Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлтарақтай жер – ақылы
Ақылы көлік тұрағы желісі іске қосылғалы бұл жобаның төңірегінен дау-дамай арылған емес. Әсіресе темір тұлпар тізгіндеген қалалықтар ақылы автотұрақтарды «ауыр» қабылдады. Бұрын көлігін кез келген көшенің бойына қаңтара салуға үйренген тұрғындар қалалық әкімдікке арыз-шағымын қарша боратты. Жұртшылықтың пікіріне қарағанда, қатты дауыл мен қақаған аяздан қорғалмаған ашық алаңқайларда қаптатып, ақылы автотұрақ белгілерін орнату – ауадан ақша жасаудың бір түрі. Өмірәлі Байтасов есімді елорда тұрғыны: «Қалалық әкімдіктің түсіндіруінше, мұндай ақылы тұрақтар қала көшелеріндегі кептелісті азайтып, жол қозғалысындағы жүктемені төмендетеді екен.
Жобаның іске асырылғанына біраз жыл болды. Бірақ ақылы тұрақтарды енгізгеннен шешіліп кеткен кептелісті көрмедім. Аяқ астынан ақылы болып кеткен тұрақтар Целиноград кезінен бар. Бұл – жол шетіне арнайы салынған дайын тұрақтар. Егер тұрақтарды біреу ақша шығарып, ақ тер, көк тер болып салып берсе бір жөн. Ал елдің баяғыдан пайдаланып, көлігін қойып жүрген тұрағына көлденеңнен иелік ету, жоқ жерден ақша жасау – халықты қанау деп білемін», дейді.
Екі-үш ай бұрын елорданың мыңдаған тұрғыны ақылы автотұрақтарды алып тастау туралы egov.press ресурсында петиция жариялаған еді. Әлеуметтік желілерге тарап кеткен жарияланымға бас-аяғы 8 мыңнан астам адам қол қойған. «Ақылы автотұрақтар – сіз бен біздің ақшамыздан пайда табудың бір тәсілі. Жол қозғалысындағы жүктемені қосымша паркингтер салу арқылы шешуге де болар еді. Халық саны көбейген сайын көлік те көбейетіні заңдылық. Тұрақтарды жаппай ақылы ету мәселені шешпейді. Конституцияға сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы ел аумағында емін-еркін қозғалуға құқы бар. Ал ақылы автотұрақтар осы құқымызды шектеп отыр» делінген петиция мәтінінде.
Асылбек Қоңырай атты тағы бір қала тұрғыны Есілдің сол жағалауынан көлік қоятын орын табу қиын екенін, сондықтан жұмыстан қалмас үшін «темір тұлпарын» ақылы автотұраққа күнде қоюға мәжбүр екенін жеткізді. «Ақылы тұрақтың бір сағаты – 100 теңге. Мен аптаның бес күнінде автотұрақ үшін орта есеппен 4-5 мың теңге төлеймін. Осылайша, айлығымның 20 мыңдайы тек тұраққа кетеді. Ақы төлегенімізге сай көлігіміз қорғалса ғой. Мысалы, дамыған мемлекеттерде автотұрақтардың көбі жіті күзетіледі. Демек, зақым келуден, тоналудан аман болады. Ал бізде ондай түсінік жоқ. Ақшасын алады, бірақ көлігіміз «күл болмаса, пұл болсын», ешкім жауапкершігіне алмайды», дейді қала тұрғыны.
Расымен ашық аспан астындағы ақылы тұрақтарға қойылған көліктердің қауіпсіздігіне әкімдік те, жобаның операторы – «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-і де жауап бермейді. Мұны серіктестік директоры Шыңғыс Досыбаевтың өзі де мойындап отыр.
– Біздің кәсіпорын көліктердің қауіпсіздігіне, бүтіндігіне жауап бермейді. Егер тұраққа қойылған көліктер сақтандырылған болса, оның ақысы сағатына 100 теңге емес, одан да қымбат болар еді. Өйткені ол үшін көлік тұраққа қандай жағдайда қойылды, одан кейін қандай жай-күйде иесіне тапсырылды – бәріне талдау жасап отыруға тура келеді. Ашық алаңдағы көліктерге мұндай тексеру жүргізу мүмкін емес. Жабық паркингтерде ғана бұл – өзін өзі ақтайтын іс, – дейді директор журналистерге берген сұхбатында.
