Футбол • 10 Маусым, 2022

Үшінші жеңістен де үміттіміз

201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Ұлттар лигасының «С» тобындағы үшінші тур ойынын сырт алаңда Беларусь құрамасымен өткізеді. Матч УЕФА шешіміне сәйкес бейтарап аймақта, яғни Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджордже» стадионында ұйымдастырылады. Әлемдегі саяси жағдайға байланысты УЕФА Беларусь құрамасына өз елдерінде халықаралық турнирлерді өткізуге тыйым салған болатын.

Үшінші жеңістен де үміттіміз

Кейінгі жылдары Беларусь футболшылары Қазақстан құрамасының халықаралық турнирлердегі тұрақты әрі ыңғайсыз қарсыласына айналды. Өйт­кені екі елдің футболшылары бү­гінге дейін жасыл алаңда бес мәрте кез­десіп, төрт ресми ойынның бәрінде Бела­русь құрамасы жеңіске жеткен. Тек бір ғана жолдастық матч­та жерлестеріміз қар­сыластарымен тең ойнады.

Қазақстан мен Беларусь құрамала­ры ең алғаш 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта өнер көрсетсе, кейіннен Ұлт­тар лигасының екінші маусымында «С» тобында қарсылас атанды. Енді, міне, биыл дәл осы Ұлттар лигасы­ның үшінші маусымында да «ескі таныстардың» жолдары қайта түйісті.

Командалар алғаш рет 2009 жылдың 1 сәуірінде 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында жолықты. Алматыдағы Ор­талық стадионда өткен кездесудің есебін 10-минутта Ренат Абдулин ашқанымен, екінші таймда Александр Глеб бастаған «ақорыстар» Давид Ло­рия қорғаған қақпаға бес гол соғып, ірі есеппен жеңіске жетті – 5:1. Қа­рымта кездесу сол жылдың 10 қаза­нында Брестте өтіп, алаң иелері бұл жолы да ірі есеппен басым түсті – 4:0.

2011 жылдың ақпан айында Түр­­кияның Анталия қаласында екі құрама футболшылары жолдастық матч өт­кізіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Бі­рін­ші тайм­ның 45-минутында Алек­сандр Глеб пенальтиден гол соқса, екін­ші таймның 90-ми­нутында Сергей Остапенко таразы басын теңестірді. Осы ойында Қазақстан ұлттық құра­масының тарихындағы ең үздік фут­­болшылардың бір шоғыры өнер көр­сетті. Атап айтар болсақ, Самат Сма­қов, Давид Лория, Андрей Кар­по­вич, Нұрбол Жұмасқалиев, Ан­дрей Фи­нонченко, Азат Нұрғалиев, Сергей Скорых Беларусь құрамасымен ойын­да алаңға шықты. Сондай-ақ бұл че­хиялық жаттықтырушы Мирослав Бе­ранектің ұлт­тық құрамадағы ал­ғашқы матчы болатын.

Арада тоғыз жыл өткенде Қазақ­стан құрамасы (2020 жылы) Беларусь футболшыларымен Ұлттар лигасы аясында екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліп қалды. Қыркүйекте Ал­ма­тыдағы Орталық стадиондағы ал­ғашқы матчтың екінші таймында қонақтар сапынан Максим Бордачев есеп ашса, араға санаулы минуттар салып Абат Айымбетов таразы басын теңестірген еді. Алайда кездесудің аяқталуына бірер минут қалғанда Ғафуржан Сүйімбаевтың өрескел қателігінен кейін Беларусь құрамасының шабуылшысы Виталий Лисакович гол соғып, жеңісті жұлып алған болатын – 2:1.

Араға бір ай салып Минскіде өт­кізілген жауапты кездесуде де алаң иелері басым түсті – 2:0. Барлық ста­тис­тикалық көрсеткіш бойынша Ми­хал Билек шәкірттері алда болса да, сырт алаңда жеңіске жете алмады. Оның үстіне, денсаулықтарына байланысты Беларуське ұлттық құраманың негізгі ойыншылары Александр Ма­роч­кин, Юрий Перцух, Нұралы Әліп, Ян Вороговский барған жоқ.

Енді бүгін екі құрама Ұлттар лигасы аясында тағы бір кездесу өткізбек. Алғашқы екі турда Әзербайжан мен Словакия құрамаларын қапы қал­дыр­ған қазақстандық футболшылар­дан жанкүйерлер жеңіс күтетіні анық. Бәлкім, ұлттық құраманың Бела­русь­пен болған жеңіссіз серия­сына Могамед Адиев нүкте қояр. Фут­бол­шылар да бұған дейін кеткен есені осы жолы қайтару үшін барын салуы керек. Әйтеуір, жанкүйерлер үшінші жеңістен де үмітті.

Беларусь футболшылары үшін Ұлттар лигасының биылғы маусы­мы аса сәтті бастала қойған жоқ. Ал­­ғашқы турда Словакиядан 1:0 есе­бі­мен жеңілсе, екінші турда Әзер­байжан құрамасының қақпасына гол сала алған жоқ – 0:0. Беларусь құра­масының тіз­гінін екінші рет (2011 – 2014 жылдары және 2021 жылдан бүгінге дейін – ред.) ұстаған Георгий Кондратьев маусым айын­дағы ойындарға қазақстандық жан­күйерлерге жақсы таныс «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг пен «Мақтаарал» коман­дасының қорғаушысы Руслан Юден­ковты шақырған.