандай?
– кәсіпорын қызметінен қоршаған ортаға келетін залал есептелді ме, оның зардаптары қалай жойылады?
– елімізде алтынды экспортқа шығаруға тыйым салынғанын ескерсек, кәсіпорын өндірген бағалы металды кім сатып алмақ, мемлекет пе?
Олай болса өз алтынын өзгеден сатып алу қаншалықты тиімді? Сұрақ көп. Инвестициялық жоба деп жалаулатып, жарнамалай бергенше оның халық үшін қаншалықты пайдалы екенін және болашақта берері туралы ойлану керек және бұл туралы жұртшылыққа ашық ақпарат берілуге тиіс деп есептеймін. Инвестициялық жоба жоғары технологияларды игеруге, техника немесе күнделікті тұрмыста қажеттілікті өтейтін өнімдерді шығаруға бағытталған болса бір жөн. Жер астында жатқан халық қазынасының қызығын жекеменшік кәсіпорындардың көруіне қарсымын. Судың да сұрауы бар. Бағалы кен таусылған күні шетелдік инвестор үйіне қайтады. Ал жергілікті халық не істемек? Экологиялық зардаптарын кім тартпақ?
P.S. Президенттің қабылдауында күз айында болған облыстың бұрынғы әкімі де, жақында келген жаңа әкім де жоба туралы жұмған ауыздарын ашпады. Неге? Сонша сөз болған шетелдік инвестордың құнды шикізат шығару жөніндегі жобасы сиырқұйымшақтанып кетті ме?
Мақсат АЛТЫНБЕК,
адвокат
Жамбыл облысы