Бокс • 13 Маусым, 2022

WBO белдігін сәтті қорғады

450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (17-0, 8 КО) кәсіпқой бокстағы кезекті кездесуін аргентиналық боксшымен өткізіп, жыл басында жеңіп алған WBO International белдігін бірінші рет қорғады. Сонымен қатар Ақтауда ұйымдастырылған аталған бокс кешінде 2019 жылғы әуесқой бокстан әлем чемпионы, бүгінде кәсіпқой бокс шаршы алаңында өнер көрсетіп жүрген жартылай ауыр салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов (5-0, 1 КО) кезекті рейтингтік жекпе-жегінде қарсыласынан басым түсті.

WBO белдігін сәтті қорғады

Жергілікті Adal Promotions компа­ниясының ұйымдастыруымен өткен Ақтаудағы дүбірлі доданың басты ай­қа­сында Мейірім Нұрсұлтанов пен ар­гентиналық Себастьян Орасио Папески шаршы алаңға шықты. 30 жастағы Папески 2014 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Ол бүгінге дейін 21 жекпе-жек өткізіп, оның 18-інде қарсыласын қапы қал­дырған. Тек үш кездесуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан. Арген­тиналық боксшы карьерасындағы 21 айқастың 20-сын өз елінде өткізген болса, былтыр алғаш рет шетелде жұды­рықтасты. Панамада өткен бокс кешінде ол мексикалық қарсыласын ұпай санымен жеңіп кетті. Шетелдегі екінші кездесуін Қазақстанда өткізген Себастьян Орасио бұл жолы сәтсіздікке ұшырап, тәжірибелі отандасымыздан оңбай жеңілді.

Орта салмақтағы WBO International белдігі сарапқа салынған Ақтаудағы айқас әуелде 10 раундқа жоспарланып, кездесу небәрі бесінші раундта мәресіне жетті. Бірінші раундтан бас­тап жекпе-жек тізгінін өз қолына алған Нұрсұлтанов қарсыласын бесінші үш минуттықта кескен теректей сұлатып салды. Аргентиналық бір бұрыштан келесі бұрышқа шегініп бара жатып отан­дасымыздың хук соққысын өткізіп алды. Мейірімнің оң қолымен жасаған жойқын соққысынан кейін Себастьян Ора­сио ұзақ уақыт есін жия алмай, төре­ші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.

Осылайша, Мейірім Нұрсұлтанов ақпан айында жеңіп алған орта сал­мақтағы WBO International бел­беуін алғаш рет сәтті қорғады. Бұл – отан­дасы­мыздың кəсіпқой бокстағы 17-ші жеңісі. 2016 жылдан бері кəсіп­қой рингте жұдырықтасып келе жатқан Мейі­рім осы уақыт аралығында 16 мəрте шаршы алаңға көтеріліп, барлы­ғында жеңіске жетті. Тоғыз бəсекесін мерзімінен бұрын аяқтаған еді.

Əуесқойлар арасындағы əлем чемпионы Бекзат Нұрдəулетов кəсіпқой рингтегі бесінші кездесуін қазақстандық боксшы Михаил Коханчикпен (4-1, 4 КО) өткізді. Әуесқой бокста да бір-бі­рімен жұдырықтасқан ескі таныс­тар бұл жолы кәсіпқой шаршы алаңда қолғап түйістірді. Екі бокс­шы 2017 жылғы бокс­тан Қазақстан чем­пионатының жар­тылай финалында жолығып, кездесу Бекзаттың жеңісімен аяқталған еді. Бұл жолғы айқаста да Нұрдәулетовтің мерейі үстем болды. Сегіз раундқа жос­парланған жекпе-жек­те Бекзат төре­шілердің бірауыз ше­шімімен жеңіске жетті.