Президент • 09 Маусым, 2022

Президент БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасарын қабылдады

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға сапары аясында Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасарын қабылдады

Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, пандемияға қарсы іс-қимыл және гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Амина Мұхаммедке ілтипат білдіре отырып, лауазымды қызметке қайта сайлануымен құттықтады. Оның бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрыс кезең – жалпыұлттық референдум өткізумен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Сондай-ақ референдум қорытындылары Жаңа Қазақстанды құру ісіне кірісуге мүмкіндік беретінін айтты.

Президент көпжақтылық қағидаты мен халықаралық дипломатияны қалыптастырып, дамытуда дүниежүзілік ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БҰҰ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға бейілді екеніне тоқталып, оның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі күн тәртібін толық қолдайтынын жеткізді.

Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаңа күн тәртібін әзірлеу үшін 2023 жылы жоғары деңгейдегі «Болашақтың саммитін» шақыру туралы бастамасын құптады.

Мемлекет басшысы қазіргі заманның күрделі сын-қатерлері жағдайында орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін кезек күттірмейтін және ауқымды шаралар қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шешімдер туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған SpotLight Initiative өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру ісіндегі Амина Мұхаммедтің көшбасшылығын жоғары бағалады.

Өз кезегінде Амина Мұхаммед Мемлекет басшысына БҰҰ Бас хатшысының жүрекжарды сәлемін жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдайтынын айтып, референдумның сәтті өтуімен құттықтады.

БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Қазақстан мен БҰҰ-ның 30 жыл ішінде орнатқан көпжақты серіктестігінің деңгейіне жоғары баға берді.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында Ауғанстан мәселесі қарастырылды. Амина Мұхаммед Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қайта қалпына келтіруге байланысты проблемаларды шешуде халықаралық күш-жігерді жандандырудың маңызды екенін айтты.