23 Сәуір, 2014

Голливуд қаһарманы қазақ тілінде сөйлейді

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
азамат«Нұр Отан» пар­тия­сының қолдауымен Астанадағы «Керуен» сауда үйінің кинозалында «Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмінің алдын ала көрсетілімі ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілді қолдау мақсатында «Болашақ» қауым­дастығы төрт жылдан бері рей­тингісі жоғары, көпшіліктің сұранысына ие танымал фильм­дердің қазақша дубляжын жасаумен айналысып келеді. Бұған дейін прокатқа шыққан «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші адам», «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер» фильмдері соның айғағы. Бұл жылы голливудтық фильм­­­дерге дубляж жасау «Жас­­­­тар – Отанға» жобасы ая­­сын­да ұйымдастырылды. Жо­ба­­ның мақсаты тек фильм­дерді қа­зақ­шалау емес. Оның шең­берінде «Айтыс», «Бүр­кітшілер фес­тивалі», «Көкпар», «Қазақша кү­рес» жобалары да жүзеге асқа­нын айта кеткен жөн. өрмекші-2-2 Ал енді фильмге оралар болсақ, ағымдағы жылы «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмінің кейіпкерлері ағылшын, француз, испан, неміс, португал және орыс тілдеріне қоса, қазақ тілінде сөйлейтіні өз алдына, АҚШ-тағы негізгі тұсаукесерден 10 күн бұрын отандық экрандарға шығып қояды. Бұл туралы «Керуенде» ұйымдастырылған алдын ала көрсетілімде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді. Оның айтуынша, 50 жылдан кейін үлкен экранға 3D форматында қайта оралған алғашқы «Жаңа Өрмекші-адам» фильмінің әлемдік кассалық жиналымы өз бюджетінен үш есеге асып түскен. Яғни, фильм 230 миллион долларға түсірілген болса, жиналымы 752 миллион долларға жеткен. Ал, қазіргі «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмін түсіруге 200 миллион доллар жұмсалған. Оның ішінде ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес қазақша жасалған дубляждың құны 80 мың АҚШ доллары болған. Бұл жерде атап өтер маңызды жағдай – «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының осымен төртінші жыл қатарынан фильмдерді қазақ ті­ліне аударуда қаржылық кө­мек көрсетуі. Әсіресе, жас­тар ара­сын­да қазақ тіліндегі ор­та қа­лып­тастыру мақсатында дуб­ляж­­далған жаңа фильмнің де қар­­­­­­жылай қолдаушысы осы компания. Голливудтық фильмдерді мем­лекеттік тілге дубляждау жобасы аясында қазақ тіліне аударылған «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмінің саундтрекін танымал рэпер Бас­та жазған. «Супергерой» саунд­трегі фильмнің қазақ және орыс тілдеріндегі титр­ларында ойналатын болады. Фильмді дуб­ляждау жұмысы өткен жылдың қараша айында басталған. Басты кейіпкерлерді Өрмекші-адам туралы алғашқы фильмнің дубляжын жасаған Мерей Әжібеков (Өрмекші-адам), Әлима Қайыр­бекова (Гвен Стейси), Тыныш­гүл Сұлтанбердиева (Тетя Мэй) сомдайды. Сондай-ақ, фильм­дегі басты жағымсыз кейіпкер – Электроны сомдаған Азамат Қанапия бұдан бұрынғы жоба­лардағы дауысы үшін Уолт Дис­ней тарапынан үздік деп та­нылғанын да айта кету керек. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».