Саясат • 13 Маусым, 2022

Билік пен қоғамның ортақ түсінігі

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясының Орталық аппаратында Talqylau диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы сарапшылар референдумның қорытындысы мен Жаңа Қазақстанның Конституциясы тақырыбы төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Билік пен қоғамның ортақ түсінігі

Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов референдум қорытындысы қоғамдық топтасудың жаңа деңгейін көрсеткенін атап өтті.

«Бұл еліміздің одан әрі даму болашағы туралы билік пен қоғамның ортақ түсінігі бар екенін біл­діреді. Азаматтар еліміздің Ата Заңы­на енгізілген өзгерістер мен толық­тыруларды қолдады. Енді Үкіметтің алдында жаңа міндеттер тұр – бұл азаматтардың барлық сындар­лы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді шешу және барлық саланы стра­тегиялық басқару. Яғни сапалы жұмыс орындарын құру, халықтың табыс деңгейін, әлеуметтік және ме­дициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік-логистикалық жүйені жетілдіру секілді маңызды әрі ауқымды жұмыстарды атқаруымыз қажет», деді вице-премьер.

Өз кезегінде Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов 5 маусымда өткен референдум елде демократия институты нығайып келе жатқанын көрсеткенін атап өтті.

«Бұл маңызды саяси оқиға мемлекеттілікті демократиялық құн­дылықтарға негіздеп құруға деген бағдарымызды бекітті деп сенім­мен айта аламыз. Конституцияға енгі­зілетін өзгерістер – саяси рефор­малардың басы ғана. Елімізді жан-жақты жаңғырту жұмысы жалғасады. Партия жаңа жағдайға дайын. Елдің жетекші саяси күші позициясын сақтап қалу үшін Amanat-тың әлеуеті жеткілікті. Тәжірибелі саяси ойыншы және парламенттік көпшілік дауысқа ие партия ретінде нақты бәсекелестікке дайынбыз», деді Асхат Оралов.

«Егемен Қазақстан» Респуб­ли­калық газеті» ЖШС бас директоры Дархан Қыдырәлінің пікірінше, референдум демократиялық республикаға аза­маттық, ашық қоғамға және әді­летті елге жасалған нақты қадам бол­ды.

«Президент ұсынған реформалар бағыты қоғамда қордаланып қалған көкейкесті мәселелердің түйі­нін тарқатты, ал референдум өзге­рістердің басталғанын айқындайды», деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Мәжілістегі Amanat фракциясының мүшесі Юлия Кучинская референдум азаматтардың едәуір бөлігін саяси процестерге бойлап, елде болып жатқан өзгерістерді саралауына мүмкіндік берді деп санайды.

«Егер азаматтар қандай өзгерістер орын алып жатқанын, түзетулерді қабылдағаннан кейін олардың қандай мүмкіндіктері болатынын түсінбесе, өзгерістер тек қағаз бетінде қалып қоюы мүмкін», деп қосты Юлия Кучинская.

Парламент жанындағы Парла­ментаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетовтің айтуынша, реформалар бірінші кезекте мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Яғни, мемлекеттік биліктің стандартын жасауымыз керек. Стандарт болған жерде ғана тәртіп, ашықтық, жауапкершілік болады. Стандарт дегеніміз – жалпы ереже. Біз мем­ле­кеттік биліктің пәрменділігін арттыра­мыз десек, осы стандарттың төңірегінде жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», деді М.Махамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Talqylau диалог алаңын құру бастамасы Amanat партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.