«Бұл форум әлемдік деңгейдегі сарапшылардың күш салып, жұмылдыруымен өтіп жатыр. Әлемде 800 млн адам аштықтың тырнағына ілінді. Пандемия бұл проблеманы тереңдетіп жіберді. Ортақ шешім қабылданбаса, мұның зардабы ұзақ уақытқа созылатыны белгілі болып қалды. Барлық мүмкіндік аштықтың алдын алуға жұмылдырылуы керек. Бұл ретте Ислам конференциясына мүше мемлекеттердің аграрлық зерттеу университеттерін ортақ проблеманы талқылаудың, бірігіп шешудің платформасы ретінде қарастыру маңызды», деп атап өтті Е.Қарин.
ИЫҰ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жаһандық проблема деп таниды. Аталған ұйымға кіретін елдерде табиғи ресурстар жеткілікті болса да мүше мемлекеттердің басым көпшілігі азық-түлік жеткізілімінің халықаралық нарығына тәуелді. Бас хатшы Хиссейн Брахим Таханың пікіріне сүйенсек, коронавирус пандемиясы сияқты ұзақмерзімді дағдарыс кезеңі азық-түлік қауіпсіздігіне зиян тигізуі мүмкін. Себебі ИЫҰ елдеріндегі ауылшаруашылық тауарларының тапшылығы 2012 жылдағы 50,9 млрд долларға жуықтап қалды.
Форумда әлемнің азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін әлсіз елдерді анықтау, әлемдегі климаттық өзгерістердің азық-түлікпен қамтамасыз етуге әсерін бағалау және ауыспалы климаттық жағдайларда азық-түлік өндіру тәсілдерін зерделеу, әлемдегі тағам қауіпсіздігінің жай-күйін және оны шешу жолдарын бағалау, тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторларын анықтау мәселелері талқыланды.
Форуммен онлайн желісі арқылы байланысқан Біріккен Араб Әмірліктерінің Азық-түлік және су қауіпсіздігі министрі Мариям Альмхеири: «Алдағы онжылдықтарда азық-түлік өнімдерін молынан өндіруге мүмкіндігі бар экспорттаушы мемлекеттердің ықпалы күшейеді. Біздің күш-жігерімізді осы мемлекеттердің мүмкіндігін адамзат игілігіне пайдалануға жұмылдыру керек. Біз азық-түлік мәселесін талқылаған форумдардағы айтылған пікірлерді қаперге алу үшін жиналып отырмыз», деді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ИЫҰ (АҚИҰ) Бас директоры Ерлан Байдәулеттің баяндауынша, бұл форумға 24 елден делегация келген.
«Форум азық-түлік тапшылығын технологияның мүмкіндігімен азайту мәселесін көтеріп отыр. Жиын барысында біраз келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар еліміздің ауыл шаруашылығы секторына инвестиция тартуға жол ашады. Бүгінгі форумда араб елдерінен келген делегациялардың пікірін сол елдердің ресми көзқарасы деп қабылдауға болады», деді Е.Байдәулет.
Форумның келесі талқылаған тақырыбы 19 млн-нан астам тұрғыны бар, 2050 жылға қарай халқының саны шамамен 25 млн-нан асуы мүмкін Қазақстан келешекте азық-түлік өнімдерін экспорттаушы негізгі елдердің қатарынан көріне ала ма деген бағытқа ауды.
Жиын барысында тәуелсіз сарапшы ретінде сөз алған экономист Әзімхан Сатыбалдин екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адамзат ковидтік дағдарыстан кейін азық-түлік тапшылығына тап болады» деген пікірін қаперге салып өтті. Дер кезінде шешілуі тиіс жайттар уақытында шешілмегендіктен күрделеніп кетті. Әлемдегі ең ірі астық импортшысы Украина астығы жекелеген мемлекеттердің саяси мүдделерінің қыспағында қалды.
«Қазір халықтың қарнын қалай тойдырамыз» деген мәселе әлемдік трендке айналды. Қалған мәселелер осы проблеманың көлеңкесінен аса алмай отырғанын көріп отырмыз. Бидай тоннасының бағасы 100 доллардан 350 долларға дейін көтеріліп кетті. Ата-бабамыздың «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» дегенін бүгінгі көзқараспен тәпсірлесек, «азық-түлік проблемасы бір оқ шығындамай-ақ кез келген мемлекетті, халықты тізе бүктіреді.
Ә.Сатыбалдин қазір жер бетіндегі 7,5 млрд халықты қалай тойындырамыз деген мәселе ғаламдық трендке айналғанын жеткізді.
«Қазақстанның астық әлеуетінің қандай екенін әлем көріп-біліп отыр. Әлемнің біраз елінің шенділерінің бүгінгі жиынға келу себебі де осы. «Біз өз мүмкіндігімізді қалай пайдаланып отырмыз?» деген мәселе бізді мемлекеттік деңгейде толғандыруы тиіс. Біздің проблема халықаралық миграцияда емес, ішкі миграцияда. Қазақстанның облыстарының бәрінде жұмыспен қамту мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. Мемлекет оңтүстіктегі халықты солтүстік облыстарға көшіруге үндегенімен, ұсыныстарының инвестициялық тартымдылығын пайдалана алмай отыр. Үкімет солтүстікке көшіп барамын дегендердің басына үй, алдына мал салып беруге дайын. Солтүстіктің шұрайлы жерлерінің басым көпшілігі олигархтардың қолында. Сол себепті, Жаңа Қазақстанның құрылысын жеке адамдарға бөлінген жерлерді қайта қараудан бастайық. Алыс-жақын шетелдердің тәжірибесін қарайық. Көшіп барған ағайындардың бейімділігіне қарай 1 немесе одан да көп гектар жер берейік. Астық ексін, бау-бақша ексін. Тым болмаса айналасының азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешсін», дейді Ә.Сатыбалдин.
Сондай-ақ ИКҰ-ны тек азық-түлік мәселесі емес, білім, технология, ауыл шаруашылығы ғылымы интеграциясы да толғандыруы керек. Былтыр Қазақстанда құрғақшылықтан мал қырылып жатқанда Біріккен Араб Әмірліктерінде жасанды жаңбырдан ел-жерді су алып кетті. Сол технологияны біздің жерге пайдаланса, қазақтың кеуіп жатқан шөлейт аймақтарының күре тамырына қан жүгіріп, жасыл желекке айналар еді. Біз жерімізді келер ұрпаққа барынша жайлы жағдайда аманаттауымыз керек. Азық-түлік проблемасы алқымнан алып жатқан тұста ауыл шаруашылығының инвестициялық мүмкіндігін естен шығармауымыз керек», деп сөзін түйіндеді Ә.Сатыбалдин.
Екі күнге жалғасқан форум барысында ИЫҰ сарапшылары, отандық ғалымдар азық-түлік тапшылығы проблемасын шешуде ғылымның проблемасы туралы ойларымен бөлісті, агросектордың интеграциялық мүмкіндігі туралы мәселе мемлекетаралық деңгейде талқылануға тиіс деген ұстанымды толық қолдайтындықтарын білдірді.