«Жыры» көп жоба
Ақылы автотұрақтар желісін енгізу жобасы да Astana LRT сияқты басталмай жатып басына «бұлт үйірілген» жоба болды: бір ұйымнан екінші ұйымның қолына өтті, біресе инвестордың иелігіне беріліп, енді бірде қайтадан қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды. Жобаға бөлінген қаражатқа байланысты да дау шығып, оған жауапты лауазымды тұлғалар күдікке ілінді.
«Алматы тұрақтары» сайтындағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі алғашқы ақылы автотұрақ желісін салу мәселесі 1997 жылы қозғалып, жобаны Алматыда қолға алу мәселесі көтерілген. Бірақ 2015 жылға дейін оған бөлінген қаржы бағытынан «адасып», «көлеңкеге» кеткен. Қолға алынған үш жобаның үшеуі де сәтсіз аяқталған.
2012 жылы Алматы қаласын 2013-2023 жылдарға дамытудың стратегиясы қабылданып, бұл құжатта да ақылы тұрақ салу мәселесі сөз болды. Кейін автотұраққа төленетін ақшаны қолма-қол алуға мораторий жарияланады. 2016 жылы ғана автоматтандырылған ақылы тұрақ жүйесі қанатқақты жоба ретінде іске қосылды. Бұл жүйенің операторы ретінде Alan Parking ЖШС танылды. Олар мегаполистегі 12 мың автотұрақты қарауына алған. Бірақ биыл сәуір айында AlanParking ЖШС бас директоры уақытша қамауға алынғаны жөнінде хабар жетті.
Нұр-Сұлтан қаласындағы ақылы автотұрақтардың да «жыры» көп. Оның тарихы 2016 жылдан бастау алады. 2020 жылы бұл жоба үлкен дауға айналды. Жобаға тапсырыс берген қала әкімдігі қала тұрғындарына «Нұржол» бульварынан басқа жердегі паркоматтардың заңсыз жұмыс істеп тұрғанын, оған жұртшылық ақша төлеуге тиіс емес екенін мәлімдеді. «Паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынбағандықтан қалалық бюджетке қаражат түспеген, ал рұқсат етілмеген паркоматтарға төленген ақша серіктестіктің өзіне аударылған», делінді елорда әкімдігінің ресми хабарламасында. Қыза-қыза келе, әкімдік өкілдері мемлекеттік кірістер департаментіне «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-на қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мақсатында хат жолдағанын, тіпті келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны және талаптарды елемегені үшін ЖШС үстінен сотқа келісімшартты бұзу жөнінде арыз бергенін мәлімдеді. Ал мердігер компания өздерінің ресми сайтында әкімдіктің шартты бұзу туралы сотқа арыз берілгені туралы мәлімдемесін жоққа шығарып, 2020 жылғы 6 қарашадағы жағдай бойынша әкімдік тарапынан МЖӘ шартын бұзуға қатысты ресми хабарламалар болмағанын айтып ақталды. «Елорданы тұрақты дамыту жоспарына сәйкес біздің компания, не орнымызда басқа компания болса да ақылы көлік тұрақтарының аумағы ұлғаятын болады. «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС шартта бекітілген кестеге сәйкес МЖӘ жобасын жүзеге асыратынын ресми түрде мәлімдейді. Барлық ақшалай қаражат пен салықтар МЖӘ шартына сәйкес қала бюджетіне төленді. Біздің компания жер учаскелерінің меншік иесі болып табылмайды, олар – Нұр-Сұлтан қаласының көше-жол желісінің бөлігі. Жобада бюджет қаражаты жоқ», деп жазды ЖШС ресми ресурсында. «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС бәрін де келісімшарт негізінде атқарғанын, сондықтан ақылы автотұрақтардың ақшасы тұрғындарға қайтарылмайтынын да қосымша хабарлады.
