Тағайындау • 11 Маусым, 2022

Президент Әкімшілігінің басшысы Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Ұлытау өңірінің барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиынына қатысу үшін жұмыс сапарымен Жезқазған қаласына барды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Әкімшілігінің басшысы Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды

Депутаттар жиынында Мұрат Нұртілеу Президенттің Ұлытау облысының әкімі лауазымына Берік Әбдіғалиұлы мен Серік Шайдаровтың кандидатураларын ұсыну туралы хатын оқып берді.

Ашық дауыс беру нәтижесінде 64 депутаттың 51-і Берік Әбдіғалиұлын қолдады, 13 депутат Серік Шайдаровқа дауыс берді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Берік Әбдіғалиұлын Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

.

Жаңадан құрылған облыстың активімен кездесуде Президент Әкімшілігінің басшысы тағайындалған әкімнің осы облыста дүниеге келгенін, Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласының әкімі лауазымдарында қызмет еткенін және Парламент Мәжілісінің депутаты болғанын атап өтті.

Жиында Мұрат Нұртілеу Мемлекет басшысының Ұлытау облысын құру туралы шешімі халқымыздың бірлігі мен тұтастығының символына айналған қасиетті Ұлытау аймағын жаңғыртуға жол ашатын тарихи оқиға екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа өңірдің құрылуы аймақ тұрғындарының қордаланған мәселелерін шешуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі септігін тигізеді.

.

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу жаңа әкімге барлық мемлекеттік органдар мен мекемелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірді дамыту сияқты міндеттер жүктеліп отырғанын жеткізді.

Президент Әкімшілігінің басшысы өңірдің ірі өнеркәсіп аймағына айналуға мүмкіндігі зор екеніне назар аударды. Сонымен қатар облыс аумағынан өтетін күре жолдарға айырықша мән беріп, өңірді еліміздің оңтүстік, шығыс және солтүстік өңірлерін байланыстыратын ірі көлік-логистикалық желіге айналуы тиіс екенін атап өтті.