Бокс • 10 Маусым, 2022

Боксшыларымыз АҚШ-та атой салды

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген қазақстандық жас боксшылардың бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Көрсетіп жүрген нәтижелері де, жеткен жетістіктері де көңіл қуантады. Василий Жиров, Геннадий Головкин секілді әлемдік деңгейдегі жұлдыз боксшылардың жолымен келе жатқан отандық бокстың оғландары аз уақытта мамандардың көзіне түсіп үлгерді. Олардың алды мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт компаниялардан шақырту алып, АҚШ төрінде жұдырықтасып жүр. Өзгелері қазақстандық мамандардың қасында жүріп-ақ чемпиондық белбеуге «ақырын жүріп, анық басып» жетуді мақсат тұтқан.

Боксшыларымыз АҚШ-та атой салды

Мәселен, қазақстандық Suleimen Promotions компаниясы әуесқой бокс­та бірталай биік белесті бағындырған, әлем және Азия біріншіліктерінде атой салған талантты жігіттерді өз қам­қорлықтарына алып, өрелі өрен­дерді кезең-кезеңімен әлемдік дең­гейдегі шоуларға қатыстыра бастады. Промоутерліктің құрамында екінші орта салмақтағы WBA International, WBO Global және WBC Asian бел­дігінің иегері Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 KO), әуесқой бокстан 2018 жылғы Азия чемпионы Бек Нұр­мағанбет (7-0, 5 КО), 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасына қатысқан Әбілхан Аманқұл (1-0, 1 КО), жас­тар арасындағы әлем (2014 жыл) және Олимпия ойындарының чемпио­ны (2014), ересектер арасындағы әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүл­дегері Абылайхан Жүсіпов (2-0, 1 КО), Евгений Павлов (7-0, 5 КО) секілді боксшылар бар.

Жуырда есімдері кейін аталған төрт боксшы кәсіби бокстың «Мек­кесі» саналатын АҚШ-та кезекті жекпе-жектерін өткізіп, барлығы да қарсыластарын мерзімінен бұрын сұла­тып салды. Миннеаполис (Миннесота шта­ты) қаласында Tom Brown (TGB Promotions) компаниясының ұйым­дастыруымен өткен бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға шыққан отандастарымыз үшін бұл АҚШ-тағы алғашқы айқастары еді. Кештің басты жекпе-жегінде америкалық боксшылар – Стивен Фултон мен Даниэль Роман екінші жеңіл салмақта WBC және WBO белбеуін сарапқа салып, алғашқысы 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.

Негізгі жекпе-жекке дейін қазақ­стандық боксшылардан бірінші болып шаршы алаңға Әбілхан Аманқұл шықты. Орта салмақта (72,5 кг) дебютті жекпе-жегін өткізген қандасымыз кәсіпқой боксқа жуырда ғана ауысып, алғашқы айқасында қарсыласын но­каут­пен жеңген 25 жастағы америкалық Девонт Макдональдпен шеберлік байқасты. Төрт раундқа жоспарланған кездесудің үшінші раундында қазақ­стандық боксшы қарсыласының бүйі­рінен ауыр соққы жасап, нокаутқа жі­берді. Америкалық жекпе-жекті қайта жалғастыруға тырысқанымен төреші оған мүмкіндік бермеді.

Шаршы алаңға екінші болып әуес­қой бокста ұлттық құраманың капитаны болған Абылайхан Жүсіпов көтерілді. Бірінші орта салмақтағы (69,9 кг) отандасымыз бүгінге дейін 40 жекпе-жек өткізіп, оның 18-інде қарсыласын жеңіп, 21 мәрте жеңілген және бір кездесуінде тең түскен мек­сикалық Эдгар Рамирестің атақ-даң­қына қарамай, бірінші раундта-ақ сұлатып салды. Бұл – А.Жүсіповтің кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегі және мерзімінен бұрын қол жеткізген екінші ірі жеңісі.

Ал супер орта салмақта өнер көр­сететін (76,2 кг) қазақстандық Бек Нұрмағанбет те әріптестерінің де, өзінің де жеңісті жолын сәтті жалғады. Тоғыз жекпе-жектің жетеуінде (алты қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан) жеңіске жетіп, екі айқасында жеңіліп қалған америкалық боксшы Хайнелл Уилер отандасымызға небәрі екі раунд қана қарсылық көрсетуге шамасы жетті. Екінші үш минуттықтың орта тұсына келгенде Бек қарсыласын оң қолының ауыр соққысымен құлақ шекеден ұрып құлатты. Сонымен қатар екінші жеңіл салмақта (55,3 кг) жұды­рықтасқан тағы бір қазақстандық боксшы Евгений Павлов мексикалық Алексис Салидоны екінші раундта нокаутқа түсірді.

Жігіттердің АҚШ-тағы жарқын жеңістері өз салмағындағы әлемдік рейтингтегі орындарына да айтарлық­тай әсер етті. Атап айтар болсақ, же­тінші жеңісіне қол жеткізген Ев­гений Павлов өз салмағындағы 1 300 бокс­­шының ішінде 62-орынға кө­те­­рілсе, дәл сондай жеңісі бар Бек Нұр­мағамбет 72-орынға (1 400 бокс­шы) жайғасты. Абылайхан Жүсіпов екінші жеңісінің арқасында екі мың боксшының ішінде 418-орынға бір-ақ көтерілді. Ал дебюттік кездесуін нокаутпен аяқтаған Әбілхан Аманқұл ә дегеннен 1 500 боксшының ішінен 600 саты жоғарылап, 900-орынға тұрақтады.