Турнирде Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан құрамалары екі топқа бөлініп, сынға түсті. Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, қазақстандық ұлдар өз тобында Қырғызстан және Өзбекстан құрамаларын тізе бүктіріп, бірінші орынға ие болды. Қырғызстанмен болған матчта қазақстандықтар жұптық сында таразы басын өздеріне аударды – 2:1. Өзбекстанмен өткен ойында да алғашқы екі бәсекеден кейін есеп 1:1 болып тұрғанда жұптық сында Гиорги Брегвадзе мен Роберт Каминский супер тайбрейкте жеңісті қарсыластарынан жұлып алды – 6:7 (5:7), 6:2, 10:2.
Қыздар арасындағы бәсекеде жерлестеріміз алғаш Қырғызстан құрамасын 3:0 есебімен ойсырата ұтса, екінші ойында корт иелерін де дәл сондай нәтижемен жеңді – 3:0. Осылайша, іріктеу жарысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Өзбекстан құрамалары биыл жыл соңында елордада өтетін Азия чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.