Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Он жылдан аса уақыт қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 3 қыркүйекте Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында «Қазақстанға атом электр стансасы қажет» деп атап көрсетті. АЭС жобасын қолдаушы «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл мәселе 1990 жылдардан бері бірнеше рет көтерілген. АЭС өндіретін электр энергиясының тарифі қандай болатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе шығындарды өтеу туралы шешім қабылданатын кезде анықталады. Әзірге нақтылап алатын жайттар жеткілікті. 2023 жылға қарай технологияларды жеткізіп беретін тараптар нақтыланған соң 2025 жылға қарай техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. 2025-2028 жылдары Үкімет АЭС салу туралы қаулы қабылдап болған соң, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама тағайындалады. 2034 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2035 жылға қарай пайдалануға беріледі. 2029 жылға қарай құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, технологиялық жабдықтар жеткізіледі. Жобаның құрылысы қашан басталатыны беймәлім. Ал қолданысқа беру мерзімі – 2035 жыл. Электр стансасына салынған қаражаттың өзін өзі ақтау кезеңі 20 жылға созылады. Бірақ техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған жобаға қатысты мемлекет әлі өз ұстанымын айтқан жоқ.
Қазір әлем бойынша 32 елде 441 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көшбасшы елдердің қатарында. Алдағы онжылдықтарда Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда салынбақ. Қазақстан да дайындықты бастап жатыр. Жобаны іске асыру мерзімі – шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жыл. 2023 жылы реактор жеткізушісін анықтасақ, 2035 жылы пайдалануға беруіміз мүмкін. Мамандар АЭС салу кезінде III және III+ буынды ядролық реакторларды қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл әлемде сыналған және сенімді технологиялар.
Т.Жантикиннің баяндауынша, жылу электр орталықтарындағы технологиялардың 25-50 пайызы тозған. Кейбір орталықтарда бұл көрсеткіш 75 пайызға жақындап қалған. 2035 жылға дейінгі энергетикалық жүйе туралы АЭС баламалы сценарий ретінде қарастырылған. 2035 жылға қарай Солтүстік-Оңтүстік өзара байланысы бойынша базалық қуаттылық тапшылығы 3,2 ГВт құрайды. Тапшылықты жою үшін кемінде қуаты 1 мыңнан 1400 МВт болатын екі блокты атом электр стансасын салу қажет.
Радиоактивті қалдықтарды қайда сақтайды?
АЭС жобасына қарсы 60 пайыз топтың көңіліндегі күдік осы. Мұны қолдаушы тарап дөп басып танып отыр. Т.Жантикин атап өткендей, атом электр стансасын салудың тәуекелді тұстары жетеді. Нақтыласақ, дәстүрлі стансалармен салыстырғанда АЭС қымбат жоба, капиталдық шығыны мен құрылысы да ұзаққа созылады. Жоғары қуатты резервтеу үшін қосымша электр желілік құрылысқа да қосымша қаржы керек. Қауіпсіздік шаралары қатаңданып, бұрынғы АЭС-тердің реакторлары заманауи жаңа реакторларға ауысса да радиоактивті қалдықтарды утилизациялау мәселесі әлі шешілген жоқ. Яғни ядролық қоқыс қалдықтарынан бөлінген изотоптар мыңдаған жылдар бойы қатаң бақылауда болуы қажет. Ал АЭС-тен шыққан қалдықтардың ұзақ уақыт бойы қауіпсіз болатынына ешкім кепілдік бермейді. Бұл фактор атом электр стансасы бар, территориясы шағын елдер үшін өзекті. Ядролық қалдықтарды сақтау мәселесі келісімшартқа байланысты. Бұл құжат әлі нақтыланбағандықтан қалдықтарды қай тарап сақтайтыны белгісіз.
Сарапшылар да, ресми органдар да Алматы облысындағы Үлкен ауылы аталған жобаны жүзеге асыруға қолайлы деген тоқтамға келіп отыр. Мұнда КСРО кезінде су электр стансасын салу қолға алыныпты, тас пен судың құрамына дейін зерттелген. Қазір Балқаш көлінің айналасындағы елді мекендердің инфрақұрылымы қайта қаралып, жұмысшылар қалашығы салына бастаған.
ЖЭК – қымбат «ойыншық»
Қазақстанның инженер-энергетиктері одағының бас директоры Марат Дұлқайыров Үкімет соңғы 20 жыл бойы жаңғырмалы қуат көздерін өндіремін дегендердің бәріне де қолдау көрсеткенін жеткізді. Қаржыны да аяған жоқ. 2021 жылы жалпы қуаттылығы 393 МВт болатын жаңғырмалы энергия көздерінің 19 жобасы нақты іске асырылды. Инвестициялар көлемі шамамен 400 млн долларды құрады. 2021 жылдың аяғында елде жалпы қуаты 2010 МВт жаңғырмалы энергия көздерінің 134 торабы жұмыс істеді. Бірақ оның 20 жылдағы үлесі әлі 3 пайызға да жетпепті. Сырт көз жаңғырмалы энергия көздерін өндіруді арзан деп түсінеді. Бұл – қате пікір. ЖЭК – Қазақстан үшін тым қымбатқа түсетін «ойыншық». Бұл жоба да қымбат. Технология – импорт болғандықтан, оның бағасы тарифке әсер етеді. Қазір электр энергиясы үшін 3-4 мың теңге төлесек, ЖЭК-ке көшсек, ол 30-40 мың теңгеге көбейіп кетеді.