Жақында «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ мамандары да ақылы автотұрақтар мәселесін тағы көтеріп, мердігер компанияны сынға алды. «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ жобаларды зерттеу және бағалау департаментінің сарапшысы Талант Мықтыбековтің айтуынша, 2019 және 2021 жылдар аралығында ақылы тұрақ орындары бойынша жеке әріптес саналатын «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС атына бағалау қортындылары туралы 3 хабарлама жіберілген. «Өкінішке қарай, бұл жоба тұрақ орындарының тапшылығы мәселесін шеше алмады. Өйткені тұрақ кеңістігі қолданыстағы инфрақұрылымда тұрақ желісін кеңейтпестен жабдықталған. Ақылы тұрақ орындарының негізгі бөлігі азаматтардың тұрғын үйлерінің жанында, тұрғын үйлер арасындағы аумақта орналасқан. Ал бұл халықтың баламалы тегін тұрақ орындарына қолжетімділігін айтарлықтай төмендетті. Жалпы алғанда, жобаны іске асыру процесінде жіберілген қате шешімдер жобаның алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бермеді», деді сарапшы ресми мәлімдемесінде.
Бұл сынға да жоба операторы келіспейтінін жеткізді.
«Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ бізге қалай сын айта алады? Жоба туралы күмәнді ақпарат таратып отырған МЖƏ орталығының өзі – осы ақылы тұрақтар жобасының негізгі əзірлеушісі. Бізге бағыт-бағдар беріп, жөн көрсеткен де осы орталықтың сарапшылары. Олар бізге ақылы тұрақтар құру шарты жобасының тұжырымдамасын əзірлеуге көмектесіп, арнайы оқытып, ұсынымдар берді. Тұжырымдама негізінде МЖƏ шарты жасалды. Енді қалай жобаны тиімсіз деп отыр?», дейді ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев YouTube каналындағы сұхбатында.
Оның айтуынша, тұрақтардың нақты қайда орналасу керектігін жергілікті әкімдік шешеді. Мердігер компания өз білгенімен қалаған жеріне ақылы автотұрақ белгісін орната алмайды.
«Ал тұрғын үй аулаларындағы, әлеуметтік нысандар тұсындағы ақылы тұрақтар мәселесіне келсек, бүгінде тұрғын үй маңындағы аумақтарда ақылы тұрақтар жоқ. Тұрақтар көше-жол желісінің шекарасында орналасқан. Жоба, ең алдымен қала тұрғындарының мүддесін ескеру үшін қолға алынған. Сондықтан оны біз тиімсіз жоба деп айтпас едік. Ақылы тұрақтар жобасы əлеуметтік маңызы бар мəлелелерді жəне тұрақ орындарының тапшылығы мəселесін шешуге көмектеседі. Бір ғана мысал, бұрын жобаны енгізгенге дейін «Нұржол» бульварында тұру уақыты орташа есеппен 4 сағатты алатын еді. Ал қазір бұл мерзім орта есеппен 40 минутқа дейін қысқарып, тұрақ орындарының айналымы 6 есеге өсті. Мұның өзі – жақсы көрсеткіш», дейді директор.
Ол сондай-ақ ақылы тұрақтар жобасы жергілікті бюджет түсімдеріне әжептәуір пайда әкеліп отырғанын, төрт жылда ақылы тұрақтардан 100 млн теңге түссе, айыппұлдың есебінен мемлекет қоржынына 1 млрд теңгеден астам қаржы түскенін айтты.
Ақы төлемесеңіз, айыппұл арқалайсыз
Бүгінде елордада ақылы автотұрақтар көк түсті жолақпен белгілене бастады. Қанатқақты жоба ретінде алғаш рет енгізіліп отырған бұл сызық алдымен «Нұржол» бульварында іске қосылды. «Жаңа жолақ түсі жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін қарастырылған. Көк жолақ жүргізушілерге ақылы тұрақ кеңістігінің шекараларын жақсырақ және жылдам анықтауға көмектеседі. Ашық көк сызықтар ақылы аймақты бөліп, жүргізушілердің назарын аударуы керек. Егер бұл жаңалықты қала билігі мақұлдаса, болашақта елорданың барлық ақылы тұрақ аймағы көк жолақпен бөлінетін болады», деп хабарлады «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС мамандары ресми сайтында.
