Қуаныш өмір сүрген толқын ерекше уақытта өмір кешті. Оларға соғыстан соңғы ауыр жылдардың тауқыметін, тың игерудің аласапыран жылдарын иықтарымен көтеруге тура келді. Бұл ұрпақ өкілдері алпысыншы жылдардың жылымығын да, тоқырау кезеңі атанған жетпісінші жылдарды да, Кеңес Одағының күйреуі қарсаңындағы сексенінші жылдарғы қайта құруды да көзбен көріп, көңілмен сезінді. Бұдан соң да бұл толқын жаңа егемен Қазақстанды қалыптастыруға да тікелей атсалысты. Аталған дәуірлердегі оқиғалар тіпті бірнеше ұрпақтың ғұмырларына жететін болса да, сайып келгенде, бұлардың пешенесіне молынан тиді. Аталарымыздың: «Ұстараның жүзіндей, сан құбылған дүние-ай!» деп әнге қосатыны осыдан шығар. Осындай толассыз өмір мен санқилы оқиғалардың бел ортасында Қуаныш пен оның замандастарының болуы сол кезеңнің заңды құбылысы.
1962 жылы Қуаныш Ақмоладағы орта мектепті бітірісімен Новосібірдің теміржол транспорты инженерлері институтына түсті. Институтты бітірісімен Қуаныш Алпысбеков Целиноградтың қақпасы ретінде саналатын Есіл стансасына жолдама алды. 24 жастағы жас маман қысқа уақытта әртүрлі деңгейдегі жұмыс атқарып, ұқыптылығымен көпшілік назарына ілікті. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржолының басшылығы Қуаныш Алпысбековті Ереймен-
тау стансасының бастығы қызметіне тағайындады. Жұмыс жауапты әрі қиын болса да, ол өзіне артылған сенімге қанаттанып, қызметін еш шаршаусыз, демалыссыз тәулік бойына дерлік атқаруға тура келді. Қуаныш дәл осы жерде нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жауапты болуға дағдыланды. Жастықтың Қуаныш үшін теміржолда ғана өмір қайнап жатқандай және одан тыс жерлерден өзін тіпті елестете алмайтындай көрінетін.
Дегенмен, тағдыр тіршілігі өз түзетулерін енгізетіні заңды үрдіс қой. Бірде аяқ астынан Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты өзіне шақырып алып, оған аудандық комсомол комитетін басқаруды ұсынды. Қуаныш қанша тырысып, ұсыныстан бас тартқанымен беделі бүкіл облысқа жүріп тұрған, сөзге шешен Рамазановтың дәлелді пікірлерін талқылаудың қажет еместігін Қуаныш осы арада бірден түсінді. Сөйтіп, Қуаныштың өмірі күрт өзгеріске ұшырады. Арада шамалы уақыт өткен соң Қ.Алпысбековті Целиноград облыстық комсомол ұйымына жетекшілік етуге шақырды.
Облыстық комсомол комитетін басқара жүріп, Қуаныш аудандар мен бастауыш ұйымдары басшыларымен тығыз байланыс орнатты және сол ұйымдарға жетекшілік ететін жастарды сол жерлердегі жастардан таңдады. Ол қай ортада болса да сол жерді көркейтіп жүрді. Жасанды қылыққа барған жоқ, жақынын танымай қалу мінезіне ұшырамады, ең бастысы қарапайым адамдармен аралас-құралас болуды ұнатты.
Қиындығы мен қызығына әбден дағдыланған Қуаныштың комсомолдағы жұмысы 1978 жылы аяқталды. Облыстық партия комитетінің басшылығы болашағынан үміт күттіретін Қуаныш Алпысбековті КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберуді жөн көрді. Бұл академияны бітіргендер бірден әр республиканың Орталық партия комитеттеріне лауазымды қызметке тағайындалатыны немесе резервке қойылатыны белгілі. Алайда Қуаныштың академияны бітіруіне жарты жыл қалғанда Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Морозов Алпысбековті оқуынан шақыртып алып, қаладағы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындады. Кейіннен уақыттың тығыздығына қарамастан Қуаныш қоғамдық ғылымдар академиясына барып мемлекеттік емтихандарын табысты тапсырып, қызыл дипломға ие болды.
Қай саланы алып қарасаң да, Қуаныш Махмұтұлы қызмет еткен сара жол мен мұндалап жатқаны. Қысқаша қайыратын болсақ, ол мынадай: облыс орталығындағы Совет аудандық партия комитеті жетекшілігінен кейін Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің инспекторы, Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы, КОКП Орталық партия комитетінің жауапты инспекторы, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрінің орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары және Парламент мәжілісінің депутаты. Қай жерде қызмет атқарса да Қуаныш Махмұтұлы өзін білікті маман, тәжірибелі жетекші және жастарға қамқоршы екенін көрсете білді.
Бүгін бар, ертең жоқ қу тіршілікте, мына жарық дүниеде кімді жоғалтпадық?! Дей тұрсақ та, солардың арасында көзден кеткенімен, көңілден кетпейтіні бар. Дос-жарандарының жүрегіне өшпестей із қалдырып, жадында жатталып қалатын ізгі жандардың жүріп өткен жолын еске түсіріп, сағынбай тұра алмайсың, іздейсің, елеңдейсің. Табиғаты аса таза, жаратылысында тектілік бар, рухани-адамгершілік қасиеті мол, кісілігі кең сондай жандардың бірі – Қуаныш Махмұтұлы еді.
Қуаныш тағылымды өмір сүрді. Ол бойындағы барлық білімі мен дарынды қабілетін өмірден таңдап алған мамандығы арқылы қоғамның дамуына бағыттады. Қуаныштың асыл адамгершілік бейнесі, дос-туысқа деген адал қарым-қатынасы, әсіресе сүйікті немересі Елнұрға деген махаббаты, оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталатынына ешбір күмән жоқ.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі
НҰР-СҰЛТАН