Үкімет • 10 Маусым, 2022

Заң қабылдаудың жаңа тәртібі енгізіледі

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова референдумда қабылданған конституциялық нормаларға қатысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Заң қабылдаудың жаңа тәртібі енгізіледі

Вице-министр ең алдымен Конституцияға қабылданған түзетулер елдегі саяси модельді өзгер­тетінін атап өтті. «Жаңа мо­дель­ге көшудің негізгі идеясы – би­ліктің өкілді тармағының өкі­лет­тіктерін күшейту аясында Пре­зиденттің өкілеттіктерін қысқарту. Бұдан бөлек, құқық қорғау институттарын күшейтуге ерекше назар аударылуда», деді спикер.

Жаңа саяси модельге көшудің әр сатысына кеңінен тоқтал­ған министрлік өкілі Прези­дент­тің өкілеттіктерін қысқарту бөлі­гін­дегі өзгерістерді егжей-тег­жей түсіндіріп өтті. Ол сон­дай-ақ ай­мақтық саясатты қалып­тас­ты­рудағы Президент өкілеттік­тері­нің ықпалы азаятынын атап өтті.

«Мысалы, күні кеше құрылған 3 облыста Конституцияның тікелей нормасын ескере отырып, әкімдер жаңа тәртіп бойынша тағайындалады. Яғни Президент тағайындау үшін облыстар­дың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері мәслихат депу­тат­тары­ның келісімі бойын­ша кемін­де 2 кандидатура ұсынады, тиісті об­лыстың мәслихат депутат­тары 1 кандидату­раны келіседі. Мұндай дауыс беру тәртібі кеше Мемлекет басшысы қол қойған Жарлықта анық көрсетілген», деді Алма Мұқанова.

Референдумда қабылданған конституциялық нормаларға қатысты журналистердің сұрақ­тарына жауап берген спикер конс­титуциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық соттың қызметін айқындайтын Конституцияның ере­желері 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап күшіне енетінін айтты.

«Лауазымды адамдарға өкі­леттіктер беруді белгілей­тін Конституцияның нормалары – егер Конституцияда басқа­сы көз­делмесе, осы лауазым­ды адамдар өкілет­тігі мерзі­мі­нің аяқталуына немесе өкілет­тік­терінің толық тоқтауына қарай қолданысқа енгізіледі. Мысалы, Сенаттағы Президент тағайындайтын 15 депутат мерзімі аяқталғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды. Сондай-ақ Конституцияға өзге­рістер енгізілген заңда қарас­ты­рылғандай, Консти­туция­лық сот пен Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Консти­туциялық кеңес пен Есеп комитеті өз жұмысын жалғастырады», деді ведомство өкілі.

Осыған орай Конституциялық Кеңестің қолданылып жүрген нормативтік қаулылары Конс­титуциялық сот оларды қайта қарағанға дейін Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент палаталарын құру туралы ере­жесіне келетін болсақ, бұл нор­малар сегізінші сайлан­ған Пар­ламент Мәжілісі депутат­­тарын сайлаудан бастап қол­данылатын болады. Яғни қазір Мәжіліс депутаттары 8-ші сай­ланған Парламент Мәжілісінің сайлауы жарияланғанға дейін (қазір 7-ші шақырылым 2026 жыл­дың бірінші жартыжылды­ғы­ның соңына дейін) өз қыз­­ме­тін жалғастыратын болады», деп түсіндіріп өтті Әділет вице-министрі.

Сайлау туралы заңға өзге­рістер енгізу көзделген. Жақын арада тиісті түзетулер ашық нор­­мативті актілер сайтына шы­ғары­лып, халықтың тал­қысы­на салы­нады. Алайда Әділет Ми­нистр­лігі өкілінің айтуынша, пре­зи­денттікке ұсынылатын кан­ди­даттарға қойылатын талаптар бойынша ұсынылып отырған заң жобасында ешқандай өзгерістер жоқ.

«Президенттікке үміткер­лер­ге қойылатын мемлекеттік қыз­­­метте жұмыс істеуінің бес жыл­дық өтілінің болу талабы сақтала­ды. Неге? Өйткені Президент – дәре­же бойын­ша ең жо­ғары мем­ле­кет­тік қыз­мет ат­­қа­­ратын тұл­ға. Сондықтан оның мем­лекеттік қызметте жұмыс істеу тәжі­рибесі, көз­­­қарасы болуы керек. Прези­дент­­тікке кандидаттар сая­си пар­тия­ның атынан ғана емес, өзін өзі ұсы­ну арқылы да сай­лауға қатыса ала­ды. Оның пар­тияға мүше болуы мін­детті емес», деді вице-министр.

Брифинг соңында спикер референдумды «мемлекеттік жүйені жаңғырту мен демо­кра­тия­ландырудағы аса маңызды тарихи қадам» деп бағалады. «Президенттің айтуынша, Екінші Республиканың негізін қалай­тын – халықтың дауыс беруі. Конституцияға енгізілген түзе­тулер билік тармақтары арасын­дағы қатынастардың жаңа тепе-теңдігін қалыптастырады, бұл супер­президенттік модель­ден күшті Парламенті бар прези­дент­тік республикаға түпкілікті ауысуды қамтамасыз ете алады», деді министрлік өкілі.