Мердігер кәсіпорынның мәлімдемесіне сүйенсек, ақылы тұрақтар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бекіткен ережеге сәйкес тек алдын ала төлем жасау негізінде жұмыс істейді. Автотұрақтың ақысы автокөлікті тұраққа қойғаннан кейін 30 минут ішінде төленуге тиіс. Ал ақы төленген уақыт аяқталғаннан кейін көлік иесі 10 минуттан кешікпей, тұрақтан шығып кетуі керек. Әйтпесе айыппұл салынуы мүмкін.
Жалпы, тұрақты пайдалану кезінде мынадай жағдайларда айыппұл салынады: тұрақ ақысын төлемегеніңіз үшін, ақысы толық емес төленген жағдайда, төлемақы автокөлікті тұраққа қойғаннан кейін 30 минуттан кейін жасалса, ақылы автотұрақтар аумағында көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелері бұзылған жағдайда, ақылы автотұрақтар аумағында жол белгілерімен белгіленген талаптар сақталмаса.
Көлікті тоқтату немесе қою ережесін бұзғаны үшін айыппұл 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрайды. Құқық бұзу фактілері Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік полиция бөліміне жіберіледі. Айыппұлды төлеу туралы жазба автоматты түрде мәліметтер базасына келіп тіркелетіндіктен азаматтарға ішкі істер органдарына түбіртек ұсынудың қажеті жоқ.
Заң бойынша айыппұл бұйрық шыққан күннен бастап 30 күннен кешіктірілмей төленуі тиіс. Айыппұл уақытында төленбеген жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы әкімшілік заңнамасының нормаларына сәйкес мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Ал егер айыппұлмен келіспей жатсаңыз, Нұр-Сұлтан қаласы Әкімшілік полиция бөліміне шағымдануыңызға болады. Мекенжайы: 20-40 көше, 4 үй. Телефон: 8 (7172) 67 75 75.
Айтпақшы, ақылы атотұрақтарды тегін пайдалана алатын азаматтардың тобы да бар. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскер құрамына кіретін әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілер, жауынгерлік әрекеттер ардагерлері, бала кезінен мүгедектер, I және II топтағы мүгедектер, сондай-ақ мүгедек баланың заңды өкілдеріне (сот шешімі бойынша қамқоршыларға) тіркелген көлік құралдары, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерімен марапатталған тұлғалар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан радиациялық әсерге ұшыраған адамдар, Ауғанстанның ардагерлері және жергілікті жауынгерлік әрекеттерінің интернационалдық жауынгерлері.
Бір ескерерлік жайт, көлік жеңілдік алушының атына рәсімделген болуы қажет. Олардың атынан берілген үшінші тұлғаның өтінімдері қабылданбайды. Өтініш беру үшін astanapark.kz сайтында тіркеліп, одан кейін сайттың «Жеңілдіктер» бөліміне өту керек. Жеңілдікті рәсімдеу үшін тек төрт құжат қажет: өтініш, жеке куәлік, техникалық төлқұжат және жеңілдік құқын растайтын құжат.
«Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС пайдаланушыларды қолдау бөлімінің басшысы Лаура Сәбитқызының айтуынша, өтінішті үйден шықпай-ақ беруге болады. Ол үшін жоба операторының сайтында орналасқан арнайы форманы толтырып, жіберу керек.
Өтініш 10 күннің ішінде қаралады, содан кейін өтініш берушіге растау немесе дәлелді бас тарту туралы электронды хат жіберіледі.
Ақылы автотұраққа іргелес орналасқан үйлердің тұрғындары үшін маңайдағы ақылы тұрақтарды пайдалануға болатын жеңілдік шарттары бар. Ол үшін кәсіпорынмен резиденттік келісім жасалуы керек. Оған қажетті құжаттар тізімі мен тіркеу бойынша нұсқаулық astanapark.kz сайтының «Тұрғындар» бөлімінде орналасқанын ескерте кетейік.
Жеңілдік санатына жатпайтын азаматтар үшін тұрақ күн сайын сағат 20:00-ге дейін ақылы. Жұмыс күндері оның құны сағатына – 100 теңге. Ал демалыс және мереке күндері тұрақты пайдалану тегін.