Сарапшы айтып өткендей, екі жылдан кейін экспортталатын барлық өнімге трансшекаралық салық төлейміз. Оның ішінде көмір де бар. Демек алдағы бес-алты жылда көмір генерациясынан бас тартуға тура келеді.
«Оның орнын газбен алмастырамыз» деп ойлайтындар бар. Бірақ еліміздегі газ қорының қуаты қазақ даласын жылу, жарықпен қамтамасыз етуге жетпейді. Мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ да мәселені шешпейді. Себебі мұнай-кен орындарының 80 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қысқасы, газ жоқ, көмірді пайдалануға құқымыз жоқ. Су электр стансалары болғанымен, трансшекаралық өзендер мәселесі шешілген жоқ. Шешілген күнде де су ағымын реттеп отыратын станса салу құны да қымбат», дейді М.Дұлқайыров.
Ол АЭС салынғанға дейін де өмір барын қаперге салып өтті. 2035 жылға дейін әлі 13 жыл бар. Үкімет күзге дейін Жамбылдағы ГРЭС-ке қатысты мәселені шешуі керек. Солтүстік Қазақстандағы энергия жүйесі Ресей Федерациясымен параллель жұмыс істегендіктен Балқаштың жоғарғы бөлігіне дейінгі осы аймақтарда энергия көздері тапшы. Түркістан облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы мен Батыс Қазақстан облысы Қазақстанның энергия желісімен байланыспаған. Осы облыстар Қазақстаннан тыс, Ресейдің орталық Волгасымен қатар жұмыс істеп жатыр. Еліміздегі энергетикалық сектордың жай-күйін зерделей алатын маман экономикалық, энергетикалық тәуелсіздікке иеміз деп айта алмасы анық.
«Солтүстік пен оңтүстік аймақтарды үш желі байланыстырып тұрғанын 30 жылдан бері айтып келемін. Егер осы үш желінің бойында ақау болса, аймақ жарықсыз қалады. Қаңтар айында төрт облыс бірнеше сағат бойы жарықсыз қалғанын көрдік. Аталған мәселені тиімді шешу үшін еліміздің оңтүстік аумағына көмірлі генерация базасын салуды, оған инвестор іздеуді кешіктіруге болмайды. Бізде көмірге балама болатын, толыққанды жұмыс істеп тұрған ештеңе жоқ. 30 жылда бір жаңа газ орындарын да таба алмаған Энергетика министрлігінің немен айналысып отырғанын білмеймін. Тіпті Жамбыл ГРЭС-ін газбен қамтамасыз ете алмай отырмыз. 2021-2022 жыл Жамбыл ГРЭС-і толықтай іске қосылады деген сөз бар еді. Бірақ ол әлі орындалған жоқ. Демек бізге АЭС-тен өзге жол жоқ», дейді М.Дұлқайыров.
АЭС – базалық энергия көзі
Бізге тұрақты һәм сенімді энергия көзі ретінде АЭС өте қолайлы екені даусыз. Сарапшының баяндауынша, АЭС жобасы жүйеленсе, ішкі нарықтағы қажеттіліктің 60 пайызын АЭС өндіреді. Атом электр стансаларына қажет шикізат – уран қазірдің өзінде бар. «Қазақстандағы жылу электр орталықтары ескірді, ең көнесі 40 жылдан асып кетті. Париж келісімі бойынша 2026 жылдан бастап, трансшекаралық көміртегі салықтары енгізіледі. Біз сол кезде ЖЭО- электр энергиясын көмірді жағу арқылы өндіруді қысқартамыз. Әзірге көмірден де, жаңғырмалы энергия көздерінен де бас тартпаймыз. Бірақ бізге АЭС базалық энергия көзі ретінде қызмет етеді. Станса үшін шикізатты өзіміз өндіреміз. Бұл да тиімді. Уақыты келгенде АЭС бізге құтқару жастықшасы қызметін атқарады», дейді М.Дұлқайыров.
Сарапшылардың алдын ала есебі бойынша, АЭС жобасының құны өте қымбат. Қазір 15 млрд долларға бағаланып отырған жобаның енді 10 жылда 25 млрд доллар болып өсіп кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. «Бюджеттің түбі көрініп, Ұлттық қордың алуға болмайтын шегі жақындап қалғанда мұндай қымбат жоба салудың қажеті бар ма?» деген мәселеге келгенде тараптардың пікірі екіге жарылады.
