Мемлекеттік тілді білу – парыз, өзге тілдерді үйрену – уақыт талабы. Рас, бұрындары ауылдан қалаға келген қазақ балалары орысша білмегеніне налитын. Орысша үйренбесе, өзін аш қалатындай сезінетін. Қазір мүлдем өзгеше. Көпшілік ұл-қыздарының ағылшын тілін үйренуін қажет деп санайды. Себебі, жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі әрқашан ашық.
Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – еліміздің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының алғашқы баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті жанға айналады. Атап айтарлығы, көпұлтты Қазақстанның жағдайында «Үш тұғырлы тіл» ұлттық жобасы қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы болып саналады.
Бүгінгі таңда ағылшын тілін үйрену – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Оған қоса, ағылшын тілін өте жақсы меңгерсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді кез келген жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің болады. Тіпті, оқуыңды бітірген соң, шетелде қалып, тәжірибе алсаң да тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, ағылшын тілін білу – бұл іскерлік қарым-қатынас жасаудың және әлемнің кез келген елінде бизнеспен айналысудың құралы. Қазақстандағы үш тұғырлы тіл саясаты – елімізді, оның әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үш тұғырлы идеясы бәсекеге қабілетті еліміздің ұлттық идеологиясының бір бөлігі болып та табылады.
Жалпы, үш тұғырлы тiл саясаты заман талап етіп отырған қажеттiлiк деп есептеп, оны игеруден шет қалмауымыз керек. Мектеп бағдарламасына ағылшын тiлiн енгiзу, әсiресе, iргелi ғылымға бастайтын пәндердi ағылшын тiлiнде оқыту ұлтты қандай бәсекеде болсын ұтысқа жетелейтiн ұтымды нұсқа деп ойлаймыз. Бiлiм мен ғылымның, экономиканың, бизнестiң, саясаттың, жалпы бәсекелестiктiң қарыштап дамып отырған бүгiнгiдей жаҺандану кезеңiнде Елбасы көрегендiк танытып, алдымызға үш тiлдi бiлу қажеттiгiн қойып отыр. Әсiресе, өскелең ұрпақ – жастар алдында бiрнеше тiл бiлу мiндетi тұр. Олай болса, ел азаматтарының парызы – ана тілін қадірлей отырып, өзге тілді білуге ұмтылу уақыт талабы деп бiлемiз.
Еңлік ЖАКУЛИН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика
факультетінің 2-курс студенті.