Аймақтар • 11 Маусым, 2022

Таразда 70 шақты адам әлеуметтік дүкенге шабуыл жасады

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тараз» ӘКК баспасөз қызметкері Кирилл Бердецкий оқиғаның Арай-2 шағын ауданындағы павильонда орын алғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда 70 шақты адам әлеуметтік дүкенге шабуыл жасады

Әлеуметтік дүкен жұмысшылары ашулы тұрғындарға тойтарыс бере алмай, салдарынан екі сатушы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

«Тараз» ӘКК аймақтық тұрақтандыру қорын басқару секторының қызметкерлері бірден тұрғын үй кешеніне келіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.

«Тұрғындарға қанттың таусылғанын айтқанымызда бізге сенбей айқай шығарды. Тауарды тығып қойғандай кінәлап, айыптады. Барлығы 70-тей адам жиналған болатын. Олар сөзімізге сенбей, дүкенге басып кірді. Қазір қыздар мұнда жұмыс істеуге қорқады», дейді аға сатушы-кассир Динара Шалабаева.

Анықталғандай, ашулы тұрғындар ғимаратқа кіріп, қызметкерлердің бірін итеріп, жерге құлатып жіберген. Екіншісінің қолын бұрап күш көрсеткен. Мұны көрген дүкен сатушыларының бірінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдемге жүгінген.

«103» пультіне қаладағы дүкендердің бірінде төбелес болып жатқаны туралы бірнеше рет қоңырау түсті. Белгілі болғандай, сатып алушылар дүкен жұмысшыларына шабуыл жасап, жұдырық ала жүгірген. Олардың қатарында жүкті әйел де бар. Барлығына шұғыл көмек көрсетілді», дейді Жамбыл жедел жәрдем станциясының аға фельдшері Бақытжан Ережепов.

Айта кету керек, аталған оқиға бойынша полицияға өтініштер, хабарламалар және қандай да бір шағымдар түспеген. Полицейлер оқиға орнында болған тұрғындарға алдын-алу шаралары мен түсініктеме жұмыстарын жүргізді.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз жоғарыда аталған объектіге полиция қызметкерін бөлу туралы шешім қабылдадық. Бұл қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік береді», деді полиция қызметкерлері.

Әлеуметтік дүкен қызметкерлерінің айтуынша, бұл қаладағы әлеуметтік павильондардағы жұмысшыларға жасалған бірінші күш көрсету емес. Әлеуметтік дүкендегі тауарларды өткерудің өзіндік ережесі болғандықтан, сатушылар тұрғындарға түсіністікпен қарауға шақырады.