Экономист Алмас Чукин мәселені алдымен байыппен бағамдап алу керектігін айтады. Электр энергиясына деген қажеттілігіміз жыл санап артып келеді: АЭС құрылысын бүгін бастағанның өзінде 12 жылдан кейін ғана тоқ көзін бере бастайды. Мамандар АЭС-тің жылдық қуаттылығы 2,4 гигаватт екенін айтады. 2035 жылы пайдалануға беріледі деп отырған АЭС беретін, 2.4 гигаватының бір бөлігін Екібастұз ГРЭС-і беріп отыр. Тоқ көзіне деген қажеттілігімізді салмақтасақ, 2030 жылға қарай бізге бір емес, кемі үш АЭС керек.
А.Чукин АЭС жобасын алға тартып жүрген Үкімет қаржыландыру мәселесін, оңтайлы әсерін әлі де нақтылай алмай отырғанын да айта кетті. АЭС-тің өте қымбат екенін айтқан сарапшы 15 млрд долларды кімнен, қандай шартпен алатынымыз әлі күнге дейін айтылмай отырғанын жеткізді. «Естеріңізде болса, Ресей Беларусь пен Өзбекстанға өте жайлы келісімшартпен шыққан. Нақтыласақ, Беларуське АЭС шығындарының 100 пайызын, ал Өзбекстанға қажетті 70 пайызын қаржыландырды. Бізбен дәл қазір мұндай келісімшартқа отыруға Ресейде мүмкіндік жоқ. Долларға, технологияға байланысты проблемасы жетеді», дейді ол.
KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіби энергетик, экономист Әсет Наурызбаев басты проблема тариф, баға екенін айтады. Оның есептеулері бойынша, болашақ АЭС-тен алынатын электр энергиясының көтерме құны бір кВт/сағ үшін 60 теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, қазір қазақстандықтар бір кВт/сағ үшін 20 теңге төлейді. Ал мемлекет күн стансаларында өндірілген электр энергиясын бір кВт/сағ-ын 14 теңгеден сатып алады. АЭС жобасына қатысудан үмітті шетелдік компаниялардың елге жаңа технология алып келеріне ешкім кепілдік бермейді. А.Наурызбаевтың баяндауынша, атом энергетикасының құны әлемде қымбат. Ресейдің жобасымен салынып жатқан Түркиядағы атом электр стансасындағы баға шамамен 12,5 центті құрайды. Құрылыстың қымбаттауына байланысты қазір бағаны өсіру туралы келіссөз жүріп жатыр. 12,5 цент бізде шамамен 60 теңге. АЭС-тың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп ресурс жұмсалғандықтан тарифке әсер етеді.
Ә.Наурызбаев назар аударған екінші мәселе – АЭС локациясы. «Біз АЭС локациясы туралы айтқанда Балқаштай бірегей көлімізді ұмытамыз. Төтенше жағдай болып, инфрақұрылымды қалыпқа келтіргенше, Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі бір-бірінен бөлініп қалады. Содан кейін Т.Жантикин мырза өз баяндамасында ядролық қалдықтарды қалай қорғайтынымыз туралы нақты ештеңе айтпады. Ядролық қалдықтардың сыртқа шығып кетпеуіне елден басқа ешкім мүдделі болмайды. АЭС мүддесін алға жылжытып жүрген топ бірінші кезекте осы жағына басымдық беру керек», деп атап өтті Ә.Наурызбаев.
Сарапшы атом стансасына қатысты үрей тек қоғамда ғана емес, Үкіметте де бар екенін айтты. Қоғам оның тәуекелінен қорықса, Үкімет энергетикалық дағдарыстан алып шығатын жалғыз жол деп ойлап, басқа мүмкіндікке бас ауыртқысы келмейді. «Біз АЭС салып береміз деп отырған елдердің уәдесіне емес, қазіргі трендттерге де назар аударуымыз керек. Илон Масктың айналымға енгізгелі отырған аккумуляторының қуаты Қазақстанды 10 күн бойы электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге жетеді. Мұндай аккумуляторды өндіру үшін никель немесе темір қажет. Біздің жерде литий де толы, бірақ оны өндіру керек. Илон Масктың компаниясы литийді тұзды жерлерден жинап, оны батареяларына пайдаланады. Сонымен қатар мұндай батареялардың құны уақыт өткен сайын арзандай береді», дейді Ә.Наурызбаев.
Түйін
«АЭС керек пе?» деп талқылайтын кезеңнен біз әлдеқашан өтіп кеттік. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен өзгелердің түтінін жұтып, көште қалып қоймау, энергетикалық тапшылық қос бүйірден қысқан кезде тығырықтан алып шығатын мүмкіндіктерін қазірден ойлауы маңызды. Үкіметтің ұстанымы АЭС-ке басымдық берсе, сарапшылар оны базалық энергия көзі ретінде қарастырып, ЖЭК, көмір мен газдың да мүмкіндігін естен шығармау қажеттігін айтып отыр. Уақыт алға жылжып, технология дамыған сайын Еуропа елдері бас тартуға асығып отырған көмір мен газдың жаңа қырлары ашылар. Сол кезде қазақтың сайын даласына қуат көздерін беретін жобаның бәрі керек. Соның ішінде АЭС те өте құнды стратегиялық нысан болмақ.
АЛМАТЫ